Украинаға шабуыл жасаған Ресей қазір құрсауда. Батыс елдері 24-ақпаннан бері Ресейге санкцияларын бірінен кейін бірін жариялап жатыр. Санкциялардың екінші пакеті ресейлік банк нарығына, мемлекеттік компанияларға, қорғаныс секторына соққы болса, көршімен бір экономикалық одақта кіндігі байланған Қазақстанның жағдайы не болмақ? Санкция бізге де жанама түрде зиянын тигізе ме?
БЕЙТАРАП БОЛУ КЕРЕК ПЕ?
Ресейге алғаш болып қатаң санкциялар енгізген АҚШ пен Ұлыбритания. Уашингтон мен Лондон Еуроодақ сияқты Мәскеуге қарсы бір емес, бірнеше шектеу шарасын қабылдады. Ресейге санкция салғандардың қатарында Аустралия, Канада, Жапония да бар. Канберра Ресейдің 62 компаниясы мен ірі банктеріне және жеке азаматтар мен олардың отбасыларына шектеу енгізсе, Оттава Ресейге тауар тасымалдайтын барлық канадалық компаниялардың лицензияларының күшін жояды. Ал Жапония ресейлік банктердің капиталын бұғаттап, виза беруді тоқтатпақ.
Көрші елге бағытталған санкциялар Қазақстанға оңай тимейтінін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың өзі де мойындап отыр. Министрдің сөзінше, теңгенің айырбас бағамы рубльге қатысты тым күшейіп кетсе, бұл да 2014 жылғыдай кері әсер етеді. Бәрі қайтадан Ресейден әкелінеді, экспортымыз зардап шегеді.
Соғыс басталған 24 ақпаннан бері теңге рубльмен бірге құнсызданғанын білеміз. Ресей әскери операциясын бастаған алғашқы күні Қазақстан қор биржасында бір доллар 452 теңгеге бағаланды. Валюта айырбастау пункттерінде 470-472 теңгеден сатылды. Жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтерді. Сондай-ақ валюталық интервенция жасау үшін 104 миллион доллар бөлінді.
2014 жылдың соңында мұнай бағасының арзандауы мен Батыстың санкциясы әсерінен Ресей рублі бұрын-соңды болмаған қарқынмен құнсызданған. Соның салдарынан Ресейдегі рубльмен есептелген автокөліктер бағасы долларға шаққанда күрт арзандап, Қазақстаннан Ресейге көлік іздеп барушыларды көбейткен. 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген ЕАЭО келісімі де Қазақстан азаматтарының Ресеймен еркін саудасына жол ашқан. Ресейде рубль арзандағалы және ЕАЭО келісімі іске қосылғалы Қазақстанда жасалған көліктердің сатылуы 60 пайызға кемігенін сол кезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы болған Абылай Мырзахметов те мәлімдеген еді.
Бірақ бұл жолғы санкциялардың салдары елімізге 2014 жылғымен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Себебін түсіндірген экономист Марат Қаирленов теңгенің құнсыздану жағдайында қолдан келер шара жоқ деп отыр.
«Біз Ресейге экспорттап келсек, енді оған сұраныс болмайды. Қосымша доллар, еуромен төлем жүргізуге шектеу бар. Сондықтан жағдай ушығады. Келесі жылы өмір сүру деңгейі төмендейді. Инфляция болады. Мұнай саудасы доллар арқылы іске асады. Олар сауда жасай алмайды. Мәселен, оларға шикізат берсең, олар доллармен төлем жібереді. Ал сен ол ақшаны пайдалана алмайсың. Валюта бағамын өзгерту қолымыздан келе қоймайды. 1 рубль 6 теңге болса, оны 3 теңгеге дейін түсірсе, тауар арзандайды. Бірақ елімізде жұмыссыздық белең алады», – дейді ол.
Иә, бірінші кезекте елдің валюталық және мұнай нарығы соққыға жығылады. Сонымен қатар біздің мұнай Каспий құбыры арқылы сатылатынын ұмытпау керек. Егер санкциялар энергетикалық эмбаргоға әсер етсе, яғни Ресейден мұнай мен газды сатып алуға тыйым салынса, бұл бізге де әсер етеді.
Санкция салдарынан Ресей бұл тауарларын енді бұрынғы бағамен бере алмауы мүмкін. Валюта тапшылығына ұрынатындықтан, ол сыртқа шығаратын тауарларына бағаны көтереді. Бұл бізді одан әрі кедейлендіре түспесе, байытпайтыны анық. Екінші жағынан, экспорттайтын тауарларымыз да Ресей арқылы өтіп жатыр. Олардың транзиттік бағасының күрт өспейтініне еш кепілдік жоқ. Еліміздің экономикасы мен Ресей экономикасы тығыз байланыста болғандықтан, санкция салдарын алдын алу мүмкін емес деген тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев та ойымызбен келісіп отыр.
«Бізде тек қана бейтараптықты сақтау қажет. Солай бізге санкция салынбауын алдын ала аламыз. Біз Ресейден импорттауды азайтуымыз қажет. Біз олардан көбіне азық-түлік пен өңдеу өнеркәсібіне қажет тауарларды импорттап аламыз. Қазір дүкен сөрелеріндегі әр екінші тауар Ресейден әкелінген», – дейді А.Чеботарев.
Енді не істемек керек? Экономист Марат Қаирленовтің сөзінше, жалғыз әрі тиімді шешімі – Еуразиялық экономикалық одақтан шығу.
«Елімізге ешқандай да пайда әкелмеген, қайта орынсыз шығындарға батырған Еуразиялық экономикалық одақтан шығуға талпыну керек. Бірақ әзірге бізді шығара қоймайды. Қазір Ресей санкцияның астында қалып отыр. Тың технологиялар өндіруі екіталай. Олар 90-жылдардағы мәселелерге тап болуы мүмкін. Одан шыға қоюымыз да оңай болмайды. Осылай жалғасса, инфляция халықтың әлеуметттік жағдайына қатты әсер етеді», – деді ол.
SWIFT САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?
Еуроодақ, АҚШ пен Канада Ресейді SWIFT төлем жасау халықаралық жүйесінен айыруға келісті. Оны әлемнің барлық дерлік мемлекетінен 11 мыңнан аса ұйым қолданады. Әрине, балама жүйелер бар. Дегенмен SWIFT шетелдік валютамен аударым жасаудың негізгі жолы саналады. «Россвифт» дерегі бойынша, 2020 жылы жүйе арқылы 9 миллиардтан аса хабарлама өткен. Соның 143 миллионы – Ресейдің үлесіне тиесілі. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, SWIFT-ке көрші елдің 48 қаласындағы 291 банк қосылған.
SWIFT ешқандай елдің үкіметіне бағынбайды және оны санкция құралына айналдыруға қарсы. Әйтсе де, компания Еуроодаққа мүше – Бельгия мемлекетінде тіркеліп, сонда орналасқандықтан, Еуроодақ шығарған ортақ шешімге бағынуға, яғни санкцияға ұшыраған елдің банктерін жүйеден аластатуға мәжбүр.
Ресей SWIFT жүйесінен толық ажыратылса, санкция тізіміне енген ресейлік банк салымшылары шетелдерге ақша аударымдар жасай алмайды. Халықаралық төлемдер де тоқтайды. Visa және Master карт қолданушыларына шектеу болмауы тиіс еді. Десе де, Маster карт қара тізімдегі банк карталарының шетелдердегі қаржы операциялары тоқтатылатынын мәлімдеді. Ресей төңірегінде ғана қолдануға болады. Бұл шектеулер Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымын кідіртіп тастауы ықтимал. Себебі Ресей – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі. Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 20 миллиард доллардан асады. Егер Ресей халықаралық төлемдер жасай алмаса, көрші елден импорт көлемі азайып кетуі мүмкін.
Дегенмен қазір кесіп айтуға әлі ерте. Себебі бұрын-соңды болмаған оқиғалар болып жатыр, әлем бұрын-соңды мұндай тәуекелдерге тап болған емес. SWIFT-тен ажырату енгізілген санкциялардың азғана бөлігі. Біз көршілер ретінде белгілі бір пайда көреміз. Бірақ бұл пайда біздің экономикамызға қауіп төндіретін шығындармен салыстырғанда мардымсыз болады. Теңгенің күрт девальвациясы. Тәуекелдің жоғары болғаны соншалық, ұзақ жылдар ішінде алғаш рет таңертеңгі валюталық сауда-саттық уақыты 15.00-ге ауыстырылды. Теңге айтарлықтай құнсыздануы мүмкін деген болжамдар бар. Экономист Ерлан Ибрагим да ойымызды қуаттап отыр.
«Ұлттық банк алдында теңгенің долларға шаққандағы бағамын теңдестіру және ресейлік рубль бойынша теңгерімсіздікті болдырмау міндеті тұр. Шекараларды жабу мүмкін емес, Еліміздің ЕАЭО-дан оңай шығуы екіталай. Қазір барлығы Ұлттық банктің іс-әрекетіне байланысты. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы қандай деңгейде қалыптасады және рубльдің долларға шаққандағы нарықтық бағамын негізге ала отырып, Ресей рубліне кросс бағам құру қажет. Ал еліміз бейтараптық танытып, қақтығыстан аулақ болғаны абзал. Ресейге қарсы ашық саясат жүргізу елімізге өте қауіпті. Сонымен қатар Батысқа қарсы саясат жүргізу де аса қауіпті. Бейтараптық қажет. Батыс өте кірпияз. Бізге аса сақ болған жөн», – дейді ол.
Қорытындысында, біздің де жағдайымыз мәз емес. Өйткені Қазақстанның экономикалық серіктесі саналатын Ресейдегі ахуал бірден теңге бағамына да әсер етті. Бұл санкциялардың астында қалған Ресеймен біздің экономикамыз біте қайнасып жатқанын көрсетеді. Сол санкциялардың елімізге әсерін болдырмай, дәл қазір Үкімет экономикалық қорғаныс шараларын қабылдамаса, онда Қазақстанның ішкі нарығындағы тауар бағалары да қатты өседі. Ал онсызда жұрт жалақымыз жетпей жатыр дегенде тауар құны қымбаттаса, онда әлеуметтік жағдай да нашарлауы мүмкін.