Жігерін жанып, иықтан демеген
Жігерін жанып, иықтан демеген
617
оқылды
Партияның беделі оның мүше­лігіне азаматтардың барлық сана­тын тарту арқылы қалыптасады.  Осы орайда «AMANAT» партиясы да  «Кедергісіз келешек» партиялық жо­басы арқылы ерекше қажет­тілігі бар адамдардың мәселесін шеше­ді. Мыңдаған отандасымыздың жігерін жанып, жаңа мүмкіндікке жол ашқан жобаның шарапатын тараздық Әйгерім Дәулетбаева да бір кісідей сезінген.  Бүгінде ол «Мү­гедек жастары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және Тараз қалалық мәслихатының депутаты ретінде өзімен тағдырлас жандарға жан жылуын сыйлап жүр. Қоғамның бір бөлшегі саналатын азаматтардың дәл осы санатының жағ­дайын жасап, көмек қолын созудың жай-жапсары «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағ­дар­ламасында да жан-жақты қарастырылған. Атап айтқанда, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында 22 мың әлеуметтік нысан ерекше қажет­тілігі бар адамдар үшін қажетті инфра­құрылымдармен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ оларды жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері де кезең-кезеңмен шешіледі. Осылайша, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ке­мінде 30 пайы­зы жұмысқа орналасады. Бұнан бөлек, мүгедектікті та­ғайын­дау рәсімі жеңілдеп, тұрғынды үймен, ар­наулы техникалық жабдық­тармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамту ісі де ілгері баспақ. Өз кезегінде өткен жылғы Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депу­таттарының сайлауында партиялық ті­зіммен Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған Әйгерім Дәу­летбаева да осы межелерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. – 2008 жылдан бастап қазіргі «Amanat» партияның мүшесімін. Не­гізгі жұмысымнан бөлек, партия тара­пынан ұйымдастырылған іс-шараларға жиі қатысып жүрдім. «Кедергісіз келе­шек» пар­тия­лық жобасын жүзеге асыру­ға да шамам келгенше еңбек сіңірдім. Пар­тиялық қызметтегі белсенділігімді бай­қап, мені партиялық резервке алды. Ал 2020 жылы партияішілік іріктеуге өз кандидатурамды ұсынып, партиялық тізімге ендім. Кейіннен жастарға, көп­балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілген 30 пайыз­дық квота арқылы Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайландым, – дейді Әйгерім Мұратбекқызы. Дәл осы белсенді депутаттық қыз­метінің арқасында Әйгерім өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселе­сіне жергілікті биліктің назарын аударып жүр. Сондай-ақ өзімен тағдырлас аза­маттардың әлеуметтік мәселелерімен етене таныс болған­дықтан, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын өз дең­гейінде жүзеге асыруға баса мән береді. – Партияның жергілікті филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жоба­сы аясында ұйымдастыратын рейд шара­ларына жиі шығамыз. Өкініштісі сол, біздің жұмысымыз мониторинг дең­гейінен әрі аса алмай жатады. Әсіресе, кәсіпкерлік нысандар ерекше қажеттілік бар азаматтарға қолжетім­ділік бойынша жасаған ескертуімізге атүсті қарайтыны жаныма батады, – дейді Ә.Дәулетбаева. Расында, Әйгерім Мұратбекқызына өзі сияқты ерекше қажеттілігі бар жан­дардың мәселесін бес саусағындай біледі. Сондықтан депутаттық мандат­тың арқасында осы мәселелердің түйін тартуды мақсат еткен. Қолынан кел­генінше ерекше қажеттілігі бар жан­дардың отбасы жағдайына қарайласып, қажет жабдықтармен қамтамасыз етуді ұмыт қалдырмайды. Өз есебінен 2 адамға мүгедектер арбасын тарту етіпті. Қазір өзі жетекшілік ететін «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде 80-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жанға әлеу­меттік, психологиялық көмек көрсетеді. – Менің өзім дүние есігін нышаналы бала болып аштым. Дәрігерлер қол мен аяқ саусақтарының болмауы деген диагноз қойған. Тіпті, перзентханада анамды дәрігерлер «Ары кетсе 1-2 ғана күн өмір сүреді. Тастап кетіңіз. Басқа балаларыңыз бар екен. Қиналып қала­сыз» деп үгіттеген екен. Бірақ әкем мен анам мені осы күйімде қабылдады. Олардың мені емдету үшін баспаған тауы, бармаған жері қалмады. Ақыры аяғында алматылық профессор жүріп кету мүмкін дегенді айтты. Шынында, 5 жасымда аяққа тік тұрып, алғашқы қадам жасадым, – дейді кейіпкеріміз. Бала – бауыр етің. Кейіпкеріміз де ата-анасының өзін қатарға қосу үшін барын салғанын айтады. Тіпті, отағасы ауыр жарақат алып, тұрмыстың азабы жалғыз өзінің мойнына түскен анасы­ның тағдырға мойымай, қызын аяққа тұрғызуға тырысқанын көзсіз ерлікке бағалауға болады. – Сол жылдары анам 2-3 жерде тәу­лік бойы жұмыс істеп жүріп, 5 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Өзім 6-сыныпқа дейін үйде оқыдым. Анам амалын тауып, 7-сыныпта мектепке ертіп апарды. Са­бақтан бос уақытта каратэмен айналы­сып, өзімді-өзім дамытуға ден қойдым. Мектепті бітірген соң анам тағы да ізденіп жүріп, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігін тапты. Бірлестікке мүше болып, шаруаларына көмектесіп жүрдім. Осында жүріп Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина, тігінші Анар Бексұлтанова сияқты азаматша­лармен таныстым, –дейді өткен күнді еске алған кейіпкеріміз. Өз ортасын тауып, тағдырластарым­мен қатар жүріп, қатар тұру кейіпкерімізді қанаттандыра түскен. Өмірге деген шек­сіз құштарлықтың арқасында қоғамдық бірлестіктің жұмысына бар ынта-жігерін салып араласады. Осында жүріп қоғам­дық бірлестік жанынан республикадағы алғашқылардың бірі болып ашылған «Amanat» партиясының бастауыш партия ұйымымен байланыс орнату да болашағын айқындап бергендей. Қазір Әйгерім Дәулетбаева жетек­шілік ететін «Мүгедек жас­тар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде 80-ге жуық ерек­ше қажет­тілігі бар жан өмірге бейімделіп жатыр. Қоғамдық бірлестік құ­рыл­ған ширек ғасыр ішінде 200-ден астам жо­баны жүзеге асырып, мүмкіндігі шек­теулі жандарға әртүрлі көмек түрлерін ұсынған. Осынау шаруаның бел орта­сында жүрген Әйгерім Мұратбекқызы қала­дағы ерекше қажеттілігі бар жандар­дың қай-қайсысы­ның болмасын мәсе­лесіне құлақ асуға әзір. Оларға қол­дан келген көмек қолын да созып жүр. Кейіп­­керіміз бұл қайырым­ды істен «Amanat» партиясының жер­гілікті филиалы да шет қалмайтынын айтады.