Қаңтар жаңғырығы: Мегаполис халқын бүліктен аман алып қалған генерал борышына адал болды
Қаңтар жаңғырығы: Мегаполис халқын бүліктен аман алып қалған генерал борышына адал болды
334
оқылды
«Қаңтар оқиғасы» еліміз үшін күтпеген соққы болды. Дейтұрғанмен, жойқын дүрбелеңнен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұтымды әрі шұғыл қабылданған қажетті шешімдерінің, сондай-ақ Отан алдында антына адалдық танытқан азаматтарымыздың арқасында мемлекетіміз елдігін сақтап қалды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақыларға сауатты және жанқиярлық ерлікпен тойтарыс беріп, қаланың бүлінуіне жол бермей, бейбіт тұрғындардың риясыз алғысын арқалағандар арасында шымкенттік тәртіп сақшыларының ерен ерлігі анық көрінді. Ел басына күн туған «қанды қаңтарда» дәл осы Шымкент қаласы полиция департаментін саладағы тәжірибесімен ғана емес, халыққа жақын әрі жариялығымен, ашықтығымен танылған Ералы Жұмаханбетов басқарған еді. Арандатушыларға қарсы көшті де өзі бастап, сақшылардың әр басқан қадамы мен әрекеттеріне күні-түн демей нұсқауды да тікелей өзі бергенін сондағы полицейлер қазір де мақтана-марқая айтып жүр. Сондықтан, азаттықтың ақ таңы мен бейбіт күндермізге себепкер болғандардың бірі әрі бірегейі, қоғамның құрметіне лайықты офицер, полиция генерал-майоры Ералы Мұсаәліұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.  width=  – «Қаңтар оқиғасында» тікелей өзіңіздің басқаруыңызбен бүтін бір қала, жәй емес миллионды қала аман қалғанын жақсы білеміз, бірақ араға ай салып қызметтен кеттіңіз. Не себеп болды? – Шынымды айтсам, нақты себебін өзім де білмеймін. Мен – офицермін, менің міндетім – Отанға адал қызмет ету. Борышымды өтеу. Әркез мемлекеттің мүддесі мен мәртебесін бәрінен жоғары қойдым, қазір де солай. Бұйрық берілді ме – орындау керек, маған солай айтылды, сөзге келмей орнымды босаттым. Бірақ, бұдан ештеңе өзгерген жоқ. Елімді және жерімді сүйемін, халқымды шексіз құрметтеймін. Шымкенттіктерге деген алғысым да шексіз. Біз тұрғындармен бірлесе әрі жұмыла көптеген ауқымды әрі жүйелі жоба-жоспарларды жүзеге асырдық. Бәрі де халық игілігі және қауіпсіздігі үшін жасалды. Бастысы, сол бастамалардың барлығы да нәтижелі әрі жемісті болды. – Ералы Мұсаәліұлы, «Қаңтар оқиғасында» қауіпсіздік үшін атқарған қызметтеріңізді құрметтей отырып, тағы да алғыс айтамыз! Расында, полиция - халық қорғаны екенін тағы да дәлелдеп бердіңіздер. Шымқаланың әрі тұрғындардың амандығы және қазіргі бейбіт өмір көрінісі – Сіздердің нақ еңбек-ерліктеріңіздің арқасы десем артық айтпаймыз… – Рахмет. Бірақ, бұл – біздің тікелей міндетіміз, Отан алдындағы парызымыз. «Қаңтар оқиғасы» – күтпеген жағдай, үлкен соққы болды. Бірақ, біз бұл қиын қыстау кезеңді артта қалдырдық. Әрине, жаппай тәртіпсіздік кезінде арандатушыларға қарсы күресте тәуліктеп аяғынан тік тұрып, алдынғы шептен табылған полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Сондықтан, менің соңымнан еріп нұсқауларды толықтай орындап, бұйрыққа бағынған полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ, бізге рухани қолдау көрсеткен қала тұрғындарына да айтар алғысым шексіз! Бастысы, біз мегаполис – миллионды қаланы халқымен қоса аман алып қалдық. – «Қаңтар оқиғасы»  мемлекетіміз бен бейбіт халықққа оңай тиген жоқ. Сол бір сәтке, қауіп-қатерге бетпе-бет келген кезді өзіңіз толығырақ жіпке тізіп, жіліктеп айтып беріңізші. Себебі, арандатушыларға қарсы күресті көзбен көрген әрі шымкенттік сақшыларға қолбасшы болған өзіңіз… – 2022 жылдың 4-қаңтарында Жаңаөзен қаласындағы наразылықтар аясында Шымкент қаласының бір топ тұрғыны әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, Жаңаөзен тұрғындарын қолдау мақсатында Шымкенттегі Н.Назарбаев даңғылы бойында орналасқан қала әкімдігі ғимаратының алдында және қаладағы алаңдарда рұқсат етілмеген заңсыз акцияға жиналды. Сол күні сағат 19.00-ден бастап 7 локацияға азаматтарды жинау басталды, олар: Әл-Фараби алаңы, «Жібек Жолы» базары, Республика даңғылындағы «Колос» аялдамасы, «Дендросаябақ» тұрағы, «Метро» супермаркетінің тұрағы, Бәйдібек би ескерткішінің алды, «Самал» базары аумағында орналасқан «Қасиет» көшесіндегі 7-үй. Көшелер мен алаңдарда жиналған 200-2000 адамнан тұратын топтар көшелерді жаба бастады. Гагарин көшесі мен Республика даңғылының қиылысында жиналғандар 2 мың адамға дейін ұлғайып, Республика даңғылымен жаяу жүріп, Арбат жаққа қарай бет алды, онда Әл-Фараби алаңына жиналған басқа азаматтарға қосылды. Жиналғандар ресми түрде ешқандай талап қоймады, олардың негізгі бөлігі Жаңаөзен қаласының тұрғындарына қолдау білдірген жастар болды, сондай-ақ жиналғандар тарапынан қазіргі билікке қатысты сындар айтылды. Олар Әл-Фараби алаңынан одан әрі Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратына жаяу жүріп, жол бойында Қаратау ауданы прокуратурасының ғимаратын тас лақтырып, бүлдірген. Жиналғандардың бөлігі алкогольдік немесе өзге де масаң күйде болды, осыған байланысты олардың іс-әрекеттерінде аса қатыгездік байқалды. Сағат 00.30-да митингке шыққандардың жалпы саны 6 мыңға жетіп, қала әкімдігіне келді, олар өздерін өте агрессивті түрде ұстап, тастар мен қолдарындағы түрлі құралдарды пайдаланып, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасай бастады. Шабуылдағандардың басым бөлігі тас, арматура, металл сынықтары, күрек және пышақтармен қаруланған болатын. Жиналғандар әкімдік ғимаратының 1-ші қабатындағы терезелерге және оның кіреберісін күзетіп тұрған полиция қызметкерлері мен ҚР ІІМ ҰҰ 6506 ә/б әскери қызметшілеріне тас лақтырып, әкімдікті басып алуға әрекет жасады. Шабуылдаушылар ұйымдастырылған және агрессивті түрде әрекет етті, бұл оларды келіссөз арқылы тыныштандыруға тырысқан полиция қызметкерлері мен әскерилерді себепсіз ұрып-соғуларынан көрінді. Сағат 02.20-да шабуылшылар полицияның және ҚР ІІМ ҰҰ 6506 ә/б арнайы автокөліктерін аударып, сындырып, көліктердің ішінен арнайы құралдарды ала бастады. Полиция органдарының 62 қызметтік көлігі зақымданды, оның 12-сі аударылып, 2-уі өртенді, ҰҚКД-нің 1 арнайы машинасы зақымданды. Сағат 02.30-да 80 адамнан тұратын қаскүнемдер тобы әкімдіктің №2 кіреберісіндегі есіктер мен терезелерін сындырып, ғимаратты күзетіп тұрған полиция қызметкерлерін ұрып-соғып, әкімдіктің ғимаратына кірді. Ғимараттың терезесін ішінен сындырып, 2-ден 6 қабатқа дейін қызметтік орындардағы жиһазды бүлдіріп, компьютерлік техника мен құжаттаманы көшеге лақтырған, компьютерлік техниканың бір бөлігін ұрлап кеткен. Жаппай тәртіпсіздіктерді оқшаулау бойынша арнайы жоспар енгізілді. Өңірлік жедел штаб арнайы құралдар мен белсенді қорғаныс құралдарын пайдалану туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, полиция мен арнайы күштердің әрекетімен әкімдік ғимаратындағыларды шығаруға мүмкіндік туды. Арнайы құралдардың көмегімен (су шашатын көліктер, жарық-шу гранаталары) жиналғандар таратылып, қала көшелерінде қозғалыс қалпына келтірілді. Қаланың әр жерінен аудандық полиция басқармаларына әкімдік алдындағы митингке және жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 500-ге жуық адам жеткізілді, оларға қатысты процестік іс-шаралар жүргізілді. 2022 жылғы 5-қаңтарда күні бойы күштік блок атқарушы органдармен бірлесіп, наразылық акцияларын болдырмау бойынша жұмыс атқарып, алдын алды. Сол күні сағат 20.00-де әкімдік ғимаратының жанында Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары жинала бастады. Құрылған топтар әкімдікке көшелердің түрлі бағыттарынан келді, шеру барысында автожолдар мен жол қиылыстарын жапты. Сондай-ақ, сағат 20.00-де «Мега-Планета» СОО-ның алдында жиналғандар Қонаев гүлзары мен Тәуке хан даңғылының қиылысын жапты. Сағат 20.20-да екі жүк көлігі Төле би және Қапал батыр көшелерінің қиылысында көлік қозғалысын тоқтатты. Сағат 20.30-да Бәйтереков көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының қиылысы жабылды. Маргиналдар бірнеше рет берілген ескертулерге агрессивті реакция білдіргендіктен, Аумақтық жедел штабы полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің арнайы құралдарды (суатқыштар, Жарық-шулы гранаталар, газ) қолдануы туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, қызметкерлер жиналғандарды тарата алды. Жиналған маргиналдар, өз кезегінде, арнайы құралдардың әсерінен қашып кетті және қысқа уақыттан кейін қайтадан осы аумақтағы көлік қозғалысын тоқтатуға тырысты. Бұл ретте олар ҚР ІІМ ҰҰ 6506 ә/б арнайы брондалған автокөліктер жағына белгіленбеген атыс қаруынан оқ атқан. Сағат 21.25-тен бастап 2 мыңға жуық жиналғандар әкімдікке кіруге тырысты. Әкімдік, «Көрме орталығы», Қазақ драма театры, «Түркістан» мәдениет үйінің ғимараттарын өртеуге әрекет жасады. Ғимараттардың терезелеріне тас лақтырды. Өрт сөндіру көліктерінің жанған жерлеріне жақындатпады. 6 арнайы автокөлікті және тұрғындардың көліктері тұрған автотұрақты өртеді. Жиналғандар полиция күштерімен арнайы құралдарды қолдана отырып, алаңнан қуылды. Сағат 22.10-ға қарай митингке шыққандардың жалпы саны 8 мың адамға дейін өсті. Олар қару-жарақты, болжам бойынша аңшылық ойық, тегіс ұңғылы мылтық, тұтандырғыш қоспаларды (Молотов коктейльдері), тастар мен басқа да құралдарды (арматура, таяқ, бөтелкелер және т.б.) пайдаланып, әкімдікке қайта бұзып кіру әрекеттерін бастады. Полиция қызметкерлері мен 35748 ә/б әскери қызметшілерінің күшімен митингке шыққандар әкімдік алаңынан қуылып, таратылды. Шабуыл жасаушылардың бөлігі алкогольдің немесе басқа да зиянды заттардың әсерімен қорқыныш сезінбей, аса қатігездікпен әрекет етті. Пайдаланылған арнайы құралдарға (жарық-шу гранаталары, суатқыштар және газ) олардың тарапынан ешқандай реакция болған жоқ, қашып кетіп, сол маңдағы көпқабатты үйлердің аулаларында бірден қайта жиналумен болды. Сағат 23.00-ге қарай олар шабуылдарын күшейтті, нәтижесінде 2 полиция қызметкері оқ жарақатын алды. Маргиналдар жарақат алған полиция қызметкерлері мен тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жіберілген 3 жедел жәрдем бригадасын тоқтатты. Арнайы бронды полиция техникасын қолдана отырып, блокада бұзылған жағдайда ғана жаралылар медициналық мекемелерге жеткізілді. Сағат түнгі 03.00-де полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер қабылдаған шаралармен жиналғандар тарап кетті. Сондай-ақ, бір топ адамдар сауда орталықтарына кіріп, ғимаратқа от қоюға тырысты, банкоматтарды сындырып, оларды жүк көліктеріне шығаруға оқталды. Наразылық білдірушілер Nur Otan партиясы филиалының, Абай мен Әл-Фараби аудандары прокуратураларының ғимараттарына және олардың алдында тұрған көліктерге от қойды. ТЖД қабылдаған жедел шараларымен өрт сөндірілді. Нөмірсіз автокөліктерге мінген наразылық білдірушілер белсенді түрде әрекет етті. «Газель» автокөлігін басқарып, қалалық жедел штабтың күштері мен құралдарының іс-қимылын үйлестіру және көзбен шолып бақылауды бұзу мақсатында жол бойында ЖБО камераларын сындырып, істен шығарды. Департаменттің «Тигр» арнайы көлігімен тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан нөмірсіз бірнеше автокөлік жойылды. 6-қаңтарда таңертең жаппай тәртіпсіздіктерді оқшаулау және жолын кесу жөніндегі үйлесімді іс-қимылдар барысында полицияның, әскери бөлімдердердің күштерімен қала көшелерінен, алаңдардан жиналған топтар таратылып, қозғалыс қалпына келтірілді. Алаңдар арнайы қорғауға алынды. Сондай-ақ, әкімшілік ғимараттар, қару-жарақ дүкендері күзетке алынды. Полиция бөлімшелеріне ғимараттарды күзету мен қорғаудың арнайы жоспары енгізілді. Тонау қылмыстарына жол бермеу мақсатында патрульдік нарядтар сауда үйлерін бақылауда ұстады. Қаржылық операциялардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін Банктер мен банкоматтар қорғауға алынды. Күн сайын қолма-қол ақша жеткізетін инкассатор көліктерін полицияның сүйемелдеуімен алып жүру жүзеге асырылды. Қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған жеке құрам ағымдағы жылдың 14 қаңтарына дейін 16 сағаттан көшелерде қызмет атқарды. Қызметкерлердің жылынуы мен демалуы автобустарда жүзеге асырылды. 6 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен аймаққа төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізілді. Бұдан басқа, құқықтық тәртіпті сақтау және азаматтардың елді мекендерден кіріп-шығу талаптарын сақтау мақсатында Шымкент қаласы мен Түркістан облысының автомобиль жолдарында 7 блок-бекет құрылды, оларға Полиция департаментінің жеке құрамы, ҚР ІІМ ҰҰ 6506 ә/б және ҚР ҚМ 35748 ә/б әскери қызметшілері жұмылдырылды. Жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған құқық бұзушылық фактілері бойынша прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, ПД, ЭТД және ҰҚКД қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. – Бұзақылардың қитұрқы айлалары мен орын алған құқықбұзушылық, қылмыстар туралы мәлім болды. Жалпы қанша адам құрықталып, жауапкершілікке тартылды? – Бейнебақылау камераларының бейнежазбаларын және басқа да құралдарды зерделеу барысында ішкі істер органдарына 3521 адам жеткізілді, оның 502-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде: – 203 адам бейбіт митингілер өткізу туралы заңды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 488-бабы); – ТЖ режимін бұзғаны үшін 259 адам, оның ішінде 43-і тоқтамға алынды (ӘҚБтК 476-бабы); – ТЖ жағдайында құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттері үшін 40 адам (ӘҚБтК-нің 478-бабы). 305 адам қамауға алынды, 41 адамға айыппұл салынды және 156 адамға қатысты ескерту берілді. Қала прокуратурасымен 247 наразылық енгізілді, нәтижесі бойынша 209 адам босатылды, 38 адамға қатысты «айыппұл» түріндегі жаза «ескертуге» ауыстырылды. Қалған 2891 адаммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, босатылды. Азаптаулар мен басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері қолданылған жоқ. Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өкіміне сәйкес, Шымкент қаласы полиция департаментінің УҰИ, арнайы қабылдау және қабылдап-тарату орындарына қамауға алынған адамдардың медициналық-санитариялық жай-күйін тексеруді жүзеге асырған, Шымкент қаласының ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары камераларды бірнеше рет аралап, ұсталғандармен әңгіме жүргізген. Әңгімелесу барысында ұсталған тұлғалар тарапынан денсаулық жағдайы, тамақтану сапасы және заңдылықты бұзу бойынша шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Жарақат алған тәртіп сақшылары және олардың қазіргі жағдайына тоқталсақ… – Шымкенттегі бүлік-оқиғаның нәтижесінде 50 полиция қызметкері зардап шекті, оның 2-уі атыс жарақатын алды. Олар аурухананың жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылғанға дейін жанымды қоярға жер таппадым. Өзім арнайы барып, хал-жағдайларымен жіті танысып тұрдым. Рухани демеп, нағыз патриот-мықтылықтарын айтып және қызметке қайта оралуларын асыға күтетімізді жеткізіп, жігерлендірдім. Қазір шүкір, екеуі де үйлерінде емдерін жалғастырып жатыр. Ал оқтан емес, тас және өзге де жарақтардан жарақат алған полицейлер оған қарамай сол мезет әріптестерінің қатарынан табылу үшін қайта жұмысқа кірісті. Бірінің – қолы, екіншісінің – мұрны сынған, тағысын-тағы... Сондай жарақаттарына департамент жанындағы емхана қызметкерлері арнайы барып, жұмыс орнында медициналық көмек көрсетті. Өзім бастаған тәртіп сақшыларының осындай патриоттығы әрі батылдықтарымен мақтанамын. Полиция – елдің қорғаны екенін осы сақшыларым дәлелдеп берді. Еткен еңбегіміздің зая кетпегенін түсіндім. Осы орайда, Шымкент қаласы азаматтарының ізгі ниеттерін ерекше ризашылықпен атап өту қажет, кейбір азаматтар ыстық тамақ әкеліп көмек көрсетті. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге өз бастамасы бойынша күзет құрылымдарының өкілдері, ауған-тәжік қақтығысының ауған жауынгерлері және Шымкент қаласының спортшылары атсалысқаны қуантады, олар полициямен бірге қала көшелерін жаяу патрульдеуді жүзеге асырды. Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы жедел жағдай тұрақты, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеуде. Барлық іс-шаралар кезеңінде Полиция департаменті Ел Президенті, ҚР ІІМ министрлігінің барлық нұсқауларын және қала әкімінің өкімдерін нақты мерзімінде орындады. – Ішкі істер органдарындағы қызметіңізді қай жылдан және қай мекемеден, қандай қызметтен бастадыңыз? – Ішкі істер органдарындағы алғашқы қызметім 1990 жылы Кентау қалалық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл болудан басталды. 1996 жылы – жедел іздестіру саласында Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Полиция басқармасының бастығына дейін көтерілдім. 2000-2004 жылдары ІІМ КПД Оңтүстік өңірі бойынша ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасында қызмет еттім. Ал 2005 жылдан 2018 жылдарға дейін ҚР ІІМ-нің орталық аппаратында түрлі лауазымды қызметтер атқардым. Ал 2018 жылдан бастап осы 2022 жылдың ақпанына дейін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы болдым. Қызметте жүріп алған ең басты сыйлығым – халықтың маған деген сенімі мен алғысы болды. Соған қуанамын.  width= – Мойындау керек, Сіз миллионды қала – Шымкенттің жұртына өте жақын әрі ашық болған басшылардың бірісіз. Халықтың құрметіне бөленіп, алғысын арқалағаныңызға да куәгерміз. Иә, халық Сізді құрметтейді, жақсы көреді. Айтыңызшы, жергілікті жұрттың соншалықты сеніміне ие боларлықтай Сіз полиция департаментін басқарғанда қалада нақты қандай оңды істер орын алды? – Көбіне жасалған жұмыстарды тізбектеп айтпаймын, бастысы – халық біледі. Бұл үшін бағасын да, батасын да беріп жүр. Департамент бастығы қызметінен кеткен кезде телефоныма хабарласқандарды қоспағанда, әлеуметтік желі мен менің жеке парақшама журналистер және тұрғындардан түскен толассыз хаттар мен жылы лебіз-алғыстарды оқығанда, өзім де таңқалдым. Жүрегім тынышталды. Ал қазір Сіздің тарапыңыздан арнайы сұрақ қойылған соң, жауап берейін. Мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы лауазымына тағайындалған кезден осы қызметтен кеткенге дейін қала халқымен бірлесіп, оң нәтижесін берген бірқатар бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асырдық. Қала аумағындағы көше қиылыстарында үш ауысымды полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Нәтижесінде, қала жолдарында көлік кептелістері мен жол-көлік оқиғаларының саны еселей азайды. Еліміз бойынша алғаш рет Шымкент қаласындағы барлық мектептердің алдында ювеналды полиция инспекторлары үш ауысымды кезекшілікке тұрды. Оның нәтижесінде, жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары болмады. Бұл бастаманың оң нәтижесін ҚР Ішкі істер Министрі қызметін атқарған, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев жоғары бағалап, Қазақстанның барлық өңірлеріне осы жобаны енгізуді бұйырды. Жергілікті тұрғындармен кері байланысты күшейту мақсатында WhatsApp желісінде «Жедел әрекет ету» чаты құрылды. Онда БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар қала аумағында орын алған құқық бұзушылықтарды фото немесе бейнежазбаға түсіріп, чатқа жібереді. Жолданған ақпараттың негізінде полиция қызметкерлері болған жайттарды дер кезінде тексеріп, заңды шешім қабылдайды. Қала орталығына шалғай орналасқан елдімекендердің тұрғындарымен арнайы барып кездесулер ұйымдастырдым. Ондағы бекітілген учаскелік полиция инспекторларының жұмысын талдау, зерделеу мақсатында халықтың талап-тілек, пікірлерін тыңдадым. Туындаған мәселеге қатысты тиісті мамандарға тапсырмалар жүктеп, белгілі уақыт аралығында оның орындалуына көз жеткізу мақсатында халықпен кезекті рет қорытынды кездесулер ұйымдастырдым. Күрмеуі күрделі мәселеге айналған Т.Рысқұлов пен М.Дулати көшелерінің қиылысында Бәйдібек би бағытына қарай жүретін такси көліктерінің заңсыз тоқтауын болдырмай, сол аумақтағы көлік кептелісін түбегейлі жою мақсатында таксилерге арнайы жолақ салынды. Нәтижесінде, такси жүргізушілері жолаушылардың өміріне ешқандай қауіп төндірмейтін болды. Қала аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының қауіпсіздігін қадағалайтын жаңа 3177 бейнебақылау камералары орнатылып, іске қосылды. Бұл құрылғылар арқылы полицейлер тәулік бойы қылмыстың алдын алу, оларды ашу және әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бойынша жұмыс атқаруда. Аталған жұмыстардың барлығы полиция органдарының ашықтығын әрі қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы уақыт аралығында қала аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесіп атқарылған ауқымды жұмыстар үшін тұрғындарға алғысымды білдіремін. Олар бастамаларымды әркез қолдап, өздері де атсалысты. Расында, алдағы уақытқа жоспарланған жобалардың да саны аз емес еді. Ендігі жерде, бұл жұмыстарды миллионды қала – Шымкенттің еліміздің ең қауіпсіз қалаларының қатарынан табылуы үшін тәртіп сақшылары аянбай еңбек етсе екен деп ниет білдіремін.  width= – Балалар үйіндегі тәрбиленушілерді назардан тыс қалдырмай, зағип бүлдіршін Амалия Блинованың өмірге деген құштарлығын оятқаныңыз туралы да хабардармыз. – Иә, Амалия Блинова деген өте сезімтал әрі ақылды бүлдіршін. Көз-жанары көрмесе де, үнемі терезеден арнайы шақыртуларға бағытталған көліктердің дабыл-дыбыстарын естиді екен. Анасынан полиция қызметі туралы, жалпы кімдер жұмыс жасайды деп сұрақ қойып, қызығушылық танытыпты. Осылайша олар менің инстаграммдағы жеке даиректіме хат жолдаған. Жағдайдың жай-жапсарын түсінген бойда бүлдіршінге сыйлық алып, формамды киіп, Амалияны үйіне іздеп бардым. Полиция, олардың жұмыс жүктемелері жөнінде бәрін толық айтып бердім. Көліктерді сипап, дауыстарын естіп қуанып қалды. «Армандар орындалады екен ғой! Сіз шынымен генералсыз ба?» деген періште-көңіл баланың шынайы қуаныш пен таңданысқа толы даусын естіп, әр мерекеде арнайы бұрылуды дәстүрге айналдырған едім. Халқымыз «Жетім көрсең – жебей жүр» деген. Шымкент қаласының Сайрам тұрғыналабында орналасқан №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері тікелей менің бастамаммен 2019 жылдан бері тәртіп сақшыларының қамқорлығына алынған еді. Осылайша полиция қызметкерлері балаларға барынша көмектесіп, қолдау көрсетіп келеді. – Сұхабыңызға көп рахмет!