АҚШ санкциялардың Қазақстанға ықпалын бағамдады
АҚШ санкциялардың Қазақстанға ықпалын бағамдады
185
оқылды
АҚШ елшілігі Ресейге салынған санк­ция­лардың Қазақстанға қандай әсері барын айтып берді. «Украинадағы ахуал көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, өрбуде. Сондықтан қазір ұзақмерзімді шаралар және олардың салдары туралы айту қиын. Дегенмен АҚШ-тың санкциялары Ресей экономикасына бағдарланғанын және өзге елдердің, соның ішінде Қазақстанның экономикасына ықпалын жұмсарту жайы ескерілгенін атап өткіміз келеді. Сондай-ақ 30 жылдан бері жалғасып келе жатқан серіктестігіміз аясында біз әрдайым Қазақстанның экономикасын нығайтуға және әртараптандыруға көмектесуді жақтаймыз», – деп жауап қатты Американың еліміздегі дипломатиялық миссиясы Tengrinews.kz сұрауына. Осының алдында «Amanat» партиясының ке­зектен тыс ХХІІ съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресей-Украина қақтығысын шешуге жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді. – Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіп­сіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтасты­ғын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіп­сіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен ке­лісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақ­сы жанжалдан жаман бітім артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді Мемлекет бас­шы­сы. Сонымен бірге Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Үкімет жанында Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб құрылды. Ол Ресейге санкциялар пакетінің қабылдануына және олардың Қазақстан экономикасына тигізер әсеріне байланысты экономикада және бизнестегі проблемалық мәселелерді қарап, шешетін болады.