ҚФФ-да жаңа басшы: Әділбек кетіп, Әділет келді
ҚФФ-да жаңа басшы: Әділбек кетіп, Әділет келді
652
оқылды
Елордада Қазақстан футбол феде­рациясының кезекті ХХІ сайлау конференциясы аяқталды. Дауыс беру қоры­тын­дысы бойынша ең көп дауыс жина­ған Әділет Барменқұлов Қазақстан фут­бол федерациясының президенті лауазымына сайланды. Әуелде бұл қызметке бірнеше адам өтініш білдірді. Артынша олардың саны бесеуге дейін қысқарды. Үміткерлер тізімінде ҚФФ атқару комитетінің мүшесі және «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков, Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы және «Астананың» экс-бас директоры Давид Лория, ҚФФ атқарушы комитетінің мүшесі және балалар-жасөспірім­дер футболының атқарушы комитеті мен төрағасы Берік Қаниев, Қазақстан футбол әуесқойлары лигасының төрағасы футболшы Ерлан Жарылқасынов, ҚФФ атқару комитетінің мүшесі, «Қазақ­стан футбол федерациясы» қауымдастығы» президентінің кеңесшісі Әділет Барменқұлов болды. Сайлауда дауыс беру құқығына «Қазақстан футбол федерациясы» ҚАА мүшелерінің делегаттары, сондай-ақ ҚФФ атқару комитетінің мүшелерінен құралған 26 адам ие болды. Сон­дай-ақ аталмыш науқанға FIFA мен UEFA бақылаушы­лары қа­тыс­ты. Өңірлік футбол федерация­ларының дауыс беруі нәтижесінде Қазақстан футбол феде­рация­сының басшысы лауазымына негізгі үміткер саналған, ҚФФ атқарушы комитетінің мүшесі, кәсіпкер, қоғам қайраткері Берік Қаниев басты бәсекелесі Әділет Бармен­құловтан үш дауыс кем жинады. Ол 11 негізгі тармақтан тұратын сайлауалды бағдар­ламасында бұқаралық футболды, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға басымдық беруге, инфрақұрылымды дамытуда серпіліс жасауға, кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге, құрама командалар институтын жүйелі дамытуға күш салатынын көрсе­туге тырысты. Сондай-ақ басшы­лыққа сайланар болса, өңірлік федерациялармен өзара іс-қимыл процесін түбегейлі өзгертуді, кәсіби футболды қайта жүктеуді, футбол индустриясын цифрландыруды, мемлекеттік қолдау шараларын, транспаренттілік қағи­даты және футболдағы сыбайлас жемқорлықты жоюды, маркетинг стратегиясын әзірлеу және УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтас­тықты кеңейтуді қолға алатынын мәлімдеген. Бірақ Қаниевке сәл ғана дауыс жетпей қалды. Ал Қазақстан құрамасының сапын­да 17 жыл ойнап, кәсіби фут­болға 22 жылын арна­ған экс-қақпашы Давид Лория өз үн­деуінде Қазақстан футболындағы реформаны неден бастау керегін көрсетіп бақты.  Соның ішіндегі ең басты проблемалардың бірі инфра­құрылым мен адам капиталын дамыту мәселесі екенін айтқан. Әсіресе, балалардың футбол ойнауына жан-жақты жағдай жасайтынын, өйткені отандық футбол­дың іргетасы балалар футболын дамытудан басталатынын сөз еткен. Бірақ ел футболына жаңа леп әкелуге талпын­ған Лория сайлау кезінде бір ғана дауыс жинады. Бұған дейін «Қайрат» АФК-ның құрметті президенті, футзал және жағажай футболы ко­митетінің төрағасы, ҚФФ атқару комите­тінің мүшесі Қайрат Оразбеков еліміздің футбол қауымдас­тығына ашық хат жариялап, онда ол Қазақстан футбол федерация­сының президенттігіне өзін ұсы­нуға не түрткі болғанын түсін­дір­ген. Ол жұртшылыққа жолдаған үндеуінде футзалға 30 жылға жуық қаржы құйып келе жатқанын, бүгінде өзі басқаратын «Қайрат» футзал клубының әлемдегі үздік командалардың біріне айнал­ғанын айта келе, отандық футболды да қазіргі төмен деңгейінен жоғары көтеруге ұмтылат­ынын жеткізді. Алайда «Қайрат» АФК-ның құрметті президентіне сайлауда ешкім дауыс берген жоқ. Сол секілді тағы ҚФФ басшы­лығына үміткер болған бұқаралық футбол мен балалар футболына ерекше ден қоюды көздеген Ерлан Жарыл­қасынов та бірде-бір дауыс жинай алмады. Бес үміткер арасында ең көп дауыс (14) жинаған ҚФФ атқару комитетінің мүшесі Барменқұлов сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Әділет Назарбай­ұлы­ның 2021 жылдың жазында ҚФФ-ның бұрынғы президенті Әділбек Жақсыбековтің кеңесшісі болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар оның «Шахтер» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарғаны тағы бар. Қазақстан футболын реформалау және оны халық­аралық аренада жетістіктің теңдессіз жоғары деңгейіне шығаруды көздейтін ҚФФ-ның жаңа басшысы маңызды науқан алдында «Стратегия-2034» атты Қазақстан футболының 2034 жыл­ға дейінгі даму стратегиясын ұсынған болатын. Онда Бармен­құлов төрт басымдықты атап өтті. Біріншісі – ойыншыларды, жаттықтыру­шыларды және кәсіби футбол басқарушыларын оқыту/даярлаудың заманауи ұйымдары мен жүйелерін құру және толық қуатын қалып­тастыру. Екіншісі – қазақстандық кәсіби футбол реформасы: мемлекеттік қаржылан­дыру моделін өзгерту, кәсіби клубтарды жекешелендіру, ерлер мен әйелдер лигаларын жаңғырту. Үшіншісі – Қазақстанның қазіргі тарихын­дағы әлемдік деңгейдегі футбол таланттарының алғашқы буынын дайындау. Төртіншісі – халық­аралық аренада спорттық нәтиже­лерді түбегейлі арттыру. Соның ең негізгісі – Қазақстан құрамасын 2034 жылы өтетін Әлем чемпионатына шығару болды. ҚФФ Сонымен қатар ол сайлауалды бағдарлама­сында ел футболын­дағы бірқатар кемшілікті ашық көрсетті. Атап айтқанда, Қазақ­станда құрамалармен жұмыс кезінде белгілі бір философияға, қағидаттарға және стильге негізделген ұлттық футбол моделі кеңінен қол­данылмайтынын,  жат­тық­тырушыларды оқы­ту және лицензиялау жүйесі жете қамтыл­мағанын, лицензиялық курстар мен жалпы­ұлттық философия және ойын моделі арасында байланыс жоқ екенін бұлтартпас айғақ­тармен дәлелдеп берді. Отандық футболдың 90 пайыз мемлекет есебінен қаржылан­дырылатынын, клубтардың кәсі­би иелерін, спорттық және тех­ника­лық директорларын, жат­тық­тырушыларды, коммерция­лық директорларды, жарыс ұйым­дастырушыларын дамыту және даярлау жөніндегі бағдар­ламалар болмағандықтан, ел футболында басқарушы, спортшы, талдаушы және ұйымдас­тырушы таланттар тапшылығы сезіліп жатқанын да жасырмады.  Сондай-ақ футбол инфра­құры­лымы шағынаудан­дардың өміріне кіріс­тіріл­мегенін, оның орналас­қан жері мен сапасы қатысушы­лардың санын арт­тыруға ықпал ете алмайтынын, бұқара­лық футболды, оның ішінде әйелдер футболын дамыту бағдар­ламасы да жоқ екенін қа­пер­ге салды. Ендігі кезекте Әділет Назарбайұлына осы мәселе­лерді ше­шіп, ел футболы­ның көшін іл­гері­летуге тамаша мүмкіндік туып тұр. Жаңа қызметке тағайындалған Әділет Барменқұлов БАҚ өкіл­деріне арналған баспасөз мәсли­хатын­да футболдың дамуына мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қызығушылық болуы қажет екенін тілге тиек еткен. – Біздің міндет – мемлекет пен қоғам арасында тығыз байланыс орнату. Футбол ұлттық жобаға айналуы керек. Ол үшін стратегиялық құжат әзірлеуіміз қажет. Ол құжатта футболды дамытудың міндеті мен датасы нақты көрсетіледі. Министрмен кездесіп, нақты жоспарымызды ұсынамыз, – деп ағынан жарылды ҚФФ президенті. Біз Барменқұлов жайында  спорт журналистерінің де пікірін білдік. – Бұрын Қазақстан футбол федерация­сының президентін сайлау барысында осыншама үміткер саны болған емес. Әрқай­сысы да сайлауға өз бағдарламасы­мен келді, себебі ел футболымыз соңғы жылдары мүлдем дамымайды, құрамалар және клубтар біраз жеңіліс­ке ұшырады. Инфра­құрылы­мның деңгейі төмен, балалар мен жасөспірімдер футболымен ешкім айналыспайды. Сондықтан федерацияға жаңа адамдар келіп, өз идеяларын ұсынды. Мен үшін сайлау алдында үш анық фаворит болды. Олар – Берік Қаниев, Әділет Бармен­құлов және Давид Лория. Атал­ған адамдар бұқара­лық ақпарат құ­рал­дарына бірнеше сұхбат беріп, диалогке дайын екенін анық көрсетті. Жаңа президент осындай болуы тиіс, себебі жанкүйер­лер мен журналис­тердің сұрақ­тары көп. 14 дауыс жинаған Әді­лет Барменқұлов енді футболымызды алға сүйрейді деген үмітте­мін. Осы салада Алматы облысы­ның тумасы біраз уақыт жұмыс істеп келеді. Өткен жылдан бастап жаңа стратегияны жазып жүрген. Ел футболымыздың барлық проблемасын біледі, аймақтарды да аралап, адамдармен сөйлесті. Осы адамға мүмкін­дік беріп, қолдау көрсетуіміз керек. Біршама өзгеріс болады деп ойлаймын. Қалғанын уақыт көр­сетеді, – дейді спорт журналисі Ербол Каиров. Тағы бір спорт журналисі Бек Төлеуов те жаңа басшыдан батыл шешімдер күтетінін айтып отыр. – Жалпы, үміткерлердің ешқайсысы ұнамаған еді. Бірде-біреуіне жақтаспадым. Өйткені әрқайсысының өзіндік кемшілігі бар. Сол бесеудің ішінде жеңілген төртеуге тоқталудың мәні жоқ шығар.  Ал жаңа президент Барменқұлов көпшілікке аса танымал емес. Соңғы кездері ҚФФ президентінің кеңесшісі болыпты. Сондықтан жақын арада күрделі өзгеріс болады деп ойламаймын. Өйткені осы жүйеде жүрген адам. Ал егер біздің ойымызды өзгертіп жатса, қуанамыз. Елдегі футболдың мәселелері белгілі. Соның кемі 30 пайызын шеше алса да жаман болмас еді. Бастысы, батыл шешімдер қабыл­даудан қорықпасын, – дейді ол. Қысқасы, 2022 жыл қазақ фут­болы үшін үлкен өзгерістермен бас­талды. Қазақстан футбол федерациясынан Әділбек кетіп, Әділет келді. Барменқұловтың басшылыққа келуі отандық фут­болға пайдасын әкелгей. Аталған маман көптің тілеуін орындап, федерацияның жұмысын ретке келтіріп, ел футболын дағдарыс­тан шығаруға еңбек сіңірсе дейміз. Себебі жанкүйерлер енді Қазақ­стан футболында оң өзгеріс­тер болғанын қалайды.