Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Мұхтар Ерман, Берік Оспанов, Берік Бекжанов және Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласының жастарымен кездесті.
М.Әуезов атындағы ОҚУ ғимаратында өткен кездесу барысында сөз алған Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов Қазақстан халқының 30 пайызын жастар құрайтынын, бүгінде жастар саясаты туралы заң жобасы қаралып жатқанын атап өтті. Бүгінгі жастардың Жаңа Қазақстанның болашағына үлес қосатынына сенім білдірді.
«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сөздеріне тоқталып, Президенттің еліміздегі жастардың шынайы мүмкіндіктері туралы ащы шындықты айтқанын еске салды. «Өкінішке қарай, жастар маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Өйткені олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін келтіріп, елдегі табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсініктің бар екенін нақты көрсетті.
Жарыссөзден соң жастар арасында еркін форматта сұхбат өрбіді. Жиналғандар көкейде жүрген сұрақтарын ортаға салып, дайындалып жатқан жастар саясаты туралы заң жобасына ұсыныстарын жеткізді. Бүгінде жастарды мазалап жүрген басты сұрақтардың бірі баспана мәселесі мен жұмыссыздық екені айтылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 14-35 жас аралығында 365 мыңнан астам жас тұрады. Яғни, халық санының 35 пайызын құрап отыр. 7 жоғары оқу орнында 76 мыңнан астам студент, 37 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 37 мыңнан астам жастар оқиды. Қалада 4 Жастар ресурстық орталығы, 173 жастар ұйымы, «Jas Otan» жастар қанатының 12 бөлімшесі жұмыс істеп тұр. «Nur Otan» партиясының 35 жасқа дейінгі мүшелерінің саны 8,3 мың жасқа жетті.