Негізгі міндет – халықпен жұмыс істеуді жандандыру
Негізгі міндет – халықпен жұмыс істеуді жандандыру
627
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың төра­ғалығымен өт­кен «Nur Otan» пар­тиясының кезек­тен тыс ХХІІ съезінде еліміздің көшбасшы партиясында да «Жаңа Қазақстанға» қадам басатын бірқатар өзгеріс пен толықтыру жайы сөз болды. Ал пар­тия атауы өзгеріп, «Amanat» атанды. Біз партияның Шымкент қала­лық филиа­лы төрағасының бірінші орын­басары Жанар Бектаеваға бірқатар сұрақ жолдаған болатын­быз. – Жанар Әлібекқызы, еліміздің көш­басшы партиясына қалай келдіңіз және партиядағы жобаларды қалай жүзеге асырып жатырсыз? – Саясаттану факультетінің түлегі ре­тінде еліміздің жетекші партиясына келуім бекер емес деп ойлаймын. Шымкент қаласы әкімдігінің Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы және аудан­дағы идеология жөніндегі орынбасары қыз­меттерін атқару арқылы мол тәжірибе жинақтай алдым. Партия – үлкен күш. Сол себепті ұлт мүддесі жолында елдің көкейін­дегісін айтып, тәуелсіздігімізді баянды етуге, ашық, демократиялық қоғам құруға үлес қоссам деген ойым партияға жетеледі. Бүгінде өзімнің жаныма жақын салада, таңдаған мамандығым бойынша қызмет етіп жатқаныма қуанамын. Партия әлеуметтік топтарға бағдарлан­ған 6 партиялық жобасын тиімді іске асы­рып келді. 2021 жылы партиялық жобалар аясында 1 152 іс-шара өткізіліп, оған 13 205 азамат қамтылды. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақ­тайық» жобасы – егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге, тыл еңбек­керлеріне, қарт адамдарға деген құрметті қалыптастыру мен нығайтуға негізделген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарда кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасап, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуін қамтамасыз ету және жұмыспен қамту үшін «Кедергісіз келешек» жобасы жұмыс істейді. Ал «Құтты мекен» партиялық жобасы елдің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде жастар арасында жаңақазақ­стан­дық патриотизмді қалыптастырып, ру­хани-адамгершілік құндылықтарды тү­сін­діру және біріктіруге күш салу мақса­тында «Жастар Отанға» жобасы нәтижелі жұмыс көрсетуде. «Бақытты отбасы» жоба­сы – қазақстандық отбасылар мен бала­лардың әл-ауқатын арттырып, отбасылық құндылықтарды насихаттау, аз қамтылған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар­дың өмір сүру сапасын жақсартуға өз септігін тигізіп келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық­қанды жүзеге асыру айрықша маңызға ие. Ендігі жерде мемлекеттік институттар қыз­меті толығымен азаматтарымыздың нақты сұраныстары мен талап-тілектеріне бағыт­талып отыр. Сондықтан да «Nur Otan» пар­тия­сының қоғамдық қабылдау бөлмелері бірыңғай әлеуметтік терезені қалыптастыра отырып жұмыс істеді. Кешегі өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съе­зінде жаңа жобалар ұсынылды. Алдағы уа­қытта осы бағытта белсенді жұмыс атқара­тын боламыз. – Жалпы, партия халыққа не береді? Осы күнге қандай жұмыстар атқарылды және бұдан кейін неге басымдық беріледі? – Партия – экономикалық және саяси жаңғыру, қоғамды елдік мақсатқа ұйыстыру, мықты және табысты мемлекет құруға ба­ғытталған өз идеологиясын жүйелі жүзеге асырып келе жатқан жетекші саяси ұйым. Қазақстанның қарқынды дамуы мен өркен­деуін мақсат тұтып, еліміздің әрбір азама­тының жарқын өмір сүруі үшін ке­шенді жоспарлар құрып, нақты істермен дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта жаңа жо­балар, ашық диалог алаңдары және қызмет көрсетуге бағытталған қоғамдық қабыл­даулар жұмы­сына басымдықтар беріледі. Халықпен тығыз қарым-қатынасты орнату үшін мәс­лихаттар мен Парламент депу­таттарының, басқа партия жетекшілерінің шалғай елді мекендердің тұрғындарымен тұрақты көшпелі кездесулерін өткізу тәжірибесі енгізіледі. Мұндай шаралар ауыл тұрғын­да­рының өмір сүру сапасын жақсартуға, мәсе­лелерді шешуді тездетуге және әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүм­кіндік беруі керек. Сайлауалды уәделерді орындау бойын­ша білім, медицина, мәдениет, тұрғын үй, инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік пен цифрландыру салалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы тұста жұмыс­тар­дың нәтижелері бойынша үнемі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялап отырдық. Ал кешегі Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлының төра­ғалығымен өткен съезде партия Төра­ғасы нақты тапсырмалар жүктеді. Ендігі кезекте қойылған міндеттерді ойдағыдай жү­зеге асыру үшін жауапкершілік пен та­лап­қа сай кадрлар қажет. Осылайша, ұйым жергілікті жерлерде партия қатарын ны­ғайту жұмысына кіріседі. Партия мүше­ле­рінің біліктілігін арттыру, БПҰ жетекші­лерінің рейтингін енгізу және партия жарнасының 20 пайызын қайтару арқылы БПҰ-ны нығайту жоспарланды. Жарнаның 20 пайызын қайтару туралы айтқанда, бұл қаржының партиялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатынын ерекше атап өткен жөн. Белгілі болғандай, партиялық жобалар бірінші кезекте аға ұрпақты, жастарды және көмекке мұқтаж адамдарды қамтиды. Бас­тауыш партия ұйымдарының жұмысы кеңе­йіп, тиімді құралдары арқылы жүзеге асы­рылады. Бұрынғы атауымен айтсақ, «Nur Otan», қазіргі «Amanat» партиясы жанын­дағы Саяси менеджмент мектебі 3 мыңнан астам партия мүшесін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтары бойынша оқытатын болады. – Партияның жаңғырылуы қалай жүзеге асырылуы тиіс деп ойлайсыз? – Жаңарған партияның негізгі міндеті – кері байланысты күшейтіп, халықпен жұмысты жандандыру. Ол үшін партия проактивті жұмыс форматына кө­шуде, яғни озық ойлап, нақты әрекет ететін болады. Сондай-ақ партия қоғамдық қа­былдаулар­дың жұмысын қайта жаңартып, цифрлық кеңістіктегі рөлін күшейтіп, диа­лог алаңда­рының мүмкіндіктерін барынша пайдала­нады. Партияластардың арасында ынты­мақ­тастықты арттырып, бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жетіл­діру алға қойылады. Партияның жұмысында ашық­тықты арттыру бойынша жүйелі жұ­мыстар жүргізіледі. Мәжіліс және мәслихат депу­тат­тарының жауапкершілігін күшейтуге басымдықтар беріледі. Сайлауалды уәделер­дің орындалуына бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ, «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын жетілдіруде тың бастамалар мен жобалар әзірленеді. – Сұхбатыңызға рақмет!

Шымкент қаласы