Салық смартфонның «терезесін» тағы қақты
Салық смартфонның «терезесін» тағы қақты
182
оқылды

Банктердің ұялы қосымшасы салықтан жалтарушыларға кең өріс ашты. Айына бірнеше миллион табыс табатын блогерлер, эстрада жұлдыздары, желілік маркетинг серкелері және басқасы оның жемісін молынан теріп жатыр. Қазір жұрт сауда орындарында, тіпті ашық базарда смартфон арқылы есептеседі. Оған чек бермейді. Чектің берілмегені – салықтың төленбегені. Екі жыл бұрын қоғамдық сын дауылына шыдамай шегінген Қаржы министрлігі мобильді аударымдардан салық жинау мәселесіне қайта оралды.

Картадан-картаға триллиондар көшіп жатыр

Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылдың сегіз айында ғана елімізде элек­тронды сауда, картадан онлайн ақша ау­дару және төлем жасау көлемі 35,9 трил­лион теңгеге (!) жетті. Азаматтар осы тә­сіл­мен елімізде және шетелде баспананы, жылжымайтын мүлікті сатып алады, бір-біріне автокөлік сатады, сауда орталық­тарында сауда жасайды, таксиде, автобуста жол ақысын төлейді. Тіпті, көшеде тауа­рын жайған саудагер әжейлер де мобильді аудармамен ақша қабылдайды. Енді Мемлекеттік кірістер комитеті осы­лардың бәріне талдау жүргізіп, кәсіп­кер­лік мақсатта тұрақты төлем қабыл­­дайтын жеке тұлғалардың кірістеріне са­лық салуға кіріспек. Қазір қандай мо­бильді ау­­да­рымдарға салық салу, ал қай­сысын одан босату мәселелері пысық­талып жатыр. Бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Қаржы министрлігі мүдделі меморгандармен және Қазақстан қар­жыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, мобильді аударымдарды реттейтін заң­намалық түзетулер әзірледі және Парла­ментке енгізді. «Оның басты мәні: кәсіпкерлік мақ­саттарға жеке есепшот қолданылуы тиіс. Яғни, қарапайым азаматтар өз карта-шо­тын жеке мақсатта пайдалана береді, ал кәсіпкерлік мақсаттар үшін бөлек шоты болуы тиіс. Жеке шотты кәсіпкерлік мақ­сатта пайдалану фактілерін болдырмау үшін мұндай табыстардың нышандарын айқындайтын тетік жасау ұсынылып отыр», – деді журналистерге Е.Жамаубаев. Бөлек шоттар қазірден бар. Дегенмен кейбір кәсіпкерлер бұл шектеуді де айна­лып өтеді. Мысалы, сауда орнына, дүкенге барсаңыз, кассасында бизнес мақсатқа арналған шот немесе телефон нөмірі көз қылып, жазып қойылады. Алайда клиент банктің қосымшасы арқылы есептесуге ынта-ықылас білдірсе болғаны, кассир дереу мүлдем басқа нөмірге аударуды ұсы­нады. Осы алаяқтық деректерін салық ор­гандары «бақылаулық сатып алу» және тұ­тынушылардың шағымы көмегімен әш­ке­релеп жатыр. Бұған қоса, бас қаржы­гер­дің командасы жеке есепшотты кә­сіп­кер­лік қызметте пайдалану фактілерімен күресті күшейту үшін мұндай бұзушылық­тарды анықтау тетігін әзірлеуге кіріспек. «Аталған түзетулер жеке тұлғалардың жеке мақсаттағы аударымдарына қатысты болмайды», – дейді Қаржы министрі. Ұялы телефон арқылы ақша аударым­дарын жеке және кәсіпкерлік мақсаттарға бөлуді қарастыратын түзетулерді бүгінде Сенат депутаттары қарап жатыр. Заң жо­басы қабылданса, Қаржы министрлігі тиісті тетікті және оның өлшемшарттарын енгізетін нормативтік құқықтық актілерді, бұйрықтарды қабылдауға кіріседі.

Салықшының адал боларына шүбәланады

Сарапшылардың байламынша, бұл тетік қарапайым болғаны жөн. «Тауары не қызметі үшін банк қосым­шасы арқылы ақша алатын кәсіпкерлерді, вайнер-блогерлерді, әнші-асабаларды, желілік digital-маркетологтарды және басқасын әшкерелеу сонша қиын емес: олардың шотына біріншіден, ай сайын әрі тұрақты түрде, екіншіден, ұзақ уақыт бойы, үшіншіден, көп адамнан қомақты қаражат түсіп тұрады. Ал ата-анасының, туысының қолдауына сүйеніп, ай сайын ақша алатын студенттердің шотына әрі кетсе, бірнеше адамнан ғана аударым ақша түсуі мүмкін. Бірақ бұл тетіктен дімкәс баласын емдеуге бүкіл елден ақша жи­найтын ата-аналар, ізгілікті істі ұйымдас­тыратын волонтерлер зардап шекпеуі үшін қайырымдылық мақсаттағы аударымдарға жеңілдік берілгені жөн», – дейді экономист ғалым Марат Ерғозин. Ол озық елдердің, мысалы Германия­ның тәжірибесін енгізуді ұсынды: Алма­нияда әрбір адамға 9 мың еуро көлемінде салық салынбайтын минимум белгіленген екен. Егер ерлі-зайыптының жылдық ортақ табысы 18 мың еуродан аспаса, бұл отбасы салық төлеуден босатылады. Одан асқанның бәріне салық салынады. Өте қарапайым қағида: азамат неғұрлым көп тапса, соғұрлым көп салық төлейді. Қазақстанда мобильді аударымдарға осындай минимум белгілеуге болады. Қаржы министрлігінің бастамасына кейбір депутат қарсы. Мысалы, Мәжіліс депутаты М.Раманқұлов депутаттық сауал жолдап, салықшыларды азаматтардың мобильді аударымдарына үңілмеуге ша­қырды. Ол қазақстандықтардың шо­тына түсетін ақшалардың нағыз нысаналы мақсатын шенеуніктердің дұрыс анықтай алатынына күмәнданады. Салдарынан, мысалы, әртүрлі туысынан не еріктілерден ақшалай көмек алатын әлдебір кембағал жан кәсіпкер қатарына ілігіп кетуі мүмкін. «Кәсіпкерлердің салық төлеуге тиіс­ті­гіне дау айтпаймыз. Алайда фискалды ор­гандар кезекті рет азаматтарға қиындық тауып бергелі тұр: алаяқтарды нысаналы түрде анықтау орнына барлығын бірдей кіріптар етіп, азаматтардың бір-біріне ауда­рымына салық салмақ. Қоғам шенеу­ніктердің бұл істе әділ боларына сенбейді. Себебі олар аударылған ақшаның мақ­сатын тек өзіне ғана түсінікті нышандар бойынша бағалайды. Салдарынан бизнес мақсатындағы төлемдер мен ата-анасы­ның студентке көмегі мидай араласып кетпек», – дейді ол. Депутат салықшылардың тіпті «темір тұлпары» жоқ азаматтарға көлік салығын жаңылыс есептеп жіберетінін мысалға келтірді: соның кесірінен еш айыбы жоқ қазақстандықтардан бірнеше жыл қор­даланған қомақты айыппұл мен өсімпұлды төлеуді талап етеді, оған қарсы болса, есеп­шоттары мен банк карталарын бұғат­тайды, шетелге шығу мүмкіндігінен заң­сыз айырады. Содан азаматтардың жүйкесі жұқарып, денсаулығы құриды, әлеуметтік кернеу күшейеді. Депутаттың пікірінше, осы сегменттегі жаппай бақылау азаматтардың карталарын және электронды әмияндарын бұғаттауға және басқа да тыйым салу шараларына ұласса, онда қаржы секторын цифрланды­руды жарға жығады. Халық та, бөлшек сауда саласы да электронды саудадан бас тартып, қолма-қол ақшамен есептесуге қайта оралуы мүмкін.

Мерейтой иесі кәсіпкерге айналмай ма?

Депутаттық сауалға жауап берген Қар­жы министрлігі әсіресе күйзеліс кезеңінде салықтан жалтаруға мүмкіндік беретін жолдар мен схемаларды жойған орынды екенін білдірді. «Кәсіпкерлік қызметте пайдаланы­ла­тын мобильді аударымдарды фискалдан­дыру салықтың жаңа түрі саналмайды. Әңгіме тек табыстарды дұрыс көрсету, са­тылған тауар, қызмет және жұмыс үшін уақытылы чек беру жайында болып отыр. Ал жеке тұлғалар өнім, қызмет сатып алса немесе аударым жасаса, оларға салық са­лынбайды. Мысалы, студентке ата-анасы ұдайы ақша жіберіп тұрса, жақын адамдар бір-біріне көмек берсе, бұл салық салу объектісіне айналмайды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Салықшылар картадан картаға ауда­рымдары арқылы табыс табатындарды із­деп табудың бірнеше тәсілін түзіпті. Тран­закцияның жеке әлде кәсіпкерлік мақсатта жасалғанын айқындау үшін Қар­жы министрлігі біріншіден, тәуекелдерді басқару жүйесін ұсынады. Онда бизнес мақсатындағы аударымдарды іріктеудің нышандары мен өлшемшарттары белгі­ленеді. Екіншіден, «дәлелдеу шаралары­ның кешені жүзеге асырылып, дәйектеме базасы жиналмақ». «Мысалы, мобильді аударым арқылы тұрақты қаражат алатын адамның кәсіп­керлік қызметі тексеріледі, сауда ныса­нының кассасында осындай аударымдарды қа­былдайтыны жазылған және тиісті телефон нөмірі көрсетілген ақпарат на­зарға алынады. Сондай-ақ аударым үшін фискалды чектің берілмегені туралы тұ­тынушылардың шағымдары, ұзақ уақыт бойы кассалық тәртіптің төмендеу, мем­кірістер органының талаптары мен ұсы­нымдарын әлденеше рет елемеу фактілері сарапталады», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі. Содан кейін жеке тұлғаның атына бұ­зушылық жөнінде хабарлама бағытталады және жөнсіздікті өз бетінше жоюына уақыт беріледі. Ұялы қосымша арқылы аударымдарды салықтық базаға енгізу ісінде банктер са­лықшылардың серігіне айналмақ. Қаржы ведомствосы тиісті шешімдерді бизнес қауымдастықпен бірге талқылайтынын жеткізді. Ал қарапайым азаматтар бұл бастамаға қорқа қарайды, қолдамайды. «Біз ол қаржыға онсыз да салық төле­генбіз. Енді оны ұялы қосымшамен аудар­ғанымыз үшін тағы салық салмақ па? Ше­неуніктер қарапайым адамдардың өмірін жақсарту орнына қиындатуға күш салып жатыр. Жұрттың көбі мобильді аударымдарға еріккеннен көшкен жоқ, сатушылар «сдачаны» дұрыс бермей, қай­тарым ақшадан жей бергендіктен, ал мемлекет экономиканы ұсақ ақшамен қам­тамасыз ете алмағандықтан амалсыз, ауыс­тық», – дейді елорда тұрғыны, бух­галтер Әсел Тоқпанова. «Атамекен» ҰКП басқарма төраға­сының орынбасары Шыңғыс Темір салық органдарын бұл қадамнан аяқ тарта тұруды сұрағанымен, проблеманың барын жасыр­мады. «Қолма-қолсыз төлемдер 2019 жылдан бері орасан зор қарқынмен дамып келеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2018 жылы төлем карталары көмегімен 524 миллионға жуық төлем жасалса, 2019 жылы бұл көр­сеткіш екі еседей өсіп, 1 млрд 195 млн бір­лікке жеткен. Ал пандемия жайлаған 2020 жылы тағы екі еселеніп, картадан-картаға, нөмірден-нөмірге тәсілімен ша­мамен 2 млрд 878 млн төлем жасалған. Банк карталары арқылы қолма-қолсыз төлемдер сомасы да 2018 жылғы 6,4 трил­лион теңгеден биыл 35,9 триллион теңгеге дейін артты», – деген ол қолма-қолсыз төлем жүйесі әлі күнге фискалданбағанын, салдарынан мембюджет қомақты салықтан қағылғанын жеткізді. Бірақ Ш.Темір салықшылардың биз­нес мақсаттағы аударымдарды жеке мақ­саттағысынан айыра алмай, көп қателесуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Халық­ты алаңдататыны да осы. Мысалы, ме­рейтойына немесе отау құруына байла­нысты азаматтың есепшотына ұзақ уақыт, айталық, екі ай бойы туыс-туған, жора-жол­дастарынан сыйлық ақша түсіп тұрса, ол адамды салықшылар кәсіпкерлер қатарына кіргізіп қоймай ма деген қауіп бар. Демек, бұл істе айқындылық керек: жаңа тетіктің егжей-тегжейін, қағи­да­ларын, өлшемшарттарын, нышандарын Мемлекеттік кірістер комитеті елге ашық жария еткені, түсіндіргені абзал.

Айхан ШӘРІП