ІІ Дүниежүзілік соғыстан қатты зардап шеккен Жапония жаңа «Күншығыс елін» құруға ден қойғанда «өмір бойға жұмысқа алу» («сюсин коё») жүйесін енгізді. Бұл тәжірибе қоғамға тұрақтылық әкелді, қарапайым жапондықтарда болашаққа сенім пайда болды. Қазақстанда, керісінше жұмыс берушілер жаппай штат қысқартып, персоналын аутсорсингке көшіріп жатыр. Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт митингке шыққандар аутсорсинг мәселесін де көтерген еді. Оның себебі енді белгілі болды.
Игілік бұрмаланса, қиындыққа айналады
Аутсорсинг дамыған елдердің ізгі тәжірибесі. Артықшылығы жетерлік: бизнес иесі, компания басшылығы соның арқасында өндірістік процестердің бір бөлігінің ауыртпалығын өз мойнынан алып, оны кәсіби деңгейде орындай алатын өзге компанияға тапсырады. Мысалы, кәсіпорын өз тауарларын тасымалдау үшін тұтас автопаркті ұстап тұру орнына тасымалмен кәсіби айналысатын логистикалық компаниямен келісім бекітіп, соған жүктей алады. Осының арқасында компания бар күш-ресурсын негізгі бизнесіне шоғырландырады, операциялық шығындарын оңтайландырады, автопарктен ғана емес, қоймалап, тарату орталықтарынан арылады. Бизнестің тиімділігі, ұшқырлығы артады. Капитал босайды, жұмыскерлерге, мүлікке, амортизацияға, арендаға және басқасына төленетін ақылар, жарналар, салықтар азаяды. Алайда Қазақстанда бұл үрдіс бұрмаланған, өңі өзгерген сипатқа ие болды: жұмыс берушілер дамыған әлемдегідей қосалқы, көмекші функцияларды орындайтын жұмысшыларды ғана емес, негізгі персоналды да аутсорсер-мердігерге табыстайтынды шығарды. Мысалы, мұнай өндіретін жекеменшік және ұлттық компаниялардың өндірістік, техникалық жұмысшыларының көбі осы негізде жұмысқа қабылданған. Салдарынан еңбек құқығы аяқасты болады, жалақысы штаттағылардан аз белгіленеді, оларды тіпті кәсіподақ та қорғамайды. 2 наурызда өткен Еңбекминінің кеңейтілген алқа отырысында министр Серік Шәпкенов кейбір компанияның бұл істе одан ары барғанын ашық айтты: компания жұмыссыз ретінде тіркелген адамды жұмысқа алса, оның жалақысын мемлекет белгілі бір уақыт бойы бюджеттен төлейді. Сол мерзім аяқталған соң жалақыны ары қарай компания төлеуі тиіс. 2021 жылы 180 мыңнан астам адам осы субсидияланатын жұмыс орындарына жіберді. Кейбір компания өз штатын жауып, тек жалақысын мемлекет субсидиялайтын жұмыскерлерді жұмысқа жегумен әуестеніп кетіпті: мемлекет айлық төлеуді тоқтатса, шығарып жіберіп, жаңа жұмыссыздарды қабылдайды. Айталық, біраз аудан-қалада қоқыс шығарушы компаниялар осы схемамен жұмысқа жаман үйреніп алды. «Бұл құрал халықты жұмыспен қамтуда қажет. Алайда оның тәсілдерін қайта қарастыру қажет. Өйткені уақытша жұмыс аяқталғаннан кейін барлық қатысушы тұрақты жұмысқа орналаса бермейді. 2021 жылы жастар практикасынан кейін 62 пайызы, ал қоғамдық жұмыстардан кейін тек 32 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте бұл көрсеткіш өте төмен. Тағы бір мәселе: жекелеген жұмыс берушілер өз штатын құрмайды, субсидияланатын жұмыс орындарын пайдаланады. Әріптестер, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру жұмыссыздық мәселесін шешпейді! Жұмыс берушілермен жұмыс жүргізу қажет. Әлеуметтік жұмыс орындары кейіннен жұмыссыздар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға трамплин ғана болуы тиіс», – деді С.Шәпкенов.АҚС мамандары неге кемсітілді?
Қазақстанда аутсорсингтің тағы бір бұрмаланған түрі бар: ол –азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар (Договор ГПХ). Бұл тәсілді тіпті мемлекеттік мекемелер де жиі қолданады. Қаржы сарапшысы Сейітжан Әзізов біраздан осы мәселені көтеріп келеді. Оның айтуынша, Еңбек кодексінде жұмыскерге – «жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға» деген анықтама берілген. Азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шартпен істейтіндер де осы анықтамаға сәйкес келеді: олар да компания алдында мүліктік, материалдық жауапкершілік арқалайды. Соған қарамастан заңнама бұл адамдардың мәртебесін жұмыскерге емес, «кәсіпкерге» теңейді. «Неге Қазақстанда АҚС шартындағылар компанияның төл жұмыскері саналмайды? Осы кереғарлық кесірінен егер жұмыскер аутсорсингке ауыстырылса, онымен АҚС шарты бекітілсе, онда тіпті оның функционалдық міндеттемелері мүлдем өзгермесе де, ол енді жұмыскер болып есептелмейді. Неге? Әлемдегі трендке жүгінсек, қазір еңбекпен қамтудың батыстық моделі үстем болған. АҚШ-та азаматтардың көбі жеке контрактімен жұмыс істейді. Компаниялар қосалқы, негізгі емес функцияларының бәрін аутсорсингке шығарды. Бірақ осы жұмыскерлер компанияға жұмыс істеген кезінде олардың әл-ауқатына, жалақысына компания жауап береді, өз қызметкеріндей қарайды», – дейді С.Әзізов. Америкада, мысалы Amazon аутсорсерлер арқылы 125 мыңдай қызметкерді қосымша жалдауға кірісті. Осылайша, жалдаған қызметкерлерінің саны миллионға жуықтады. Оларға сағатына орта есеппен 17 доллардан ақы төлейді, әлеуметтік қолдау пакеттері беріледі, тіпті былтыр осы қызметкерлердің университеттегі оқуын толық өтеуге шешім қабылдады. Себебі компания өз беделін басты орынға қояды: жалдамалы қызметкер бірдеңені бүлдірсе, жаман аты аутсорсер-мердігерге емес, Амазонға тиеді. АҚШ еңбек қатынастарының 90%-ын аутсорсингке шығарды. Бұл еңбек дауларын ушықтырған жоқ: еңбеккерлерді қорғау лайықты жолға қойылған. Сарапшы Үкіметке «АҚС шартымен жұмыс істейтіндерді жұмыскер мәртебесіне теңестіру» туралы ұсыныс жолдады. Бірақ бұл ұсынысты Еңбекмині құптамай отыр. «Субъектілік құрамы, мазмұны, шартты бекітудің, өзгертудің және тоқтатудың негіздері мен тәртібі, сондай-ақ келісімді орындау рәсімі бойынша АҚС шарттарының заңдық табиғаты еңбек шарттарынан ерекшеленеді. Атап айтқанда, АҚС шартын бекіткен адам тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша қандай да бір қызметті орындауға міндеттеме алады. Ал тапсырыс беруші оның осы қызметінің ақысын төлейді. Мұндай құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасының нормалары таралмайды. Еңбек кодексінің 21-бабына сәйкес, жұмыскер мен жұмыс беруші еңбек келісімшартын бекітсе ғана еңбек қатынастары туындайды. Тек осы жағдайда ғана жұмыскер еңбек саласындағы құқықтар мен кепілдіктерге ие болады», – деп түсіндірді министр Серік Шәпкенов. Оның айтуынша, АҚС шарты бойынша қызмет көрсететін тұлға «жұмысшы болып таныла алмайды». [caption id="attachment_186654" align="alignleft" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] HR-маманы Вадим Айсин бүгінде АҚС-тегілер мен штаттағылар еңбегінің ерекшелігі жойыла бастағанын айтады. «Мысалы, Еңбек кодексінің 27-бабында «еңбек шартының» АҚС секілді шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі жазылған. Еңбек шартының ерекше белгілері келесідей: біріншіден, жұмыскер белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша жұмысты орындайды, екіншіден, міндеттемелерді еңбек тәртіптемесіне бағына отырып, тікелей өзі орындайды, үшіншіден, еңбегі үшін жалақы алады. Бүгінде барлық АҚС шартында соны бекіткен маман өзіне тапсырылған жұмысты тікелей өзі орындауға міндеттеледі, оны «субподряд» секілді өзгеге жүктей салуына рұқсат етілмейді. Әрі жұмысты білікті орындауы шарт. Яғни, қазір аутсорсинг қызметкерлеріне қойылатын талаптар штаттағылармен теңесіп қалды», – дейді сарапшы. Жауапты шенеуніктер ескі қағидаларға кенедей жабысып, еңбеккерлер құқығын қорғауда икемділік таныта алмай отырғаны байқалады.Заңнамада аутсорсинг ұғымы да жоқ
Өткен жылы Қазақстанның түрлі өңірінде еңбек даулары, ереуілдер өршіді. Солардың барысында жұмыскерлер аутсорсинг жалақысын штаттағы қызметкерлер жалақысына теңестіруді талап етті. Осыған орай пікір білдірген кейбір сарапшысымақтар Еңбек кодексіне өзгеріс енгізілгенін, бұлардың жалақысы онсыз да теңестірілгенін алға тартты. Шынында олай емес: 2020 жылдың желтоқсанында күшіне енген әлгі түзетулерге сәйкес, «Жіберуші тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшері ұқсас лауазымы, тиісті біліктілігі, мамандығы немесе кәсібі, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасы, сондай-ақ өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бойынша қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшерінен кем болмауға тиіс». Жаңаөзен тұрғыны Нұрлан И. 2021 жылы аутсорсинг компаниясы арқылы жұмыс істепті. Содан тапсырыс беруші мен аутсорсинг компаниясы арасындағы шарт мерзімі аяқталған соң олардың бәрімен еңбек келісімшарты бұзылған. Егер әлдебір зауыт штатын мыңдаған адамға қысқартса, бұл туралы ақпарат құралдары жарыса жазады, еңбек инспекторлары араласады, тіпті Үкімет деңгейінде қаралуы мүмкін. Ал аутсорсингпен жалданғандарға ешкім назар аудармайды. «2020 жыл соңында Еңбек кодексінің 103-бабы күшіне еніп, жалақылар енді теңесетіні айтылды. Жаңаөзенде қала құраушы «ӨзенМұнайГаз» кәсіпорны бар, ол аутстафф келісімдерімен қабылданғандардың жалақысын штаттағылармен теңестірді, ал аутсорсингпен келгендердікін теңестірмеді. Өз кезегінде «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС аутстаффингті де, аутсорсингті де теңестірді. Неге бұлардың әрқайсысы заңды өзінше түсініп, ала қойды бөле қырқуда?» – дейді Нұрлан. Сөйтсе, аутсорсингтегілер жағдайы аутстаффтан нашар болып шықты. «Еңбек кодексінде аутсорсинг және аутстаффинг деген ұғымдар мүлдем жоқ. Кодексте тек «персонал беру» деген ғана бар. Ол бір компанияның, айталық, кадрлық агенттіктің басқа компанияға – қабылдаушы тараптың мүддесінде, басқаруымен және бақылауымен еңбек функцияларын орындайтын персоналды беруін қарастырады. Бірақ бағыттаушы тарап сол жұмыскерлердің жұмыс берушісі болып қала береді. Бұл – аутстаффинг деген сөз. Бағытталған жұмыскерлердің жалақысы қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің жалақысымен бірдей болуы тиіс. Ал аутсорсинг дегеніміз – персонал ұсыну емес, ол әлдебір компанияның қандай да бір қызмет түрін не функциясын басқа бір компанияның орындайтынын білдіреді. Демек, аутсорсинг қызметтері Еңбек кодексінің 103-бабына жатпайды», – деген түсініктеме берді Еңбекмині. Қорыта айтқанда, болашақта да еңбек дауларының көбі аутсорсингке қатысты туындайтынға ұқсайды. Өйткені оларды тіпті Еңбек кодексі де қорғамайды. Әлгінде министрлік айтқандай, ұлттық еңбек заңнамасында аутсорсинг деген ұғым да жоқ: өмірде бар, оны заң елемейді. Заңнамада болмаған соң Еңбекмині де қорғамайды. Жапонияда бүгінде бүкіл жұмысшылардың жартысы ғана «өмір бойға жұмысқа алу» қағидатымен еңбек етеді екен. Дегенмен сарапшылар жаһандық созылмалы дағдарыстар, пандемия, елдегі экономикалық құлдырау «сюсин коё» жүйесін жастар үшін қайтадан тартымды ете бастағанын айтуда. Sauap.org порталының дерегінше, «Күншығыс елінде» 33 мың компания 100 жылдан көп уақыттан бері жұмыс істейді. Ал кеше ашылған компания бүгін жабылып қалып жатқан Қазақстанда бұл жүйе жерсіне алмасы мәлім. Ендеше ең құрығанда, аутсорсингпен алынатын жұмыскерлерді қорғауды күшейту – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе болса керек.