Бұл тау – қай тау?
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген санаулы тарихи орынның бірі. «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына еніп, мемлекеттік қорғауға алынғаны тағы бар. Бектауата табиғаты – аса ерекше, колоритті мекен. Бұл тау Қазақстанда орналасқанымен, аты алыс-жақын шетелге мәлім. Туристерге ғана емес, ем мен шипа іздеген талай жұртқа жақсы таныс. Жергілікті халық бұл тауды кие тұтады. Ықылым заманнан бері қазақ халқы мұнда ауруына шипа тілеп, дұға жасап, түнеуге келген. Сонымен қатар бала сүюге зар болған әйелдер де осында келіп, зиярат еткен. Бектауата үңгірінен ағатын су қайнары шипалы саналады. Ал көмекке зәру халық міндетті түрде сұрағанын табады деп есептеледі. Ұлы дала жауһарын індете зерттеген ғалымдардың сөзінше, Бектауата атылмай қалған жанартау көрінеді. Бектауата тауы ірі түйіршікті гранитоидтардан түзілген. Солтүстік-батыс шеті Қоңырқұлжа мен Қарашоқы шоқылары эффузивті жыныстардан тұрады. 1982 жылдан бастап Солтүстік Балқаш өңіріндегі республикалық маңыздағы ботаникалық қорық Бектауатада құрылды. 30-ға жуық бұлағы болған. Қазір олардың көбі тазаланбағандықтан, көзі бітеліп, онға жуығы ғана ағып жатыр. 1938 жылы әлемді таңғалдырған зерттеуші В.Селевин Бетпақдала экспедициясын жүргізіп, соның барысында жалман кемірушісін тапқан. Содан ол «Селевин жалманы» аталып кеткен. Түн жануарының негізгі мекені – Бектауата бөктері. Бұдан бөлек, бұл жерде арқардан бастап, аңның бірнеше түрі бар. Өсімдіктердің 100-ге тарта түрі кең таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і Қызыл кітапқа енгізілген. Бектауата тауының күнбатыс тұсында 80-100 метр биіктікте әлем туристерінің назарын аударған үлкен үңгір бар. Үңгірдің жалпы ұзындығы 45-48 метрге жуықтайды. Оған тас қорымы арқылы шығады. Кіреберіс қуысының биіктігі – 3, ені – 1,5 метр. Онда 15-16 метрге дейін еш қиындықсыз кіре аласыз. Бұдан кейінгі бөлігі, яғни 29 метрден әрі үңгір түбін терең көлшік алып жатыр. Жергілікті тұрғындар Бектауатаны «Әулиетау» деп те атайды. Бұл таудың атауына, қасиетіне байланысты ел аузында аңыздар көп. Біреулер Бектау ата және Беғазы деген екі әулие паналаған жер десе, ал бірі Асан қайғы бабамыз аялдап, «Бектауата» деп атау берген деген аңыз бар. Тағы бір аңызда жауынан қашқан Атабек есімді кісі осы таудағы үңгірге жасырынып қалады. Ары-бері іздеген дұшпандары оны таба алмай, кері қайтыпты. Құдайдың құдіретімен сол үңгірдің ішінде мөлдір бұлақ пайда болған деседі. Жергілікті журналист Қуандық Сәденов: «Қазақстан өңірлеріне картография жүргізілген кезде Әулие ата атауының өзгеріп кететінінен қорыққан бір қария Бектау деп айтып жіберген. «Бек» деген сөздің өзі ерекше, тұлғалы мағынасында қолданғандықтан, таудың басқалардан өзгеше болғанынан да осы атау лайық деп тапса керек. «1993 жылы жарық көрген «Қазақ бақсы-балгерлері» деген кітаптың 43-бетінде «…Бектау-ата Бек ата, Бекіш-ата, қолдай көр…» деген бақсы сарыны бар. Мұндағы «Бектау-ата Бек ата» осы әулие болуы әбден мүмкін. Бұл жағы әлі зерттелмеген», – деп жазады.Дау неден туды?
Екі жыл бұрын «Балқаштың жанындағы Бектауата тауының шоқыларын қазып жатыр» деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде таралған хабарламада тарихи нысанның шоқыларын «Қарағанды–Балқаш» күрежолының құрылысы үшін бұзып жатқаны, сонымен қатар ол маңдағы ескі қорымдардың да қазылып тасталғаны айтылды. Бірнеше рет Facebook желісінде дабыл қаққан Төлеубек Дөнентаев есімді қолданушының жазуынша, жол салушы кәсіпорын Бектауатаның солтүстік-батыс сілемі – Қоңырқұлжа шоқысын бұзып, сол маңдағы бабаларының мазарын жермен-жексен қылған. Осы ақпарат желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Жұртшылық тарихи нысанды қорғауды талап еткен пікірлер жариялады. Сонымен қатар ол Қоңырқұлжаның етегінен басталған қазу жұмысы үлкен аумақты алып жатқанын жеткізген. «Қолымызда өлшегіш құралымыз болмаған соң, қазылған жерді адымдап өлшеп шықтық. Ені – 55 қадам, ұзындығы – 70 қадам, ал биіктігі 10 метрге жуықтайтын тау жынысы қазып алынған. Тұрғындардың айтуынша, осы маңайда ашаршылық жылдары қайтыс болған адамдардың тас бейіттері болған көрінеді. Біз көргенде айтылған жер тып-типыл болып жатты. Сұрастырып білсек, осыған дейін бұл жер «Айтас-2002» ЖШС еншісінде болыпты. Кейін учаскені шаруа қожалығы мемлекетке өткізген», – деген болатын Нұрдос Кәрім. Бір қызығы, бір топ журналист, белсенділер барғанымен, шоқының жоғары бөлігінде бұрғылау жұмыстары тоқтамаған. Бір күнде таңғы сағат 08.00-ден 15.45-ке дейін 61 рейс жасалған. Әр жүк көлігі 27 тоннадан 32 тоннаға дейін тау жынысын артып әкелген. 61 рейсті 27 тоннадан есептегеннің өзінде 1 647 тонна тау жынысы тасымалданған...Биыл қайта басталды ма?
Жақында Бектауатаға қайта қауіп төніп тұрғаны туралы ақпарат қайта тарады.Тараған ақпаратқа сүйенсек, алматылық «Дәнекер Жол» ЖШС 2022-2023 жылдары жол құрылысына тау сілемінен 1,5 миллион тонна тас алу үшін 500 тоннадан астам жарылғыш затты қолдануды жоспарлап отыр. Ол үшін жергілікті тұрғындармен кездесіп, сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы қоғамдық тыңдау өткізетінін хабарлаған. Экологтердің айтуынша, жоспарланған жұмыстар жүзеге асса, ауданы 8 гектардан асатын жер карьерге айналады. Тау мен жақын жердегі елді мекенге орасан зиян келтірмек. Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов аумақта қазба жұмысы жүргізілмегенін айтты. – Біз бұл мәселені қатаң бақылауға алдық. Ресми түрде хабарлаймын: Бектауатада ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Бұған дейін аталған қорық жанындағы Қоңырқұлжада карьер пайдаланылған, мамыр-шілде айларында рекультивация жасалады. Енді алаңдауға негіз жоқ, – деді ол. Ал Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілі Лиана Жамлиханова «Дәнекер Жол» ЖШС-нан 2022 жылдың 21 ақпанында қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы сұраныс хаты түскенін мәлімдеді. Түпнұсқада келтірсек, «10.12.2021 г. в адрес Управления природных ресурсов и регулирования природопользования Карагандинской области поступило письмо-запрос от ТОО «Дәнекер Жол» касательно проведения общественных слушаний 21 февраля 2022 г. по проекту «План горных работ месторождение магматических пород Бектау в Актогайском районе Карагандинской области» с материалами ОВОС, по итогам рассмотрения были согласованы данные общественные слушания согласно Правил проведения общественных слушаний. Но на сегодняшний день данные общественные слушания по Единому экологическому порталу отозваны по инициативе заказчика проектных документов (ТОО «Дәнекер Жол»). По данному порталу причина отзыва не указывается. Взрывные работы на объекте проводиться не будут». Түсінгеніміздей, әу баста тау жынысын алуға қатысты қоғамдық тыңдау өткізбек болған компания кейін бұл ойынан бас тартқан. Иә, киелі жердің дауы әлі бітпейтіндей. Өйткені Қарағанды – Балқаш автобаны әлі аяқталған жоқ. Күн жылып, жол жұмысы басталғанда, бұл «айқай» қайта басталардай...Қарағанды облысы