Партияның кезектен тыс өткен XXII съезінде фракцияның алдына бірқатар нақты міндет қойылған болатын, біз осы міндеттерді жүзеге асыруға кірістік.
11 қаңтарда Мәжілістің отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз атап өткен ел дамуының жаңа күн тәртібін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша фракция өз жұмысын Үкіметпен үйлестіріп атқара бастады.
Парламент – бұл еліміздің проблемалары, отандастарымыздың үміті мен тілегі айтылып, жариялануы тиіс маңызды қоғамдық-саяси кеңістік.
Нақ осы жерде әділ және сындарлы пікірталастар мен жарыссөздер болуы керек.
Сонымен қатар қазіргі жағдайда депутаттардың халықпен тығыз байланысы алдыңғы орында тұр. Күні кеше біз өңірлерге барып келдік. Қоғамдық пікір лидерлерімен, сарапшылармен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарымен, сондай-ақ конструктивті оппозиция өкілдерімен кездесулер өтті.
Кездесу барысында әлеуметтік қолдау, кедейшілікпен күрес, бағаның өсуі, жұмыспен қамту мәселелері, сондай-ақ тұрғын үй проблемалары жиі көтерілді. Сумен жабдықтау, мелиорация, трансшекаралық өзендер проблемалары да тұрғындарды алаңдатып отыр.
Қоғамымыз үлкен өзгерістер алдында тұр. Біз Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін Сіздің бастамаңызбен ауқымды реформалар қолға алынуда. Оның бәрі жұртшылықтың барынша қолдауына ие болуда. Себебі жасалып жатқан жұмыстар халықтың мүддесін көздейді.
Біздің партиямыз бұл өзгерістердің бел ортасында болатыны анық. Ашығын айтқанда, елмен бірге партиямыз да жаңғыруы қажет. Ұйымның идеологиясын жаңа мазмұнмен толықтырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізуіміз керек.
Осы орайда партиямызға ребрендинг жасап, атауын өзгерткен жөн деп санаймыз. Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды, бірқатар ұсыныс айтылды.
Пікірлесе келе партиямыз «Аmanat» деген атауға лайық деген тоқтамға келдік. Бабаларымыз бізге Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Мыңжылдықтардың ар жағынан бастау алатын бай тарихымызды бүгінгі күнге жеткізді. Сондай-ақ елдік мұратымызды, ұлттық мұрамызды, бірліктің, татулықтың даңқты дәстүрін ұрпаққа табыстады. Осы ел мен осы жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп тапсырды. Енді оны біз келер ұрпақтарға лайықты аманаттауға тиіспіз.
Біз ел бірлігін, халық тұтастығын, ұлттар татулығын, еңбекқорлықты, біліктілікті болашақ замандарға жаңартып, жаңғыртып жеткізуге міндеттіміз. Бұл істе тыңнан түлеген, сындарда шыңдалған партияға жүктелер жауапкершілік салмағы ересен. Біз қашанда бабалар аманатына адал болуымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз.
Сондықтан еліміздегі ең басты саяси ұйымның «Аmanat» деп аталуы орынды деп ойлаймыз.