Әр адамның тағдыры сияқты мемлекеттің де тарихы әртүрлі екен.
Біздің байтақ даламызға, бай кен орындарымызға көз тікпеген алып мемлекет жоқ шығар.
Сол тағдырдың жазуымен біз 70 жыл Кеңес одағының құрамында болдық. Басымыздан өткен талай тағдырдың арқасында жақсыны да, жаманды да көрдік:
– білімді елге айналдық, бірақ «қазақи бала – бала емес, нанын тауып жей алмайды» деген қағиданы ұстанып тілімізден айырылып қала жаздадық;
– интернационализм мәдениетін насихаттап, ұлттық кодымыздан айырыла бастадық;
– атеизмді ұстанамыз деп рухани байлығымыз – ата-бабаларымыз өсиет еткен дінімізден алшақтадық;
– «5 жылдықтың жоспарын 3 жылда орындаймыз» деп жеріміздің құнарлығын азайтып, тоздырып жібердік.
Айта берсек көп екен, дегенмен біз қазаққа тән асыл қасиеттеріміз – жарымжанға демеу болу, қиналғанның жанынан табылу, көрші мен достық сертін бұзбау сияқты қағидалардан аттамадық.
Тағдыр жазып, біздің жерімізді Кеңес үкіметі түрмеге айналдырды. Тек 1937-1944 жылдардың аралығында қазақ жеріне ата-бабасының табаны тимеген 62 ұлт жер аударылды. Олар жау емес, саясаттың құрбандары болатын.
Ол кезде қазақтың да жағдайы керемет емес – 31-жылдардағы ашаршылықта қырылып қалған халықтың аман қалғаны жоқтан бар қылып өмір сүріп отырған кезі.
Соған қарамастан алыстан жолдан әлсіреп, әділетсіздіктен түңіліп, өмірге деген үміті үзілген өзгелерді, ондай ұлттардың бар екенін ешқашан естімеген қазақтар жатсынбай қарсы алды. Қазақтың қара қазанында қайнаған қара суды бөліп ішіп, сол адамдар аман қалды.
Бір кәріс ұлтының қария әжесі «Қазақтар болмағанда біз тарихтың топырағына айналар едік» деп қазақ халқына бас игенін көрдім. Ол рас, бұл туралы аңыз қылып айтып жүрген үлкен кісілер аз емес.
Міне, солай қазақ жерінде тағдыр қосқан ұлт пен ұлыстар бірге жүріп, 91- жылы тәуелсіздікке жеттік.
Кеңес мемлекетінің шырмауынан шығу оңай болған жоқ. Аяғына тұрмаған жас мемлекетке көз тіккендер өз саясатын өзге ұлттар арқылы (тарихи отандастары) жүргізуді көздеді. 100-ден астам ұлты бар мемлекеттің шырқын бұзып - бөліп алуды армандады.
Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде жас мемлекеттің басына келген басшы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев кемеңгерлік шешім қабылдады. Неге кемеңгерлік екенін түсіндірейін.
70 жылдық кеңестік кезеңде ешбір ұлттың өз тарихын зерделеуге, білуге мүмкіндігі болмады. Білгені – оны ұрпағына айтуға қорқатын. Бұл жағдай баршамызға, қазаққа да, өзге ұлт өкілдеріне де ортақ.
Міне, сондықтан біз тәуелсіздік алғаннан кейін ең алдымен «Қазақ тілі» қоғамдарын құрып, өз салт-дәстүріміз арқылы тіліміз бен ділімізге бас бұрдық.
Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Жар басындағы аңшының зары» деген диалог-кітабы бар. Сол кітапта Шыңғыс аға «Мұхтар, осы мемлекет дегеніміз не?» деп сұрақ қояды. Ал Мұхтар аға «Мемлекет үш құрылымнан тұрады – тарих, мәдениет, тіл. Бірақ егер тіл сақталмаса, онда алғашқы екеуі де жойылады» деп жауап береді.
Екіншіден, өзге ұлт өкілдеріне қоғамдық бірлестіктерге бас біріктіріп, тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерделеуге мүмкіндік берілді. Сондағы мақсат – тамырына үңіліп, өзінің кім екенін таныту. Себебі қазақта «өзінің кім екенін білмеген адам өзгені де сыйлай алмайды» деген ұғым бар.
Бұл шешім нәтиже берді – өз тарихын білу арқылы әр ұлыс қазақ жеріне қалай келгенін, кімнің арқасында аман қалғанын білді. Білім – қашанда рухани байлық. Міне, осы білім өзгелер мен қазақтың арасындағы достықты нығайта түсті. Ешбір мәжбүрлеусіз Отанының алдындағы парызды түсіндірді, негізгі ұлтқа деген сыйластығын арттырды.
Міне, осылай 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Жылына бір рет этномәдени бірлестіктердің басшыларын, қоғамның зиялы қауымын, Үкімет мүшелерін, Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілерін жинап сессия өткізіледі. Ол жерде Ассамблеяның төрағасы – Мемлекет басшысы еліміздің дамуына қатысты өзекті мәселелерді баяндайды және міндеттер қойылады, тапсырмалар беріледі.
Өзге ұлт өкілдері басшыларының алдына қойылатын міндет – айтылған тапсырмаларды өз ұлысына жеткізу, түсіндіру және орындауды ұйымдастыру.
Ассамблеяның сессиясы – ұлттық тәрбие сағаты. Бұл – қазаққа рақмет айту арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, ұлтына қарамастан елге еңбегі сіңген азаматтарды үлгі ретінде таныту, қоғамымыздың жақсылығын паш ету, ортақ Отанға қызмет істеуге ұйыстыру шарасы.
Әр сессияда сөз сөйлейтін өзге ұлт өкілдері міндетті түрде қазақ жеріне келген тарихына тоқтайды. Көп адамдар таңғалады – неге осыны қайталай береді деп. Қайталау қажет, себебі – кешегі қиыншылықты бірлесе еңсерген ұрпақ азайып барады. Ал тәуелсіз елде еркелеп өскен жастар ол тарихты білмейді, білмегендіктен бүгінгі қоғамдағы ауызбіршілікті бағалай алмай қалуы мүмкін деген қауіп бар. Көрші Ресейде кеше Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданында фашистермен соғысқан аталардың немерелері бүгін Отанының жүрек тұсында – Мәскеуде фашистік ұйымдар құрып, соны насихаттап отырған жоқ па? Олай болса, бас-басымен бытырамай, тарихи Отанының бағытымен кетпей, бір ұйымның бастамасымен ұйымдасып отырғандығы артық емес пе?
Егер әр этномәдени бірлестік әр жерде жеке отыратын болса, сырттан келер әсердің жетегінде кету қаупі бар емес пе? Сондықтан Ата Заңымызға сәйкес өз мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын үйренуге мүмкіндік жасалды.
Достық үйі – бірлік үйі.
Достық үйлерінің қажеттілігіне келетін болсақ, бұл – ортақ бағытта жұмыс істеуді ұйымдастыру мақсатында құрылған мекеме.
Жиналыс өткізуге арналған, хореографиялық, вокалдық, қолөнер, тағы басқа кабинеттер кестеге сәйкес жұмыс істеп, бірлескен тарихи музей, көрме залы, кітапхана болуы жұмысты жүйелеу үшін қажет. Ал аптасына бір-екі рет келетін қоғамдық ұйым басшыларына жеке кабинетті жасап, жауып қою қажет емес. Ұйым басшысы өзін емес, мемлекет дамуына үлес қосып жатқан ұлтын, сол ұлттың асыл азаматтарын көрсетуі керек. Басшы болу үлкен жауапкершілік – Қазақстан бойынша, өз өңірі бойынша ұлтына ақсақалдық жүргізу, сөзін өткізу, ұйымдастыра білу дегенді білдіреді. Көшбасшылар туралы пікір жалпы сол ұлт туралы пікір болып қалыптасады. Бұл жұмыстың басы-қасында жоқ қаншама ұлт өкілі де сол «шапанның» астында қалады. Олай болса, басшы болған азамат өз ұлысын толығымен тануы қажет. Себебі олар үшін жауап береді.
Тарихқа үңілсек, әлемнің барлық мемлекеті, барлық басшысы әрдайым бірлік формуласын іздейді екен. Себебі бірлік – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Қазақстан бірлік формуласын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымы арқылы іске асырып отыр.
Бүгін бұл ұйымның қажеттілігін халықаралық ұйымдар да, алып мемлекеттер де мойындады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтасу ұйымы (ОБСЕ) Ассамблеяның қызметін зерттеп, зерделеп, өзінің құрамындағы 56 елдің тіліне аударып, таратты. Сонда шығарған қорытындылары туралы айтқанда ұйым төрағасы «Бұл институт Еуропада жұмыс істеу үшін қазақтарды көшіріп алуымыз керек», – деп ұлтымызға баға берді.
Ал әр ұлтқа санына қарай пайызбен өлшеп құқық берген Ұлыбритания өз қатесін мойындады. Қазақстан сияқты ұлтына қарамастан тең құқық пен қатар тең жауапкершілік арту ғана халықтың бірлігіне негіз болатынына көзі жетті.
Негізі, біз бір мемлекетті құрайтын бір халықпыз бәріміз. Кететіндер кетіп, Қазақстанның Конституциясымен өмір сүремін дегендер қалған. Иә, біз бәріміз әртүрліміз. Тіпті, бір қазақтың өзінің тұратын өңірі, өскен ортасы, руына қарай мінез-құлқы әртүрлі. Ұлттар мен ұлыстар да солай. Бірақ мемлекеттің негізін құраушы ұлт – қазақтар, бұл ортақ баған, тірек. Басқалардың да мәдениетті болуы сол негізгі ұлтқа байланысты. Қазақтар қазақша сөйлесе, онда басқалар да сөйлейді, мысалы, Өзбекстандағы сияқты. Сондықтан да қазақтардың үлгілі болуы қоғамның үлгілі болуы үшін қажет. Бұл – біздің алдымызда – мемлекет құраушы қазақ ұлтының алдында тұрған міндет.
Қазақстанды әлемдік өркениетке бейбітшілігімен танытқан, тұрақтылығымен инвестицияның құйылуына негіз болған, ұлттың ұйысуына себепші болып отырған бұл институт негізінен қоғам үшін, еліміздің болашағы үшін қажет. Тұрақтылық пен бейбіт өмірдің құнын кешегі өткен «қаңтар қасіреті» баршамызға да түсіндіріп өтті деп санаймын.
Аналар жыламау үшін тәрбиелі ұрпақ өсу керек. Ассамблея құрылымдарын достық тәрбиесінің мектебі ретінде еліміздің әр азаматы қолдануына жол ашық.
Біз жоқ жерден жау іздемейік. Ауызбіршілігіміз мықты болса, керегеміз кең, шаңырағымыздың шаттығы мол болары сөзсіз.
Нәзипа ШАНАИ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі,
Қазақстан халқы Ассамблеясы
Аналар кеңесінің төрайымы