«Іс бітті, қоян зытты»
Негізі, ағысы асау Шу өзенінің суын ауыздықтап, ауданға қажетті мөлшерін ғана бағыттау үшін жылда мойынқұмдықтар құмнан бөгет тұрғызып келген болатын. Алайда миллиондаған қаржыға тұрғызылған бөгетті көктем келе су шайып кететін. Осыған орай 2014 жылы жергілікті билік гидроқондырғы салу туралы шешім қабылдайды. Мердігер құрылысты дер кезінде бітіргенімен, жыл өтпей қондырғы істен шығып, миллиондаған қаржы суға кетеді. Бұл мәселені сол кезде облысты басқарған Кәрім Көкірекбаев жіті бақылауына алып, тіпті өзен басына журналистерді апарып, мердігердің қондырғыны қайта қалпына келтіру туралы уәдесін алады. Алайда сол уәде айтылған жерінде қалып, құрылыс қайта қолға алынбайды. 2018 жылы аймақ тізгінін Асқар Мырзахметов ұстағанда аталған гидроқондырғыны қайта салу сметасын жергілікті билік 900 миллион теңге деп көрсетті. Бірақ Асқар Исабекұлы бюджет қаржысын үнемдеуді басты орынға қойып, жоба құнын жарты есе түсірді. Әкімнің талапты тапсырмасын жауаптылар екі етпей орындауға келіскенімен, екі жылда тағы ештеңе бітпеді. Биыл бұл мәселемен облыстың қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаев бетпе-бет келіп отыр. Әрбір жиын сайын ағын судың мәселесін бірінші орынға қоятын Бердібек Машбекұлына бұл гидроқондырғының құрылысы бас ауруға айналып отырғаны анық. Себебі біріншіден, құрылысқа қажетті қаржының көлемі қомақты. Екіншіден, о баста гидроқондырғыны салған мердігер «іс бітті, қоян зыттының» керін келтіріп кеткен. Сондықтан су сұрап, шырыл қаққан шаруаларға басу айту үшін жаңа гидроқондырғы салу Бердібек Сапарбаевтың арқасына жүк болып отыр. – Негізі, бұл мәселе облыс әкімінің жіті назарында тұр. Күні кеше аймақ басшысының орынбасары Рүстем Даулет ауданға жұмыс сапарымен келіп, су шайып кеткен гидроқондырғыны көзбен көрді. Сондай-ақ Рүстем Рысбайұлы Радай өзенінің бойындағы апатты жағдайда тұрған көпірге де ат ізін салды. Ауданда қазір гидроқондырғыдан бөлек, Радай көпірінің құрылысы да өзекті болып тұр. Өйткені өзеннің арғы бетінде қалған 80-ге жуық шаруашылық көпір арқылы өте алмай, жанақайын білдіріп отыр. Радай көпірінің құрылысына шамамен 600 миллионнан аса қаржы қажет. Алайда облыс әкімдігі бұл соманың көп екенін айтып, қазір арзан көпірдің жобасын жасады. Бірақ бізге Радай көпірін салмас бұрын гидроқондырғыны жөндеп алуымыз қажет. Өйткені су реттегіш гидроқондырғы болмаса қанша жерден көпір салсаң да оны су шайып кетеді. Сондықтан біз ең бірінші гидроқондырғы салып беруге өтініш жасап жатырмыз. Оған шамамен 704 миллион теңгедей ақша керек, – дейді Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Жақсыбек Исақов.Шаруалар неге шырылдайды?
Жақсыбек Сағынбекұлы нысанның мемлекеттік сараптамасын 2017 жылдан бері созып келе жатқан «Пана» ЖШС-мен қазір соттасып жатқанын да айтты. Серіктестік сот шешімімен жобаны сәуір айында мемлекеттік сараптамадан шығарып беруге міндеттелген көрінеді. Міне, осыдан кейін гидроқондырғының құрылысына қатысты мәселеде қозғалыс болатын секілді. Қазір Шу өзенінен бастау алатын Радай су айдынына 5 елді мекеннің күні қарап отыр. Мұндағы халықтың дені бау-бақша өнімдерін еккенімен, оларға да ағын су қажет. Сондықтан көктем келе шаруалар Шу өзенінің арнасына көз тігуде. Ал өзенде гидроқондырғы болмағандықтан, су қазір тек табанында жатыр. Мұндайда ауданның ауыл шаруашылығы саласы өркендейді деп қалай айта аламыз? Мойынқұмдықтардың жағдайымен Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген де танысып қайтқан. «Ағысы қатты Шу өзені суын реттегіш Радай өзенінің гидроқондырғысы 2014 жылы салынған болатын. Ауылдардың жайылымы мен шабындығын суландырып, тіршілік жасауға көп мүмкіндік жасауды көздейтін осы гидроқондырғы құрылысына 350 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алайда бұл гидроқондырғы арада бір жыл өтпей жатып-ақ істен шығып қалады. Шу арнасы су толып, қатты ақты ма, қондырғыны қопарып, шайып кетеді. Айқай-шу болады. Мердігер бар, басқасы бар, табиғи апат деді. Сапасы да сынға ілікті. Енді бұл гидроқондырғыны қайта салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Жоба бойынша 704 миллион теңге қаржы көзделген. Мойынқұм ауданының бір өзекті мәселесі – осы. Мұндай нысан керек екенін айтады мамандар. Бірақ сапалы, мықты, берік болуы керек», – деп депутат әлеуметтік желідегі парақшасында өз ойын білдірді. Жазбаны оқыған мойынқұмдықтар бұл мәселенің жыр болып келе жатқанына 10 жылдың жүзі болғанын, Радай көпірі апатты жағдайда тұрғандықтан, шаруалар 25 шақырым жерді айналып өтуге мәжбүр екенін толассыз жазды. Сондай-ақ облыс пен ауданда қанша әкім ауысса да, мәселе сол күйі қалатынын да жұрт жеткізді. Тіпті, сапасыз құрылыс үшін жауаптыларды құқық қорғау органдары тексерсе де, олар кінәсіз болып шығатынын ашына айтқандар болды. Соңыра көпшілік халық қалаулысынан бұл мәселені Парламент мінберінде көтеруді сұрады. Өз кезегінде Мейрамбек Мылтықбайұлы бұқараның базынасы елеусіз қалмайтынына сендірді.P.S.
Міне, мойынқұмдықтардың жанайқайы – осы. Талай жылдан бері құрылысы сағызша созылып, жыр болып келе жатқан гидроқондырғы мен көпір салып беруін сұрайды. Себебі негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы саласы саналатын өлкеде ағын сусыз өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан Жаз-ата ауылы халқының үні Парламент мінберіне жетіп, жақын арада бір шешімін табады деп сенеміз. Әйтпесе жергілікті билік нысанның жобасы мен сметасын бекітеміз дегенше тағы 10 жыл өтетін түрі бар.
Жамбыл облысы