2016 жылдан бастап елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде атап өтіледі. Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өз еңбегіне адал тәртіп сақшылары, өрт сөндірушілер, донорлар, журналистер, дәрігерлер, еріктілер мен меценаттар салтанатты түрде халықтың ризашылығына ие болды.
– Бүгін біздің елімізде үлкен мереке – Алғыс айту күні. «Алғыспен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» дейді халық даналығы. Сіздерге туған өлкеміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қаңтар оқиғаларынан кейін бұл күн жаңа ауқыммен толықты деп айтуға болады. Сынақ кезінде ашуды ақылға жеңдірген тәртіпсіздікке барған жоқ. Әрине, әскери қызметтегілер, медицина саласының қызметкерлері, журналистер ынтымақтың үлгісі болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің бірнеше сарбазы ерлікпен қаза тапты. Олардың қатарында жерлестеріміз, Ұлттық ұлан сарбаздары Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері Әділ Нұркенов бар. Батыр сарбаздардың ата-аналарына, туған-туыстарына осындай елім-жерім деген азаматтарды тәрбиелегендері үшін үлкен рақмет айтқым келеді, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің №12 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Дамир Оразбеков демалыс күні әпкесіне Гвардейская көшесіне бара жатқан. Кенеттен ол көмекке шақырған әйелді байқаған. Жанып жатқан үйде екі бала қалғанын естіген жас жігіт бірден көмекке ұмтылған. Дамир кәсіби іс-әрекеттің арқасында 12 және 14 жастағы екі баланы және өрт ішінде қалған қарт әжейді құтқарып қалған.
Ал Екатерина Ряполова болса 18 жасынан бастап қан тапсырушы – донор болып келеді. Осы уақытқа дейін ол қырық шақты рет қан тапсырған. «Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай болып тұрады. Ауырған адамға немесе жол апатына түскен жанға қан керек болып іздейтіні бар. Сол уақытта осы донорлардың қаны адам жанын сақтап қалуға көмектеседі. Мен бұл ісімді парызым деп санаймын», – дейді. Донорлар қатарында қарапайым жұмысшы Берік Тоқабаев та бар.
Сонымен қатар еріктілер қатары да күн сайын артып келеді. Бүгінгі жиынға шақырылған «Отзыв» қайырымдылық қорының негізін қалаған Александр Корогодов 10 жылдан астам уақыт көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға өз көмегін тигізуде.
Осы және де басқа бейбіт өмірдің батырларына: «Көктемнің алғашқы келетін Алғыс айту күнінің маңызы жыл өткен сайын артып, бірлік пен сыйластықтың, мейірім мен ізгіліктің айнымас темірқазығына айналды.
Еліміздің тыныштығын қорғау, денсаулық пен білім салаларын дамыту жолында аянбай қызмет етіп, өзгенің мұңына ортақтасып, мейірім шуағын төгіп жүрген қайырымды жандар ортамызда және олардың ерліктері әрқашанда біздің жүрегімізде.
Сіздерге қоғам құру ісіндегі табысты еңбектеріңіз және облыстың қоғамдық саяси өміріне белсенді қатысқаныңыз үшін алғысымды білдіремін», – делінген Қарағанды облысы әкімінің алғысхаты табысталды.