«Ғасыр келісімінің» мақсаты не?
«Ғасыр келісімінің» мақсаты не?
508
оқылды
Трамп тарихи жанжалдарды шешіп, тарихта қалғысы келеді. Осы мақсатта Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен ядролық қару жөнінде келісім жасауға тырысты, бірақ нәтиже болмады. Ендігі мақсаты – Израиль мен Палестина арасындағы көпжылдық кикілжіңге нүкте қою. Осы мақсатта өткен жылдан бері «Ғасыр келісімі» атты құжатты ұсынып ке­леді. 28 қаңтарда оны тағы жариялады. Трамптың пікірінше, он­дағы шаралар еврей және араб жұртын татуластыру керек. Осы мақсатта 50 млрд доллар инвестиция құю да қарас­тырыл­ған. Алайда Палестина басшысы М.Аббас бұл келісімнен үзілді-ке­сілді бас тартып отыр. Неге?  АҚШ тарихында Дональд Трамп секілді Израильді қолдаған президент болмаған шығар. Кейбір үңгірлер Палестинаға өтіп кеткені үшін ол елін ЮНЕСКО-дан шығарып алды, елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көші­ріп, жанжал туғызды, Израиль жаулап алған жерлердің бар­лығын (Голан жоталарын да) АҚШ атынан ресми түрде мо­йындап жіберді. Әрине, Израиль премьері Нетаньяхудың Трамп­қа алғысы шексіз. Сол үшін Голан жоталарындағы жаңа ауылдың атауын Рамат-Трамп (Трамп биік­тігі) деп атау­­ды жоспарлап отыр. Оның Израиль­ге соншалық жақ болуын түсіндіретін себеп көп. Соның бірі – Трамптың күйеу ба­ласы әрі кеңесшісі, мил­лио­нер Джаред Кушнер Нью-Йорк­тегі ықпалды еврей отба­сы­ның өкілі. Әрине, Трамптың Израильді қолдаған әрбір шарасы халықа­ралық дипломатияда жаңа дау туғызса да, АҚШ-тың 45-прези­денті міз бақпады. Енді ол өзінің президенттік мерзімі аяқталып жатқанда Израильге кезекті көмегін көрсеткісі келеді. Бұл жолы Палестина мәселесін ше­шіп, оған нүкте қоюды жос­пар­лап отыр. Осы мақсатта «Ға­сыр келісімі» деп аталатын құжат ұсынды. Болжанғандай, әлем елдерінің жауабы сан түрлі болды. АҚШ одақтастары оны қол­даса, араб әлемін жақтау­шы­лар құжатты сынады. Сонымен, «келісімнің» мәні неде? Алдымен, негізгі мақсат – Израиль мен Палестинаны мойындау. Палестина құрамын­дағы Иордан өзенінің Батыс жа­ғалауы мен Газа секторын жы­л­дам транспортпен байла­ныстыру қажет. Трамптың пікі­рінше, екі территория көлік­пен байланысса, араб елінің жері екі есе өседі екен. Алайда Израиль­дің 1967 жылдан кейін жаулап алған Палестинадағы барлық елді мекендерін заңды деп мойындамақ. Яғни, ол жер­лер Палестина халқына қайта­рыл­­майды. Осы ойларын бе­кіту үшін Трамп өз Тwitter аккаун­тында иврит тілінде (ағыл­шын­ша емес) жазылған ар­найы кар­таны да жариялады. Кар­таның астына «Мен әрқа­шан Израиль мемлекетімен және еврей халқымен бірге боламын. Олар­дың қауіпсіздікте және тари­хи Отанында өмір сүру құқы­ғын қолдаймын. Бейбіт­ші­ліктің уақыты келді!» деп өзінің произраильдік ұстанымын ашық мәлімдеді. Жоспардағы келесі негізгі мәселе – Иерусалим. Оның мәр­­тебесі де анықталған. АҚШ Шығыс Иерусалимді Палес­ти­наның астанасы етуді ұсынып отыр. Нақтырақ айтсақ, Әбу-Дис деген Иерусалимнің ма­ңын­дағы қалашық. Алайда сон­дай-ақ бүкіл Иерусалимді Израильдің бөлінбейтін астанасы деп жа­риялауды да құп көреді. Ал енді осы жоспар жүзеге асу үшін Палестина ХАМАС тобын қолдауын тоқтатып, әскери күрестен мүлдем бас тарту керек. Израиль жауап ретінде Палестина жерінде заңсыз елді мекен салуды 4 жылға ғана тоқтатуы тиіс. Есесіне, Америка 50 млрд доллар инвестиция құюға даяр. Басқаша айтқанда, ең басты 4 қадам ұсынылды: Израиль Иерусалимді толық бақылауына алады, палестиндіктер Израиль жаулап алған өз жерлеріне орала алмайды, Израиль мен Батыс жағалау арасындағы шекара жабылады. Палестина өзінің қарулы күштерін құруға құқығы жоқ. Бұдан бөлек, 1948 жылы өз үйлерінен қуылған 700 мың палестиндіктің туған жеріне ора­луына тыйым салынады. Бүгінде олардың саны 7 млн-ға жеткен. Сонымен, «ғасыр келісімі» Израильдің мүддесін қорғап, олардың барлық жаулап алған жерлерін заңдастыруды, үш діннің қасиетті мекені есептелген Иерусалимді еврей халқына толық тапсыруды, Палестина халқын ығыстыруды көздеп отырғаны көрініп-ақ тұр. Есесіне, араб жұрты бұл жоспардың жүзеге асуына қарсы болмау үшін 50 млрд доллар өтемақысын төлеуді көздемек. Аталған жоспар жарияланған соң оған берілген бағалар мен пікірлер де көп өтпей жариялана бастады. Сөзсіз, Израиль пре­мьері Нетаньяху оны қолдады. Ал Палестина басшысы Махмұд Аббас «Палестина сатылмайды. Біздің халық «ғасыр келісімін» тарихтың қоқыс жәшігіне лақ­тырады» деп шорт кесті. Оның пікірінше, Палестинаның 1967 жылға дейінгі шекарасы қал­пына келуі тиіс. Түркия мен Иран да жоспарды сынға алды. Анкара өкілдері құжатты «өлі туған» деп бағалап, оның жүзе­ге асуына барынша қарсы бола­тынын жеткізсе, Тегеран «бұл әлем мен аймаққа қауіп» деп, мұсылмандарды бірігуге ша­қырды. Араб елдерінің жауабы бір­келкі болмады. Мәселен, Мысыр мен Иордания –  Израиль­мен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан араб мемлекеттері. Олар «жоспар қос тараптың да мүддесін ескеруі керек» дегендей бейтарап сәлем­демесін жіберді. Есесіне, шағын Қатар әмірлігі жоспарды қолдамады. Ал АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі одақтасының бірі – Сауд Арабиясы «ғасыр келісімін» барынша қолдады. Алайда қолдай отырып, король Салман Махмұд Аббасқа ха­бар­ласып, өз ұстанымы өзгер­мей­тінін жеткізіпті. Яғни, бір жағы мұхиттың арғы бетіндегі одақтасымен де тіл табысып, араб әлеміндегі бауырымен де қарым-қатынасын бұзғысы келмейді. Бір уақытта екі орын­дықта отыруды қалайды. Король «қос қасиетті мекеннің қор­­ғаушысы» деген атағына қара­май, Палестинаны ашық қол­даудан қашып отыр. Ал әдетте АҚШ-пен қатар жүретін еуропалықтар бұл жолы құжатты сынға алды. Швеция мен Германия оны халықаралық құқыққа қарсы келеді десе, Бри­тания АҚШ-тың одақтасы ретінде бастамаға қолдау білдірді. Ресей әзірше үнсіз, әліптің артын бағып отыр. Қысқасы, Израильдің мүд­десі үшін ұзақ жасалған «ғасыр келісімі» аталған құжат тарихи дауды экономикалық әрі саяси тұрғыда шешуді көздеп отыр. 50 млрд доллар мен дипломатиялық қысым Трампты дегеніне жет­кізуі керек секілді. Алайда Па­лес­тинаны қолдаушы кейбір мұсыл­ман елдері, Палестинаның өзі және халықаралық құқықты көздеген кейбір Еуропа мемле­кеттері құжаттың жүзеге асуына бөгет болуы бек мүмкін. Оған қоса, биыл АҚШ-та президенттік сайлау. Егер Трамп жеңілсе, бұл жоспар қағаз күйінде қалар, ал егер екінші мерзімге сайланса, онда ол «келісімді» іске асыруға барын салуы ғажап емес.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА