1 наурыз – «Nur Otan» партиясының күні. Себебі сонау 1999 жылы саяси ұйымның алғашқы съезі өтті. Кейінгі 23 жылда партия қатары артып, қуат жиып, электораттың сеніміне ие болып келеді. Алайда бұл әрбір партияға тән сын-тегеуріндерге толы ұзақ жол болды. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы демократиялық үдерістерге толы еді. Ол уақыттарда елімізде көптеген сала бойынша реформалар қолға алынып, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар құрылып жатты. Осы қым-қуыт кезеңде халық мүддесіне қызмет ететін, енді-енді екпін алып келе жатқан реформаларға қолдау көрсететін саяси ұйымның қажеттігі айқын сезілді.
Қоғамдық қозғалыс үлкен саяси күшке айналды
Естеріңізде болар, 1998 жылдың 21 қазанында Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау мақсатында қоғамдық штаб ұйымдастырылды. Осы қоғамдық қозғалыс 1999 жылдың 19 қаңтарында «Отан» республикалық саяси партиясы болып қайта құрылды. Сол жылдың 12 ақпанында партия Әділет министрлігіне тіркелді. Бұл күн партияның жұмысы басталған дата ретінде тарихта қалды. 1999 жылғы 1 наурызда жаңа партияның І құрылтай съезі өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев партияның Төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ Саяси кеңес пен орталық тексеру комиссияларының құрамы бекітіліп, Жарғысы қабылданды. Одан бөлек, съезд делегаттары «Отан» республикалық саяси партиясының, Қазақстан демократиялық партиясының, Қазақстанның Халықтық бірлік партиясының, «Қазақстан-2030 үшін» және Қазақстан либералдық қозғалыстарының бірігуі жөнінде қарар қабылдады. Жылдар жылжып өтіп жатты. 2002 жылы 9 қараша күні Алматы қаласында өткен «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отан» РСП-ға Республикалық еңбек партиясы мен Қазақстанның Халықтық-кооперативтік партиясы қосылды. Ал 2006 жылы 4 шілдеде Астана қаласында партияның кезектен тыс IX съезінде «Отан» РСП-ға «Асар» партиясының қосылуы туралы шешім шықты. Сол жылдың соңына қарай өткен кезектен тыс X съезде «Отанның» қанатының астына Азаматтық және Аграрлық партиялар кірді. Съезде басым дауыспен Қазақстанның жетекші саяси күшінің атауын «Nur Otan» Халықтық-демократиялық партиясы деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Партия құрылғалы бері оның идеологиясы екі маңызды мәселеге негізделді. Біріншіден, халықтың көп бөлігінің мүдделері теңдігін сақтау және азшылық түріндегі қоғамдық әртүрлі топтың мүддесін ескеретін консенсус ретінде центризм идеологиясына сүйену. Мұндай ұстаным халықтың көкейкесті мұқтажын жете түсінуге және оны оңтайлы шешуге мүмкіндік берді. Екіншіден, халықтың әл-ауқатын көтеру, қоғам мен мемлекетті дамыту, ұлттық құндылықтарды жандандыру жолында партия мемлекеттік саясатпен үндес болуды көздеді. Бұл саяси ұйымның креативті және ХХІ ғасырдың көшбасшы партиясына айналуына ықпал етті. «Nur Otan» партиясының тарихындағы ерекше оқиғалар ретінде Қазақстан Президенті мен Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша өткен науқандарды айтуға болады. Саяси ұйым 1999 жылдан бастап президенттік сайлау науқандарына қатыса отырып, электоралдық күрестің мол тәжірибесін жинақтады. Сайлаушылар арасында стратегия мен жұмыс тактикасын сауатты құра отырып, сайлаудың табысты болуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар саяси ұйымның Қазақстанның партиялық-саяси кеңістігіне енгізген ерекше жаңалығы ретінде 2019 жылы өткізген праймеризді бөле-жара атауға болады. Билеуші партия посткеңестік мемлекеттер арасында алғаш рет партиялық праймериз өткізді, оған 10 000-ға жуық партия белсендісі қатысты.Сайлаушылардың нық сеніміне ие болды
2019 жылғы 23 сәуірде өткен партиялық XIX съезде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті сайлауына партиядан кандидат ретінде ұсынылды. Осы жылдың тамыз айында Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жаңғырту бағдарламасы жарияланды. Партияның ХХ съезінде «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Ал «Jas Otan» жастар қанатының V съезінде жастардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Jastar Otanga» бағдарламасы бекітілді. Партия өз даму жолында бірнеше жаңғыру кезеңін бастан кешірді. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. 2022 жылы қаңтар айында өткен кезектен тыс съезде партия Төрағасы болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Президент партия дамуына қатысты бірнеше тапсырма қойды. Негізгі бағыт – «Nur Otan» партиясын жаңғырту. Бұдан бөлек, сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылау, мемлекеттік органдардың функциясын қайталамау, «Jas Otan» жастар қанатының қызметін жандандыру. Осы жылдар ішінде «Nur Otan» партиясы алға қойған міндеттемелерді толық орындады деп сеніммен айтуға болады. Партия Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын жүзеге асыруда қыруар жұмыс атқарды. Бұл саяси ұйымның беделін өсіріп, партия халыққа, халық партияға етене жақындай түсті. Партияның өңірлердегі мүшелеріне, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарына жергілікті жерлерде саяси бағдарламалардың орындалуын қадағалау, заңбұзушылықтардың алдын алу, басқа да көптеген міндет жүктелген. Олар депутаттық сауал, бағдарламалар әкімшілерін тыңдау, жергілікті бюджетті нақтылау тәжірибелерін пайдалана отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға ықпал етеді. Партия мемлекеттіліктің нығаюына, қоғамның бірігуіне және азаматтардың мүддесін қорғауға қызмет ететін саяси күш екенін дәлелдеп берді. Былтыр «Nur Otan» партиясының республика бойынша 238 қоғамдық қабылдау орнында 174 мың өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабылдау өткізілген. Оның 53 пайызы оң шешімін тапқан. Қабылдауда 75 300 адам болған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» партиялық жоба аясында 2,6 мың тақырыптық және көшпелі қабылдаулар өткізілген, оған 5,6 мың адам қатысқан. Қазір билеуші партияның ұйымдық құрылымы анықталған: 17 өңірлік және 248 аймақтық филиалы орталық аппаратқа бағынышты, 6 000-ға жуық бастауыш партия ұйымы белсенді қызмет атқарып келеді. Елдегі барлық әлеуметтік топтан құралған партия мүшелерінің саны 835 мыңды құрайды. Қорыта айтқанда, 1999 жылы «Отан» республикалық партиясының елдің саяси сахнасында пайда болуы Қазақстанның жалпы саяси-партиялық жүйесінің дамуына ықпал етті. Енді «Жаңа Қазақстанды» құруда белсенді саяси күшке айналмақ.