Бүгін Nur Otan (қазіргі атауы – Amanat) партиясының кезектен тыс съезі өтті. Қарағанды облыстық Jas Otan жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов съезде көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдірді.
– Алғыс айту мерекесі мен партия күні қарсаңында бүгін кезектен тыс ХХІІ Съезі онлайн форматта өткен болатын. Партия төрағасы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияны жаңғырту бойынша бес бағытты айқындап берді. Бұл дегеніміз – Жаңа Қазақстан құрудағы партия рөлінің бұдан әрі маңыздылығын айшықтап берді. Әрине, осы күнге дейін 30 жыл бойы тарихымызда партияның атсалысуымен ел тыныштығы мен жердің амандығы үшін үлкен жұмыстар атқарылды. Оларды жоққа шығара алмаймыз. Өткенімізді ұмытпай, жаңа заманмен қатарласа ілесуіміз керек. Қазақта «аманатқа қиянат жасама» деген жақсы сөз бар. Сондықтан ата-бабаларымыз аманат еткен мұрасын сақтап қалу – өскелең жастардың қолында. Нақтырақ айтсақ, Jas Otan жастар қанатының жастары еліміздің көркеюіне, дамуына атсалысуда. Сол себепті партиямыздың аты «Аманат» деп атанғанына қуаныштымыз. Ең алдымен, бұл қадам партияға жаңа бағыт, жаңа маңыз береді деп есептеймін.
Сонымен қатар партиямыздың бүгінгі съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Jas Otan жаңғырту, оны жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Алдағы уақытта Jas Otan жастар қанаты ауыл жастарының әлеуметтендіру мақсатында «Өрлеу» атты жобасын жүзеге асыратын болады. Оған қоса, өскелең жастардың патриоттық сезімін оята отырып, елі мен жерін қорғай алатын рухшыл жастарды тәрбиелемек. Сол үшін «Қайсар» атты әскери-патриоттық жобаны жүзеге асыратын болдық. Міне, осындай жобалардың арқасында жастардың басын біріктіріп қана қоймай, Отаны үшін отқа түсетін өршіл жастарды Jas Otan жастар қанатының астына бірігуге зор септігін тигізеді. Сондықтан Жаңа Қазақстан құрудағы діттеген мақсатымыздан жаңылмай, бірлесе жұмыс істеп, аянбай еңбек етейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!