Қазірдің өзінде тұрғын үй нарығында бағаның 5-7 пайызға өскені байқалуда. Сол себепті бүгінде елдегі барлық құрылыс компаниялары жобаларының құнын қайта қарастырып жатыр. Тіпті кейбір компаниялар пәтер сатуды тоқтатқан. Бұл жайында Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы хабарлады.
– Бұған бірден-бір себеп – теңгенің құлдырауы. Осыған байланысты құрылыс компанияларының тәуекелге баруы да қиын, – дейді қауымдастық президенті Виктор Микрюков.
Оның айтуынша, азаматтық заңнамада көрсетілгендей, кейбір жағдайға байланысты тараптар жасасқан шартқа өзгерістер енгізе алады.
– Бүгінде келісімшарттың басым бөлігінде бұл пункт көрсетілген. Мұқият оқып шықсаңыз, тараптардың келісімі бойынша белгіленетін қаржы нарығындағы белгілі бір деңгейден жоғары болса, яғни девальвация жағдайында құрылыс компаниялары шартта белгіленген бағаны өзгертуге құқылы. Сондықтан көбіне төлем жағы өзгеруі мүмкін, – дейді қауымдастық басшысы.
Сонымен қатар Виктор Микрюков жағдай тұрақталғанға дейін бөліп төлеу механизмі тоқтатылатынын жеткізді. Оған қоса, келісімшарттың шарттары тараптардың келісімі бойынша өзгеруі мүмкін. «Өйткені биыл құрылыс материалдардың қымбаттауынан үйдің құны да өзгереді. Сол себепті нысанның құрылысын аяқтау үшін екі жақтың тарабы өзара келісімге келіп, көздеген мақсаттарына жетуі керек» дейді ол.