Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қордай ауданында орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан үш адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы үш ер адам, олардың біреуі тәртіпсіздіктерге қатысқаны және ұрлық жасағаны үшін сотталды. Екіншісі - тәртіпсіздіктерге қатысқаны, тонау, қарақшылық шабуыл, мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін сотталды. Үшіншісі - жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін, екі және одан да көп адамды өлтіргені үшін сотталды.
"Сотталғандар кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: жәбірленушілер мен куәгерлердің, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдана отырып жауап алынғандардың айғақтарымен; сот-медициналық және басқа сараптамалардың қорытындыларымен; оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, олардың айғақтарын тексеру және нақтылау, беттестіру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", - делінген хабарламада.
Сотталушылардың бірі 6 жылға бас бостандығынан айырылды, екіншісі - 11 жылға, үшіншісіне 18 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды.