Алматының іргесіндегі ауыл мектепке зәру
Алматының іргесіндегі ауыл мектепке зәру
446
оқылды
Алматыға іргелес, облыс аймағында орналасқан  Долан ауы­лының тұрғындары мектеп мәселесін айтып келе жатқанына бір­­неше жылдың жүзі болды. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күн­ге шешімін тапқан жоқ. Доланның балалары  Қырғауылды жә­не Алмалыбақ ауылдарындағы білім ошағына қатынап оқуға мәж­бүр. Кейбіреулері онлайн білім алып жатыр.  Ауыл тұрғындарының  балалар үшін мектеп салып беруін сұрап, тиісті орындар­дың табалдырығын тоздырып жүргеніне де аттай 15 жыл болыпты.

Алты бөлмелі үй мектеп болған

Жалпы, аталған ауылда осы күн­ге дейін бастауыш сыныптар үшін мектеп болған. Ол әлі де бар. Алайда мектеп деген аты болмаса, заты сын көтермейтін, әлдеқашан тозығы жеткен, апатты жағдайдағы ғимарат ғана бар. «Ауылдағы жалғыз мектеп бастауыш сыныпқа арналған. Басында алты бөлмелі тұрғын үй болған. Кейін мектепке берілген. Ішіне кір­сеңіз, қорқасыз. Шатырлары құлап кетпесін деп бірнеше жерден діңгек тіреп қойған. Егер оған біреу тиіп кетсе, төбесі ортаға түсуі мүмкін» дейді бізге хабарласқан ата-аналардың бірі Айгүл Жәрменова. Ал 5-11-сыныптың оқушылары көрші екі ауылға қатынап оқып жүргендеріне 15 жыл болған. Тіпті, осы 2021-2022 оқу жылы басталар алдында да ата-аналар қолдарына талап­тары жазылған плакат ұстап, наразылық білдірген екен. Олар ауыл ішіндегі бастауыш сыныптарға арналған мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып, жауапты орындардан осы мәселені біржақты етуді талап еткен. Бұл мәселе республикалық БАҚ-та да бірнеше рет көте­рілді. Облыстық оқу бөлімінің өкіл­дері: «Біз бұл мәселеден хабардармыз. Қарасай ауданы Долан ауылындағы бастауыш мектеп құлағалы тұрғаны рас. Ол ауылға 600 орындық мектептің жобалық сметасын жасап, Мемлекеттік сараптама бөліміне тапсырып қойдық. Сараптама қорытындысынан соң, облыс­тық қаржы бөлімінен қажетті қаражат бөлінеді. Жаңа мектептің құры­лысы 2022 жылы басталады деп жос­парлап отырмыз», –деп жауап берген. Осы жолы Білім басқармасына тағы хабарластық. Олар өткен жылы қыркүйек айының аяғында аталған ауылға мектеп құрылысының жобалық сметалық құжаты Мемлекеттік сараптама бөлімінің оң шешімін алғанын жеткізді. Осы шешімнен кейін Доланда жоспарланған 600 орындық мектептің құны 4 млрд 273 млн теңге деп есептелген. Ендігі жерде Алматы облыстық Құрылыс басқармасы қажетті қаржыны қарастыруға облыстық мәслихатқа өтінім түсіріп қойған. Білім басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Уалбаеваның айтуынша, қажетті қаражатты бөлу мәселесі осы наурыз айында өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралады.

Уақытша жалға алуға ғимарат табылмады

Ауыл тұрғындары оқу жылының басында жиналып наразылық білдіргенде, негізгі талабы жаңа мектеп салдыру болса, екінші талабы ретінде жаңа мектеп салынғанға дейін ауыл ішінен уақытша қауіпсіз ғимарат тауып, балаларын сол жерге оқытуды сұраған. Бұл мәселе де оң шешілмеген секілді. Облыстық Білім басқармасының өкілі Г.Уалбаеваның айтуынша, аталған ауыл ішінде мектеп жасауға ыңғайлы ғимарат жоқ екен. Бар мекеменің иелерімен келісе алмаған. «Біз ауыл әкімімен бірге сондай ғимарат болса деп іздестірдік. Тіпті, екі қабатты тұрғын үй болса да, жалға алу ақысын төлеп, балаларды сол жерге көшірсек дедік. Өкінішке қарай, ондай ғимарат табылмады. Ауыл шетінде бұрын Пионер лагері болған екен. Ол ғимарат ауыл ішінде тұрғанымен, Алматы қаласының балансында болып шықты. Оның негізгі иелерімен сөйлесіп көрдік, бірақ уақытша мектеп үшін жалға беруге келіспеді»,– дейді бөлім басшысы.

Тасымалдап оқытуға ата-аналар келіспейді

Осындай кедергілерден кейін түйткілді мәселенің түйінін шешудің жалғыз жолы ретінде балаларды көрші Алмалыбақ ауылындағы мектепке тасымалдап оқыту ұсынылған. Ол үшін облыстық Білім басқармасынан арнайы автобустар бөлінетін болған. Оған қоса, аталған көрші ауылдағы мектептің бір қанатын арнайы Доланнан келетін оқушылар үшін босатып берген. Мәселе «енді ғана шешілді ме?» дегенде жағдай мүлдем басқаша өрбіген. Ауылдағы ата-аналардың бір бөлігі бұл ұсыныс­ты қолдаса, біразы қарсы болған. Себебі көп ата-аналар балаларының тасымал арқылы қатынап оқуынан гөрі үйде отырып онлайн режимде білім алғаны дұрыс деп шешкен. Қарсы топ: «Біздің балаларымыз көрші ауылдағы мектепте үшінші ауысыммен барып оқиды екен. Яғни, сәйкесінше сабақ та кеш бітеді. Бұл бастауыш сыныптың оқушысы үшін артық ауыртпалық. Тоқетері ауылымыздан тезірек жаңа оқу ошағын салып берсін» деген талаптарын алға тартқан. Сөйтіп, бұл нұсқа да жүзеге аспай отыр.

Бозымбаевтың сынынан кейін тағы шегерілуі мүмкін

Ауыл тұрғындары облысқа жақында тағайындалған жаңа әкім Қанат Бозымбаевтың өңірде жаңа білім ошақтарын салуға бөлінген кейбір қаражаттарды қайта қарау туралы сын-ескертпесінен кейін Доланға мектеп салу шаруасы тағы кейінге шегерілетін секілді деп уайымдап отыр. Оған себеп те жоқ емес. «Осыдан бір айдай бұрын облыс басшысы Қанат Бозымбаев біздің Қарасай ауданының орталығына келіп жиналыс өткізді. Сол жиналыста Долан ауылындағы мектеп құрылысына деп жоспарланған 4 млрд 273 млн теңгені қайта қарауды тапсырған көрінеді. Әкімнің айтуынша, 600 орындық мектеп үшін бұл сома тым көп екен. Бозымбаевтың осы сынынан кейін жауапты шенділер қайта қарап, жаңа шешім шығарамын дегенше тағы біраз уақыт кетейін деп тұр. Осыған байланысты ауылымызға жаңа мектеп түсер деген арманымыз тағы біраз уақытқа шегерілетін сияқты», – дейді ауыл тұрғындарының бірі Жазира Жомарт. Мәселенің анық-қанығын білмек болып Алматы облыстық әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктің баспасөз қызметі облыс басшысы жаңа мектептердің құрылысына жоспарланған қаражаттардың тым көп екені туралы сын айтқанын жоққа шығармады. «Долан ауылындағы мектеп жайлы нақты еш нәрсе айта алмаймын. Бірақ облыс әкімі басқарма басшыларымен өткізген жиында өңірімізде салынуы тиіс жаңа мектептердің жобалық-сметалық құжаттарына қатысты сын айтқаны рас. Бозымбаев мырзаның есебінше, дәл сондай 600 орындық мектептің құрылысына 2 млрд теңгенің төңірегіндегі қаржы жеткілікті. Себебі облысымыздың басқа аудандарында осындай қаражатқа бой көтерген бірнеше жаңа мектеп бар екен. Сондықтан осы мәселені қайта қарау туралы тиісті орындарға тапсырма берді»,– деді Алматы облысы әкімі­нің баспасөз хатшысы Руслан Ербота. 2019 жылы дәл осы Долан ауылындағы мектеп жасындағы бала саны 1 900 болған. Одан бері ауыл жыл сайын үлкейіп, сәйкесінше тұрғындар саны да өсті. Бүгінде ауылда орта есеппен 2 500-ге жуық оқушы бар. Доланға жаңа мектеп салына қалған жағдайда «сұранысты толық қанағаттандыра ала ма?» деген тағы бір сұрақ туады. Облыстық Білім басқармасындағылар «жаңа білім ошағы екі ауысымда білім береді» деп отыр. Біздің есеп бойынша, екі ауысымда бар болғаны 1 200 балаға ғана дәріс өткізу мүмкін болмақ. Қалған 1 300-ге жуық оқушы не істемек? Тағы үш ауысымды мектептердің санын көбейтеміз бе? Бұл мәселеге шенділер қалай қарайтыны тағы белгісіз?!.

Алматы