Украина мен Ресей келіссөзі: қазір не белгілі?
Украина  мен Ресей келіссөзі: қазір не белгілі?
© REUTERS
241
оқылды
Белоруссияның Гомель облысында Ресей мен Украинаның арасындағы келіссөз үш сағаттан артық уақыт өтіп жатыр.  UNIAN агенттігінің мәліметінше, келіссөзге Мәскеуден президенттің көмекшісі Владимир Мединский, сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин, Мемлекеттік Думаның халықаралық комитетінің басшысы Леонид Слуцкий және Ресейдің Беларусьтегі елшісі Борис Грызлов барған. Киев жағынан қорғаныс министрі Алексей Резников, «Слуга народа» фракциясының басшысы Давид Арахамия, сыртқы істер министрінің орынбасары Николай Точицкий, президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк, жоғарғы рада депутаты Рүстем Умеров, үшжақты байланыс тобындағы Украина делегациясы басшысының бірінші орынбасары Андрей Костин бар. Кездесу алдында Белоруссия СІМ басшысы Владимир Макей келіссөзге қатысушыларға өздерін қауіпсіз сезіне алатындарын, кез келген мәселе шешілетінін хабарлады. Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович украиндық делегация келіссөздерде елден  Ресейдің барлық әскерінің, соның ішінде Қырым мен Донбастан шығарылуын талап еткенін айтты. Мәскеу келіссөздерге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Газета.ru мәліметінше, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге келіссөздердің мақсатын ашып айтқан жоқ.
"Келіссөздер тыныштықта өтуі тиіс. Біз тек оның бір күн бұрын басталмағанына өкініп отырмыз. Түнде басталуы мүмкін еді, біздің делегация дайын еді, оппоненттер тек қазір келді. Тағы қайталаймын, ештеңе алдын ала айтқым келмейді. Олар өздері бәрін айтады", - деді ол.
Украинаның Жоғарғы Радасының Telegram-арнасында сағат 19.48-де (елорда уақыты бойынша) келіссөздердің аяқталғаны туралы хабарлама тараған болатын. РИА Новости дипломатиялық ортадағы дереккөзге сілтеме жасап келіссөздер әлі де жүріп жатқанын хабарлаған. Бұған дейін Қазақстанның Украинадағы елшілігі тағы 34 қазақстандықты Киевтен Польшаға алып шыққанын хабарлаған болатынбыз.