Тапсырма берген тажал кім?
Тапсырма берген тажал кім?
291
оқылды
Бүгінде біреудің бетіне  бақырая қарап, үңілсеңіз болды, табан астында ата салады. Немесе, ұстап алып, бір байға апарып құл сияқты сата салады. Сондықтан, журналист, тілші, блогер атаулы  лас қорада жүргендей ауыздарын орамалмен тұмшалап, айналасына алақ-жұлақ қарап жүреді. Ауыздарынан қанша сөз шыққанын санап жүреді. Кім білген-ай, қазір қалтасы қалыңдар әй-шайыңа қарамайды, басыңнана бір қойып, есіңнен таңдырады. Кейде олардың мылтығының дауысынан жаһан жаңғырады. «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, журналист Аманкелді Батырбеков шындықты айтып шырылдаймын деп бірнеше рет қанды шеңгелге шырмалған жан. Сонысына қарамай қоғамдағы қоқыстарға қарсы күресін тоқтатқан емес. Ол қарап жүрмей, былтыр қараша айында «Аты бар да заты жоқ» деген сын мақаланы постысына салды да жіберді. Сын материалда карантин кезінде ашылған «Алихан-2020» балалар бақшасы туралы айтылады. Оның жазуынша,  көрсетілген мекен-жайда ешқандай да балалар бақшасы жоқ. Сөйте тұра мемлекеттен 50 миллион теңгеден астам қаражат алынған дейді автор. Автор мұнымен де тоқтамай,  аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы туралы сериялы мақалалар жариялаған. Мұны неге айтып отырмыз? Биылғы 3 қаңтар күні түнгі сағат 23.00-тер шамасында журналистің үйіне киллерлер келеді. Олар әкесінен аумайтын Дінмұхамед Батырбековты нысанаға алады. Оқ оған екі рет тиеді. Жараланып жығылып жатқан оны біраз бақылап тұрған киллер сытылып шығып, жоқ болады. Бұл кезде әбігер болып жатқан үй іші  қаскөйлердің қайда кеткенін аңғармай да қалады. Дінмұхамедтің су ішерлігі бар екен. Құдай оңдап, әупіріммен аман қалды. Осы кезде Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары  Құрманбек Сақов басқарған ізшілер қаскөйлердің соңынан түскен болатын. Қаскөйлер тапсырманы орындап болған соң, іздерін суыту үшін Шардара ауданына қарай бет түзейді. Одан Арыс қаласы арқылы Шымкентке жетеді. Жеткен бойда олар 2 «ВАЗ» маркалы автокөлік сатып алады. Осы екі жігіт сол күні құрықталған. Олардан айғақты зат ретінде жеңіл автокөліктері мен патрондар тәркіленді. Жалпы, бұл қаскүнемдік шабуылға бес бірдей адам тартылған. Тапсырыс беруші журналистің өмірін 5 миллион теңгеге бағалапты. Бүгінде тергеу тобы тиісті тергеу амалдарын жүргізуде. Осы қылмыстық іс аясында қажетті процессуалдық әрекеттер іске асырылып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстың себептері мен барлық мән-жайлары анықталады деп күтілуде. Сонымен, тапсырыс беруші де, киллер де белгілі. Тергеушілер олардың аты-жөндерін іс сотқа өткен соң ғана ашық айтамыз деп отыр. Жәбірленуші күдіктеніп отырған аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы ма, әлде облыстық мәслихаттың депутаты ма, бұл арасын сот анықтай жатар. Біздің білетініміз- «қандай қылмыс көрсең де ауызыңды ашпа, артты қысқан бай болады» деген ғана. Зайырлы, демократиялы ел боламыз дейміз. «А» дегенді ата берсе, «б» дегенді бауыздай берсе,  түпкі мақсатқа жете аламыз ба? Мәңгілік Ел мұраты не?  Қатыгез қоғам қатыгез адамды тәрбиелеп шығармай ма? Қалай дегенде де, шындықтың бетіне тура қараған жөн. Құдай сақтасын, тағы біреу мылтық кезенбей тұрғанда қарамды батырайын...

 Сабырбек ОЛЖАБАЙ