Соңғы жылдары сауда-саттықта жұрт кәсіпкерлердің жеке шотына ақша жіберіп, бизнес салықтан жалтарудың жақсы жолын тапқан еді. Алайда былтыр Үкімет QR-код арқылы төлем жасауды талап етіп, салықты бақылаймыз деп жар салды. Арада біраз уақыт өтті. Қазір базарға, кафеге, басқа жерге бара қалсаңыз, жағдай пәлендей өзгермеген. Әлі де тауар, қызмет ақысын жеке шотқа жолдауды сұрайтын саудагер көп. Сонда кім кімді алдап жүр? Былтыр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Kaspi және Halyq Bank-пен бірлесіп, ХҚО-ларда мемлекеттік бажды QR көмегімен төлеу сервисін енгізді. Міне, содан бері жыл айналмай жатып қазақстандықтар QR кодты 700 мың рет сұратып, 2,8 млрд теңгеге төлем жасаған. QR төлемді белсенді қолданғандардың ішінде Алматы қаласы көш бастаған (72 052), одан кейін қарағандылықтар (63 278), үшінші орында –астаналық тұрғындар (54 354). Ал QR төлемін қолдану көрсеткіші ең төмені – Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында (тиісінше 23 080 және 23 449 рет). Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы 2021 жылы халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толығымен цифрландыруды тапсырған болатын. Ал QR код арқылы төлем жасау сервисі мемлекеттік қызметтерді алуды оңтайландыра түсті. «Сервис енгізілген сәттен бастап, біз оң өзгерістер байқап отырмыз – клиенттер уақытын үнемдеп, оператордың алдында отырып-ақ қызмет ақысын төлеп жүр. Кассалардың жүктемесі төмендеді. Сондай-ақ QR код арқылы төлем жасалғанда комиссия алынбайды. Осының барлығы бізге таяу уақытта ХҚО-дағы кассалардың санын үштен бірге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.
Қолма-қолсыз төлемнен бас тартудың басты себебі – салықтан жалтару
Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында мемкорпорация жаңа цифрлық мүмкіндіктерді енгізуде. Бұдан бұрын QR кодпен жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, кондоминиум объектілері бойынша және жер қатынастары саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтерді төлеуге болатын. Енді кассаға кезекке тұрмай-ақ құжаттандыру қызметінің алымдарын да төлеу мүмкіндігі бар. QR төлемдері барлық сауда, мәдениет нысандары мен ойын-сауық мекемелерінде қолданылады. Ендігі күні клиенттер 146 мемлекеттік қызмет түрін осы тәсіл арқылы жүзеге асыра алады.Салықтан жалтарғысы келетіндер бар
Былтыр Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова алдағы уақытта QR-кодтар POS-терминалдарға теңестірілетінін мәлімдеген. Дүкеннен алған тауар ақысын смартфондағы QR-кодпен төлей салу әдісі сатушыға да, тұтынушыға да қолайлы. Оның үстіне, есептесудің бұл түрі экологиялық әрі қауіпсіз саналады. Өйткені сатушыға да, терминалға да аса жақындаудың қажеті жоқ. Содан да болар, онлайн және қолма-қолсыз төлем көпшіліктің көңіліне жаға кетті. Әйтсе де, терминал қоюды, сontactless payment арқылы төлем қабылдауды қаламайтын кәсіпкерлер де аз емес. Яғни, төлем карталары арқылы саудаласқысы келмейді. «Картаға аудара салыңыз» деп деректемелерін көрнекті жерге жазып қояды. Мұның себебін экономист Мақсат Халық былай деп түсіндіреді: «Қолма-қолсыз төлемнен бас тартудың басты себебі – салықтан жалтару. Өйткені былтыр қосылған құн салығының шегі 30 мың айлық есептік көрсеткішке тең болды. Егер одан асса, кәсіпкерлер кірісінің 3 пайызын ғана төлеуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген декларациядан айырылады. Онда ҚҚС үшін 12 пайызды төлеуге мәжбүр болады. Бұған басқа да салық түрлері қосылады. Сондықтан көбі салықты аз төлеу үшін жалтарады», – дейді экономист.Қауіпті ескере жүрген де жөн
Contactless payment технологиясы біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде кеңінен етек жайып барады. Олай дейтініміз, 2020 жылдың қорытындысы бойынша барлық транзакцияның 41 пайызына тең болған. Ал дамыған елдерде оның үлесі тіптен жоғары. Мәселен, Еуроодақ елдерінде аталған әдіспен транзакциялардың 80 пайызына жуығы өтеді екен. Қазақстанда қолма-қолсыз төлем үлесінің артуына сауда POS-терминалдары инфрақұрылымының жақсарып, ішкі нарыққа Apple Pay және Samsung Pay сияқты әлемдік жүйелердің келуі, банктер мен төлем жүйелерінің клиенттерді қызықтыру мақсатында түрлі бонус пен кэшбек ұсынуы әсер етті. Мәселен, QR-код арқылы сауда жасағанда 3-5 пайыз көлемінде кэшбек берілетінін білетін жұрт қалтаға ақша салу былай тұрсын, шама келгенше банк картасымен де төлем төлемеуге тырысады. Бүгінде жаһандық трендке айналып бара жатқан төлем жүйесі алдағы уақыттарда тұтынушының жүрегін жаулай беретіні туралы болжамдар бар. Мысалы, Juniper Research зерттеу компаниясының сарапшыларының айтуынша, 2024 жылға қарай әлемдегі жанаспай төлем жасау транзакцияларының көлемі 6 трлн долларға жетуі ықтимал. Бүгінде оның көлемі 2 трлн доллардан асқан. Дегенмен жаңа технологиялардың да кері жақтары болатынын ескере кеткендеріңіз жөн. Spectre Security Group компаниясының директоры Медет Туриннің айтуынша, клиент банктің немесе Ashyq-тың қосымшасындағы QR-кодқа телефонын төсегенде, ол өзінің жеке деректемелерін жария етпейді. Ал енді көшеде тұрған әйтпесе өзіне беймәлім QR-кодқа телефонын беттестіргенде, ол мүмкін. Смартфон иесі сол QR-код арқылы өзінің жеке деректерін «ұрлап» алатын қауіпті бағдарламаны жұқтыруы ықтимал. Сондықтан кез келген жердегі бейтаныс кодтарды сканерлеуге болмайды. «QR-кодтың бәрін сканерлей беруге болмайды. Егер сіз банктің қосымшасы арқылы төлем жасағыңыз келсе, онда терминалға немесе сатушының смартфонына сенуіңізге тура келеді. Бұл жерде мәселе болмауы тиіс. Бірақ көшеден немесе басқадай күдікті жерден сканерлеген QR-кодтан сақтаныңыз. Оны алаяқтар әдейі қалдырып кетуі мүмкін», – деп сақтандырады сарапшы. Оның айтуынша, сіздің телефоныңыздағы браузерді ашып, сол арқылы түрлі алаяқтық әрекеттер жасауға болатын QR-кодтардың түрлері көп. Сондықтан сканерлемес бұрын сілтеменің заңды немесе заңсыз екендігіне көз жеткізу керек. Өйткені кейбір сілтемелер заңсыз болады, олар әлдебір күмәнді сайттарға, мәселен лотереяға кіргізіп жіберуі мүмкін. Ал ол жерде жеңіл табыс табуға құмарлығы оянған адамды әбден әккіленіп алған қулардың алдап-соғып кетуі, оңайдың оңайы. «Сіз пәлен теңге ақша таптыңыз, оны алу үшін осындайда осындай деректеріңіз керек» деп азғырғанда, бүкіл банктік құпияңызды қалай ашып қойғаныңызды артынан бірақ біліп, бармағыңызды тістеуіңіз мүмкін. Бірақ ол кезде ендігі бәрі кеш болады. Иә, қандай озық технологияның да кем-кетік тұстары болуы заңды. QR-код технологиясына да осы тұрғыдан қарау керек. Рас бұл қолайлы, жедел, бірақ қауіпсіз емес. QR-кодты қолданғанда осы жағын да ескере жүрген жақсы-ау.