Таяуда Алматы тұрғындары митингке шығып, қаладағы ауаның ластанып, экологиялық ахуалдың ушығып бара жатқанын айтты. Экобелсенділердің талабын жөнсіз дей алмаймыз. Былтырдың өзінде осы қалада 107 мың тонна зиянды зат ауаға тараған. Ал жылу электр орталықтары 90 жылға жуық уақыттан бері көмір жағып келеді. Көліктің көптігі тағы бар. Демек, экологиялық ахуал алаңдататын жөні бар. Мамандар жағдайдың біз ойлағаннан да ауыр екенін жеткізді. Себебі елде лас ауаның кесірінен түрлі дертке шалдыққандар көбейе түсуі мүмкін.
Көрші елдердің бәрін артқа қалдырдық
Ел аумағында өнеркәсіп артып, жылу энергия орталықтары газға көшпей, автокөліктер көбейген сайын ауа қабатына қосылатын улы газдар да еселенді. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан бойынша жыл сайын түрлі стационарлық көздерден 2,5 млн тонна, ал көлік түтінінен 1 млн тонна улы газ атмосфераға таралады. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының 2018 жылы жасаған мониторингіне сенсек, халқымыздың 30 пайызы немесе 5 миллионнан астам қазақстандық атмосфералық ауасы ластанған аймақта өмір сүріп жатыр. Оның үстіне, 2 млн қазақстандық шамадан тыс ластанған жерлердің аранында тұр. Сол жылы Қазақстанның 13 өңірінде ауаның өте лас екені анықталды. Қазақстан осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қойғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азайтуы тиіс. Яғни, парниктік газдар, соның ішінде көмірқышқыл газын мүмкіндігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 пайызға түсіруі тиіс. Бірақ бұл мақсаттың орындалатынына сенім аз.
2017 жылы эко-белсенді Павел Александровтың бастамасымен елімізде ауаның ластану деңгейін анықтап отыратын Аirkaz.org жобасы іске қосылды. Бұл жоба қазір де жұмыс істейді. Біз аталған сайттың Қазақстандағы қалаларда ауаның ластану деңгейіне жасаған зерттеуін шолдық. PM-2.5 көрсеткіші (ауа құрамындағы қауіпті бөлшектер) бойынша елімізде ең ахуалы нашар қалалар көшін Нұр-Сұлтан бастап тұр. PM-2.5 көрсеткіші бойынша 377-ге жеткен. Екінші Өскемен қаласы – 250. Ал біз сөз еткен Алматы қаласы 197 межесінде. Жалпы, PM-2.5 көрсеткіші бойынша 150-ден асқан аймақ қауіпті саналады. 400-ден асқан болса, экологтер мұны апатқа балайды. Жаңағы біз айтқан 3 қаланың көрсеткішіне қарап, қауіпті болжай беріңіз. Бұл – түскі уақыттағы көрсеткіштер. Кешкі 21.00-ден кейін ластану деңгейі тіптен көбейеді.
2020 жылдың көктемінде, яғни пандемия кезінде Алматы қаласында көлік көші азайып, қала тынышталып қалған болатын. Сол кезде көпшілікті таңырқатқан бір оқиға болды. Дүниежүзілік ауа ластану деңгейін көрсететін iqair.com сайтында Алматы қаласы «жасыл деңгейге» шықты. Ауа тазарғанының айғағы болатын. Демек, қаладағы автокөліктердің өзі қанша зиян тигізіп тұрғанын ойлаңыз. Ал қазір осы сайтта Алматы қаласы «қызыл деңгейде» тұр, PM-2.5 көрсеткіші бойынша 167 межесінде, «ауасы лас» деп жазылған. Нұр-Сұлтан қаласының ахуалы тіптен нашар. 214 көрсеткіште, «ауасы өте лас» деп бағаланған. Осы тұста көрші елдердің қалаларын да шолған едік. Iqair.com сайтында Ресей астанасы Мәскеудің көрсеткіші 41-де, «сәл ластанған» деп тұр. Көршіміз Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласы – 89 «орташа», Өзбекстанның бас қаласы Ташкент – 105 «ортадан сәл жоғары» деңгейінде екен. Яғни, біздегі қалалардың жағдайы тым нашар, ауа әбден ластанған. Шамасы, бұл көрсеткіш жауаптылардың экологияға аса бір көңіл бөлмей отырғанын аңғартса керек.
Көмір түтініне «көміліп» жүрміз
Алматыдағы жылу электр орталықтарын газға көшіру жайы көптен бері айтылып жүр. Бірақ жедел іске асар түрі жоқ. Жауаптылар асықпай ма әлде қаржы жағы қолбайлау ма, бізге беймәлім. Әйткенмен осы жоспар жүзеге асса қаланың экологиясы біршама оңалар еді. Экология министрлігі бұны ескермей отырған жоқ. Талай талқы болған. 2020 жылы Экология минстрлігі Алматыдағы ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3 жылу орталығы қаланың экологиясын құртып біткенін сынға алды. Көп ұзаған жоқ, ізін ала жауапты мекеме өкілдері тез арада «көгілдір отынға көшетінін» жариялап, ақталғандай болған. Егер жұмыс жоспарға сай жүргізілсе, 2024 жылы ТЭЦ-2, ал 2024-25 жылдары ТЭЦ-3 жылу орталығы толықтай газға көшірілетіні хабарланды. Ал оған дейін кейбір мамандар ТЭЦ-2-ні газға ауыстыру мүмкін емесін, өйткені қала сейсмикалық аумақта орналасқанын айтқан. Экология министрлігінің дерегіне сенсек, жыл сайын ТЭЦ-2-ден 33 мың, ТЭЦ-3-тен 12 мың тонна зиянды зат ауаға тарайды.
Былтыр қарашада Энергетика министрі болған Мағзұм Мырзағалиев 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орталықтарын газға ауыстыру жобасы аяқталатынын айтты. Ал Алматы қаласындағы 3 жылу электр орталығын газға ауыстыру жобасы 2026 жылға дейін бітетінін хабарлаған. Қош, бірақ бұнымен ауамыз тазарып кете қоя ма? Экобелсенділер көгілдір отынға көшу проблеманы толықтай шешеді дегенге дәмеленуге болмайтынын айтып отыр.
Көгілдір отынға көшу мәселені шешпейді
Қазір ең негізгі мәселе – жылу электр стансалары бөлетін зиянды қалдық болып тұр. Кәсіпорындар мен автотрафик жағы да бар. Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату жайы да оңалмады. Тарихи проблемаға айналғаны анық. Ал «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы филиал басшысы Әсел Ділдәбекова қазіргі қарқынмен экожүйе өзгермейтінін жеткізді. Қызығы сол, экобелсенді «газға көшу әзірге тиімсіз» деп ойлайды. Дегенмен дәлел-дәйегі де жоқ емес.
– Біріншіден, көгілдір отынға көшсек, бәрі шешіледі деу жансақ пікір. Одан да улы заттар тарайды. Жылу электр стансасын салу үшін шамамен 5 жыл уақыт кетеді, 2 млрд АҚШ доллары керек. Ал 5 жылдың ішінде халық лас ауаны жұтып, онкологиялық, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыға береді. 2 млрд долларды бір ғана станса құрылысына құрту жөнсіз, бізде бұдан да басқа әлеуметтік мәселелер сансыз. Оның үстіне, Алматыда станса салынатын жердегі 2 мың ағашты кесу ойластырылған екен. Екіншіден, елімізде газ тапшы. Дефицит барын «Қазтрансгаз» өкілдері мойындаған. Әр жылу электр стансасы жылына кем дегенде 1,2 млрд текше метр көгілдір отын тұтынады. Бұның қажеті жоқ, тым үлкен көлем. Үшіншіден, қаңтарда Алматының Экология департаменті халыққа 2020 жылы қабылданған құжатты таныстырып, экология бойынша «Жол картасының» есебін тыңдатты. Сонда жеке секторларды біртіндеп көгілдір отынға ауыстыру айтылған. Бұл да мәселені шешпейтіні анық. Төртіншіден, «Париж» келісіміне сай, біз жылу электр стансаларын жел, күн электр стансаларына ауыстыруымыз керек еді. Улы заттарды азайту жөніндегі талапты орындап үлгермейтін сыңайымыз бар, – дейді экобелсенді.
Енді не істемек керек? Ділдәбекованың айтуынша, елдегі Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, Катализ және Электрохимия институты шығарған жаңа технология бар екен. Нейтрализатор ауаға шыққан түтінді сүзгіден өткізіп, 98 пайызын тазарта алады. «Көгілдір отынға ауыспай-ақ осыны қолданса жарайды» дейді ол. Қазір отандық ғалымдар мен экобелсенділер технологияны билік өкілдерінің алдында сынақтан өткізіп, нәтижесін көрсетуге әзір отыр. Демек, дәлелдеуге даяр. Ол үшін Алматы әкімдігі мен Үкіметке хат жіберген. Әзірге жауап жоқ. Әйтпесе экобелсенділер шығынды үнемдеп, тиімді жолды нұсқауға септігі тиерін айтып отыр.
ТҮЙІН:
Не десек те, биыл жылу электр орталықтары көгілдір отынға ауысып үлгермейтіні анық. Яғни, ауамыз биыл тазармайды. Газға көшудің қыруар шығын екеніне көзіміз әуелден жеткен. Енді осы мәселелерден арыла алмай жүріп, экожүйені бүлдіріп алдық. Билік алдағы уақытта экобелсенділердің ұсынысын қарастыра жатар. Ал бізді бір сауал мазалайды: «Париж» келісімін орындауға шамамыз жете ме? Қазіргі қарқынмен біз ауадағы зиянды қалдық мөлшерін азайта алмасымыз анық. Бұл мемлекеттің абыройына да нұқсан келтірмей қоймайды.