Кеше Мемлекет басшысы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен саяси ұйымның кезектен тыс XXII съезі шақырылды. Оған ел өңірлерінен 399 делегат қатысты. Съездің күн тәртібінде екі мәселе – партияның саяси кеңесінің құрамына өзгеріс енгізу және саяси ұйымды модернизациялау қаралды.
Мемлекет басшысының айтуынша, партия ел азаматтарының талап-тілектеріне толық жауап беру үшін оның жұмысын жаңғыртып, жүйелі түрде қайта құру қажет. Сондай-ақ саяси ұйым заманауи сын-қатерлерге төтеп беруге және жедел әрекет етуге қабілетті болу тиіс. Осыған орай Президент партияның алдына бірқатар нақты міндет қойған болатын.
XXII съезд жұмысын ашып, жүргізіп отырған партия саяси ұйымының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «қасіретті қаңтар» оқиғасының халқымыз үшін үлкен сынақ болғанын, бірақ еліміз ауызбіршілігінің беріктігі арқасында бұл сынақтан аман өткенін атап өтті. Ол ендігі күні Жаңа Қазақстанды құру жолында тұтас қоғам болып күш біріктірудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қойған міндеттердің қалай жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС КҮШЕЙТІЛЕДІ
«Сіздің тапсырмаңызды орындау мақсатында партия жұмысына кешенді талдау жасалды. Қоғамдық пікір мен сарапшылардың ұстанымы зерттелді. Аймақтардағы партияластардан ұсыныстар жиналды. Халықты толғандыратын өткір мәселелерге, «Nur Otan»-ға қатысты қоғамдық сынға жүйелі сараптама жасалды. Адалдық пен әділдік, нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашықтық – қазір қоғамның партияға және оның әрбір мүшесіне қойып отырған басты талабы. Осыған орай партияны модернизациялау бағдарламасының жоспары дайындалды»,– деді А.Оралов.
Атқарушы хатшының айтуынша, ол үшін халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру қажет. Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтау керек. Бұл жерде сандық емес, сапалық көрсеткіш маңызды. Осыған орай республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңестен қалдырған жөн деп санайды. Ел аумағы бойынша кеңес саны 700-ге қысқаратын болады.
Бұған қоса, олардың құрамы да жаңартылады. Белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғалар тартылады. Кеңестер барынша ашық, онлайн форматта өткізіледі. Осылайша, билік, партия және азаматтық қоғам арасында жан-жақты диалогтің жаңа мәдениеті қалыптастырылмақшы.
Одан бөлек, күн тәртібіне сәйкес, Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулинді партияның Саяси кеңесі құрамынан шығару туралы мәселе көтерілді. Ал оның жаңа құрамына Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеуов, «Астана» медициналық университетінің ректоры Қамалжан Надыров және «Қазақ тілі қоғамы» вице-президенті Максим Рожин ұсынылды. Делегаттар ұсынысты бірден қабыл алды.
Сөз кезегі келгенде Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов «Nur Otan» партиясының атауын «Amanat» деп өзгертуді ұсынды. Мәжіліс Төрағасы оны заман ағысымен, уақыттың сұранысымен түсіндірді. Оның айтуынша, елмен бірге партия жаңаруы керек, ұйымның қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру үшін оның сипаты мен атауын өзгерту қажет.
ҰЙЫМНЫҢ БЕДЕЛІНЕ ШӘК КЕЛТІРУГЕ БОЛМАЙДЫ
Ал партияның тағы бір белді мүшесі Саясат Нұрбек партия атына айтылатын сындарға назар аудартты.
«Бүгін көптеген пікір айтылуда, тіпті партияны тарату керек дегенді де естідік. Саясаттанушы ретінде айтарым – мемлекет жүйесінің негізгі элементі, тұтқасы – саяси партия. Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, басты қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген партиямыздың осы жылдары мемлекеттілікті нығайтуға сіңірген еңбегін жоққа шығару мүмкін емес, қадірлі ағайын»,– деп толғады ол.
Оның айтуынша, арада 23 жыл өткен соң қайтадан түлеген «Nur Otan» партиясы «Жаңа Қазақстан» стратегиялық моделіне өз болмысымен, өз ісімен үлгі болуға тиіс. Заман өзгерді, ел өзгерді – партияның да түбегейлі өзгеретін кезі келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеруі керек. Саясат Нұрбек партия модернизациясы аясында екі ұсыныс жасады.
Біріншісі қоғаммен байланысты, коммуникация жасауды желілік принциптерге көшіру, «цифрлық демократияны» дамыту үшін заманауи технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалану. Екіншісі – партия жұмысына Big Data технологиясын енгізу арқылы ақпараттық құралдарды бірыңғай жүйеге біріктіру. Бұл технологиялар қоғамның өзекті проблемалары туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерделеуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға мүмкіндік бермекші.
Қарағандылық Кристина Шафикова сөз кезегі келгенде өзінің праймеризге қатысып, жастардың атынан қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланғанын айтты: «Мен мұғалімдік қызметімді депутаттықпен ұштастырып келемін. Депутаттық жұмысымда, әсіресе жастар проблемасымен айналысамын. Ал олардың сұранысы қарапайым: тұрақты жұмыс, қолжетімді білім мен баспана және бос уақыттарын лайықты өткізуге жағдайдың жасалуы. Осы мәселелерді тұрақты көтеріп келемін»,– дейді жас депутаттар корпусының мүшесі К.Шафикова.
Сондай-ақ ол сайлау тізімінде жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квотаның енгізілуі партияның, мәслихаттардың және Мәжілістің құрамында жас депутаттар санын көбейте түскенін айтып, қуанышын білдірді.
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ЖОЛЫНДА
Съезд жұмысы кезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясы мемлекеттің қалыптасуы кезінде маңызды рөл атқарғанын айта келіп, оның Қазақстанның әлеуетін нығайтудағы еңбектеріне тоқталды. Президент партияның болашағы туралы айтқан кезде оның өткенге сіңірген еңбегін ұмытпаған жөн деген ой түйді.
«Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Шешуді қажет ететін жаңа міндеттер бар. Біз жаңа саяси және экономикалық шындықтарға жауап беруіміз керек. Әйтпесе, тоқырау болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев партия туралы ойын сабақтай түсіп.
Мемлекет басшысының айтуынша, партияның ребрендингі оның атын өзгерту, маңдайша тақтасын өзгерту ғана емес. Ең алдымен, партияның барлық жұмысын қайта құру керек. Осыған байланысты Президент бірқатар басым міндетті атап өтті.
«Бүгін партияны трансформациялау бойынша айтылған ұсыныстарды қолдаймын. Біз бюрократия мен қағазбастылықтан бас тартуымыз керек. Облыстық филиалдар мен бастауыш ұйымдар сайлаушылармен өз бетінше жұмыс істей алады және жұмыс істеуі керек. Орталық аппарат директивалық және қолмен басқару тәжірибесін тоқтатуы тиіс. Оның міндеті – жалпыпартиялық векторды белгілеу, әдістемелік және идеологиялық қамтамасыз ету, кадрларды дайындау, жүйелі проблемаларды талдау. Партияға ең алдымен сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениеті қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ партия популизммен айналыспауы және мүмкін емес нәрсені уәде етпеуі керегін ескертті. Осының салдарынан адамдардың партияға деген жағымсыз көзқарасы мен сенімсіздігі туындайды. Мұның бәрі халықтың әлеуметтік әл-ауқатына және ішкі саяси тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Оның айтуынша, мұндай жағдай, әсіресе геосаяси турбуленттілік жағдайында, бұл ел үшін мүлдем орынсыз.
Мемлекет басшысы партияның атауын «Аманат» деп өзгертуді толық қолдайтынын білдірді. «Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне, осы», – дейді Президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынатынын айтты. Қазір партиялар арасындағы бәсекелестік күшейе түскен. Осыған байланысты партияның басты саяси күш ретіндегі рөлін сақтап қалу керек. Бұл – өте маңызды міндет. Басқаша айтқанда, ұйым әрқашан ел мүддесін қорғайтын нағыз халықтық партия болып қалуы тиіс.
Съезд соңында «Amanat» (бұрынғы «Nur Otan» партиясы) партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның жаңа логотипін жариялады.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы: «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын. Енді білек сыбана жұмыс істеу керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Партия атына заты сай болуы тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ міндет» деп ойын түйіндеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.