«Тобыл» тағы да топ жара ма?
«Тобыл» тағы да топ жара ма?
407
оқылды
5 наурызда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті маусымы бас­талa­ды. Маусымаралық үзілісте оқу-жаттығу жиынындағы ойындарын ойдағыдай өткізіп, құрамын жаңартқан 14 команда 26 тур бойы жасыл алаңда ала доп бәсекесін қыздыруға дайын. Алғашқы турда «Ордабасы» мен «Мақтаарал», «Астана» мен «Шахтер», «Атырау» мен «Ақсу», «Каспий» мен «Қызылжар», «Тұран» мен «Тараз» командалары кездеседі. Ертесіне «Қай­рат» пен «Ақтөбе» және «Тобыл» мен «Ақ­жайық» арасындағы бәсекеге куә боламыз. Әсіресе, футбол жанкүйерлері Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы ойынды асыға күтіп жүр. Өйткені қос клуб арасындағы ойын әрқашан таласқа, тартысқа толы болады. Айтпақшы, ел біріншілігіндегі маңдайалды ойын алдында былтырғы чемпион «Тобыл» мен Қазақстан кубогының жеңімпазы «Қайрат» командасы «Астана Арена» стадионында Суперкубок жүлдесін сарапқа салып үлгерді. Финалдық ойында 2:1 есебімен жеңіске жеткен қостанайлық ұжым екінші жыл қатарынан жаңа маусымды жүлдемен бастады. Бұл – Мос­каленко футболшылары үшін үлкен жетістік. Бұған қоса, «Тобыл» футболшылары осы жеңісінен кейін 27,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Ал финалда бақ сынаған алматылық команда 12,5 миллион теңгені еншіледі. Биылғы маусымның артықшылығы, осы жылы чемпиондыққа таласатын командалар қатары арта түсті. Клубтардың да деңгейі қарайлас. «Қайрат» пен «Астанаға» бәсекелес болатын командалар қатарына кейінгі бір-екі жылдықта «Тобыл» командасы қосылды. Өткен жылы араға 10 жыл салып қайта чемпион бол­ған қостанайлық ұжым осы жылы сол же­тіс­тіктерін қайталағысы келеді. Бір кездері еліміздегі ең үздік клубтардың бірі болған «Ақ­төбе» командасы да құрамын жаңартып, күшейткен соң осы жылы жүлдеге таласатындардың тізіміне енді. Былтыр күміс жүлдегер атанған «Қайрат» командасы құрамы өзгерсе де біріншіліктің алтын жүлдесіне қол жеткізуге тырысады. 2021 жылы қоланы қанағат тұт­қан «Астана» 2022 жылғы маусымда ел чемпионы атану үшін барын салады. Қостанайлық «Тобыл» үшін маусым сәтті басталды. Енді осы жүрісінен жаңылмаса ел біріншілігінде де, еурокубоктық ойындарда да атой салуы мүмкін. Әзірге Москаленко футболшылары бапкердің тек бір тапсырмасын ойдағыдай орындады. Алда көптеген ойын бар, маусым да өте ұзақ. Араға 10 жыл салып ел чемпионы атанған «Тобыл» келесі жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түседі. Еурокубоктық бәсекенің топтық кезеңінде ойнауға мүмкіндігі жоқ емес. Ал осы жылы Құрбан Бердыев футболшылары жастарға сенім артады. Қымбат легионерлермен қош айтысып, оның орнына мәскеулік «Қайрат» клубынан бірнеше ойыншы алдыртты. Мұндай өзгерістерден соң «Қайраттың» жаңа маусымда чемпиондыққа таласуы, Конференция лигасында сәтті өнер көрсетуі екіталай. Бес дүркін ел чемпионы елордалық клубтың да құрамы былтырғы жыл­мен салыстырғанда мықты емес. Бірақ үздік легионерлерін жібергенімен, дер кезінде орнына басқа сапалы футболшылар алды. Бастысы, «Астана» команданың негізгі ойыншысы Марин Томасовты сақтап қалды. Енді олар жаңа бапкермен, жаңа құраммен жүлделі орынға таласып көрмек. Тобыл Қазақстан Премьер-лигасының көрігін қыздыратын командалардың шама-шарқын алғашқы турда бағамдай жатармыз. Біріншілік басталар шақта футбол мамандары 14 қатысушыға қандай баға берді, ең алдымен соған зер салып көрелік. – Көпшілік үшін жаңа маусымда қай команда чемпион болатыны, қай клубтардың жүлдеге таласатыны, «Ақсу» мен «Мақтааралдың» Қазақстан Премьер-лигасындағы дебюттік ойыны қалай болары, еурокубоктық бәсеке қатысушыларының аталған додадағы аяқалысы немен ақталатыны қызық. Менің ойымша, «Қайрат» пен «Астана» еурокубоктық ойындардың үшінші кезеңінен ары аса алмайды. «Қызылжардың» бұл турнирде өнер көрсетуінің өзі жетістік болмақ. Ал ішкі біріншілікке келер болсақ, «Тобыл», «Астана», «Қайрат», «Ақтөбе» төрттігі арасында чемпиондыққа талас жүруі мүмкін. Биыл жергілікті жастарға сенім артып, легионерлерсіз ойнайтын «Ордабасының» төменгі дивизионға түсіп қалу қаупі жоғары. «Ақжайық», «Тараз», «Кас­пий», «Ақсу» да бірінші лигаға кетіп қалмауға тырысады.  «Шахтер», «Тұран», «Атырау» тур­нир­лік кестенің ортасында жүретін шығар, – дейді спорт журналисі Қуаныш Қаппас. Спорт комментаторы Елдар Аманбаев осы жылы ел біріншілігін тағы да «Тобыл» жеңіп алады деп болжам жасады. – Біздің лигада әр маусым сайын тұрақты 2-3 фаворит болады. Былтыр «Қайрат», «Тобыл», «Астана» көпшілік назарында болған. Биыл да осы үш клуб ел чемпионы атағын сарапқа салуы тиіс. «Тобылдың» чемпиондықты қорғап қалуға шамасы жетеді. Бірақ тағы бір маңызды фактор бар, ол – еурокубоктық бәсеке. Егер «Тобыл» екі фронтта да жақ­сы ойнай алса, алтын алуына да мүмкіндік жоқ емес. «Астана» мен «Қайрат» алтынға үміткер клуб қатарында, бірақ қостанайлық ұжым олар­дан бір бас жоғары екенін ұмытпауымыз керек. «Мақтааралды» білмеймін, бірақ «Ақсу» құрамын жақсы ойыншылармен толықтырды. Тәжірибелі қорғаушы Гафуржан, үздік жартылай қорғаушы Әбікен, алғы шепте бірінші лиганың сұрмергені Тұрлыбек барда команда тур­нирлік кестенің ортасында жүре алады. «Мақ­таарал» болса дебюттік маусымда чемпионаттағы орнын сақтап қалуға тырысады. Жүлделі орындардан «Шахтер» мен «Ақтөбе», «Қызылжар» командасы да үмітті, – дейді Елдар Аманбаев. Футбол мамандарының пікірі – осындай. Анығын, алдағы ойындар көрсете жатар. Жүлделі орындардан барлық команда да дәмелі. Мақтаулы ұжымдар маусым бойы жақсы ойын өрнегін көрсете алса, ұпайдан шашау шығармаса діттеген мақсаттарына жете алады. Оған өткен маусымдардағы «Тобылдың» жетістігі дәлел. Ең маңыздысы, санаулы күннен соң елі­мізде Қазақстан чемпионатының 2022 жылғы жаңа маусымы басталады. Жасыл алаң­да жанкүйерлерге керемет эфмоция сыйлайтын, жеңісімен қуантатын отандық командаларға сәттілік серік болғай.