Соңғы уақытта елімізде кей автомобильдердің шанағынан Z белгісі бар жапсырмаларды көріп жүрміз. Бұл әрекет қоғамда қызу талқыланып жатыр. Себебі Z белгісін Ресей әскерін қолдау амалымен байланыстырып жүрген жұрт көп. Яғни, өзге елге қатысты дүниені насихаттау жолы ретінде саналады. Ал оларға қатысты құзырлы органдар қандай шара қолданбақ? Мұндай әрекеттер ұлтаралық араздықты тудыруы мүмкін бе?
Дәл осындай оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. 2014 жылы Қырым Ресей қолына өтіп, аймақта келеңсіз жағдай болды. Сол кезде Қырымда «сыпайы адамдар» деп аталатын белгісіз формадағы сарбаздар шықты. Олар әртүрлі мақсаттағы нысандарды, әскери бөлімдерді бақылауға алды. Ресейдің сарбаздары екені біз айтпасақ та белгілі. Сол жылы «сыпайы адамдарға» арналып түрлі сарбаздың тұлғасы бейнеленген жапсырмалар қаптап, сатылымға шықты. Қазақстанда да осы жапсырманы көлігіне жапсырғандар көбейді. Бұл бір төбе, тіпті «сыпайы адамдар» бейнеленген киімдер сатылды. Бір қызығы, қоғам мұны аса бір қатты талқылаған жоқ. Соның әсерінен бе, әйтеуір елімізде жапсырма мен киімді таратқандардың біразы жазасыз қалды. Осылай саяси маркетинг қадамы мен пропагандаға жататын іске бөгет болмадық. Көп өтпей тақырып ұмытылып та кеткен болатын.
Иә, мұндай провокацияға негізделген қолайсыз оқиғалар бізде көп болған. Әлеуметтік желіде ұлтқа тіл тигізіп, «өзге елдерге қосылуды» үгіттегендер жетерлік. Біразы кешірім сұрап құтылды, кейбірі сотталды. Мұндай қадамға өзге ұлт өкілдері жиі барады. Мәселен, 2020 жылы қаңтарда Теміртау қаласының тұрғыны Вячеслав Злотинский деген азамат әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның Ресейге автономия болып қосылғанын қалайтынын айтқан еді. Тізбектеп жатпаймыз, тілге, ұлтқа, мемлекетке қатысты жосықсыз айтқан сөздері сансыз. Көп ұзамай азамат видеоүндеу арқылы дүйім жұрттан кешірім сұрады. Сол жылы қарашада Қостанай өңірінің тұрғыны Кирилл Божко екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қыркүйек айында әлеуметтік желіде қазақ халқына, қазақ тіліне тіл тигізіп, «маймылға теңеді». Алғашында азамат елден кешірім сұрап құтылғысы келген еді. Бірақ құзырлы органдар «ұлтаралық жанжал тудырғаны үшін» жазадан босатпады. Кейін де «атың шықпаса, жер өртенің» кебіне түскендер азаймады. Былтыр 19 тамызда Алматы қаласының Әуезов аудандық соты блогер Ермек Тайшыбековті «ақпарат құралдарын қолдану арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен 7 жылға түрмеге қамады. Тайшыбеков көп тайраңдады. Бір емес, бірнеше рет мемлекеттік тілге шүйлікті. Қайта-қайта «Қазақстанды Ресейге кіргізу керек» деп заржақ болды. Ақыры мәселе асқынып бара жатқан соң азаматты жазаға кесуге тура келген.
Енді Украина мен Ресей арасы ушығып тұрған тұста елімізде арандатушылар қайта ояна бастаған сыңайлы. Таяуда ғана елімізде мұғалім болып жүрген тағы бір өзге ұлт өкілі соғысты қолдайтынын, Қазақстан да Ресей құрамына кіру керек екенін айтып, әлеуметтік желіде видео таратты. Онысымен қоймай, әйел видеода сан мәрте анайы сөздер айтқан. 1 күннен кейін ол әлеуметтік желі арқылы бейбітшілікті қалайтынын жеткізіп, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Қазір ол әйелдің нақты кім, қандай жазаға тартылуы мүмкін екені жайлы дерек жоқ. Дегенмен құзырлы органдар осындай ұлтаралық араздықты тудырушыларға қатысты шара қолданбаса, алдағы уақытта оңай құтыларын білген арандатушылар көбейері сөзсіз.
ТҮЙІН:
Сонымен, Z белгісінің мәні ресейлік әскерлерді қолдауға бағытталғанын ұғындық. Әйтпесе, полицейлер бекерге сабылмас еді. Тек заң жағынан мәселені зерделеген жөн болар. «Олардан келер қауіп қандай?» дерсіз. Біріншіден, сөзсіз, бұл – насихат құралы, өзге идеологияға елді иландырудың амалы. Екіншіден, осындай әрекеттер арандатушыларға дем беруі мүмкін.