Қазақстан экономикасы табиғи шикізат экспортынан түсетін кіріске тәуелді десек, әлемдік нарықта мұнай бағасы өссе де, теңгені құлдыраудан құтқара алмай жатырмыз. Салдарынан жылдар бойы теперіш көріп келе жатқан теңге тағы да тұрғын үй мен көлік бағасын теңселтті. Енді баспана мен көлік құны қалай өзгерді?
СҰРАНЫС АЗАЙСА, БАҒА АРЗАНДАЙ МА?
Ресей мен Украина арасындағы соғыс, АҚШ тарапынан Ресейдің қаржы жүйесіне салынған санкциялар, SWIFT жүйесінен ажырату жайының сөз болуы, өзге де Еуропа елдерінің Ресейге деген салқын көзқарасынан рубльмен бірге теңге де күрт құнсызданды. Дүйсенбіде Ұлттық банк пен еліміздің қор биржасы бірлесіп, «франкфурттық шешім қабылдаймыз» деп биржаның саудасын түс ауғанша тоқтатып та тастады. Нәтижесінде, кешкі саудада KASE-де бір доллар 495 теңге болып белгіленді. 4 наурыздағы деректерге сүйенсек, бір тәулік ішінде АҚШ валютасы 3,59 теңгеге өскен. Доллардың орташа бағамы 497,02 теңгені құрады. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда бір доллар 494-497 теңге аралығында сатылып жатыр, ал сатып алу – 498-505 теңге аралығында. Алматыда сатып алу 500,5-505 теңге аралығында болса, сату – 494,5-500 теңге аралығында. Шымкентте де шамамен осындай бағам. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі ақша айырбастау орындарында доллардың құны 500, 515 теңгеге жетті. Ресей рублі қатты құнсызданса, соңынан теңгені ерте кететініне біздің көзіміз әлдеқашан жеткен. Енді бұл баспана бағасына қалай әсер етеді? Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің айтуынша, элит және бизнес санатындағы баспаналардың бағасы өседі. Өйткені оның құрылысына негізінен импорттық құрылыс материалдары қолданылады. Керісінше, комфорт және эконом класындағы үйлердің құны біртіндеп арзандауы мүмкін. «Оның өзінде бағасы былтыр сұраныстың артуынан 15-20 пайызға қолдан көтерілген. Сондықтан сұраныстың азаюы бағаны түсіруі мүмкін. Екіншіден, зейнетақы қорындағы қаржының жеткілікті шегі көтерілгендіктен, пәтердің шаршы метр бағасы арзандауы тиіс», – дейді Е.Мүсірепов. Ол алдағы күннің еншісінде. Дегенмен қит етсе, қымбаттайтын пәтер бағасы бұл жолы қалай өзгерді? Осы тұста баспана бағасы бүгінде қалай өзгергенін білу үшін риэлторларға да хабарластық. Риэлтор Жақсылық Мұхаметжановтың сөзінше, елордададағы баспана бағасы тұрақты екен. «Қазір пәтер бағасы онсыз да қымбат. Сұраныс жоқ. Сондықтан астанада доллар өссе де, қымбаттай қоймады. Халыққа қолжетімсіз. Себебі 20 пайызбен ипотекаға аласыз. Мәселен, 10 миллионға үйді рәсімдесеңіз, оны 30 миллион етіп қайтарасыз. Бұл кімге керек? Сондықтан сұраныс болмай тұр, баға өсе қоймады. Елорданың Есіл ауданында 1 бөлмелі пәтерлер бағасы 17-25 миллион теңге аралығында. Ал Алматы ауданында одан төменірек, 12-18 миллион. Бірақ халық баспанаға аса мұқтаж», – дейді Ж.Мұхаметжанов. Алайда Алматыда айтарлықтай өзгеріс бар. Қаңтар айында қаланың Алатау ауданында 1 бөлмелі пәтерлер 19-20 миллион шамасында болса, қазір үстіне 2-3 миллион қосылған. «Доллардың бағамы шетелден импортталатын құрылыс материалдарының бағасын қымбаттатады. Сондықтан қазір біздің ішкі нарық тыныш, бәрі бағамның тұрақталғанын күтеді. Былтыр елдегі баспана бағасы 17 пайызға қымбаттады. Биыл да қымбаттайды. Мәселен, қаңтар айында 19 миллион теңгеге сатылымға қойылған 39 шаршы метрлік пәтер қазір 23 миллион деп тұр. Доллар құбылмай тұрғанда 20 миллион теңге болса, екі аптаның ішінде 25 миллион деп отыр. Қазір бірақ сатылып жатқан жоқ. Себебі бәрі тұрақталғанын күтіп отыр» дейді алматылық риэлтор Сәбит Пампиев. Себебі белгілі. Құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелден келеді. Отандық құрылыс компаниялары шетелдіктермен доллармен есептеседі. Доллардың бағасы құбылған сайын шығын көлемі артады. Кейін құрылыс компаниялары шыққан шығынды тұтынушының есебінен өтейді. Сол үшін жыл сайын тұрғын үй бағасын 10-15%-ға өсіреді. Құрылыс материалдары сырттан әкелінген сайын жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай жақсармайтын сияқты. Мұны Құрылысшылар қауымдастығының өкілдері де мойындап отыр. Елде тек бетон, кірпіш, газоблок сияқты құрылыс материалдары шығады. Ал жоғары технологиялық материалдар жоқтың қасы. Украинадағы ахуалдың салдарынан құрылыс материалдары тіптен қолжетімсіз болуы әбден мүмкін. Себебі қазіргі курспен сауда жүргізу тиімсіз екені анық. «Біздегі құрылыс нарығы импортқа тәуелді. Материалдардың басым бөлігі Ресей, Түркия, Қытай және Еуропа елдерінен әкелінеді. Егер қазір валюта бағамы тұрақталмаса, бұл тауарлардың бағасы күрт өседі. Салдарынан жеке компаниялар пәтер құнын қымбаттатуға мәжбүр болады. Кейбіреулері құрылысты мүлдем тоқтатып қойса да, таңғалмаймыз. Бірақ Ұлттық банк тиісті шаралар қабылдап, теңгеміз бұрынғы көрсеткішке дейін түседі деген үміттеміз», – дейді Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті Виктор Мирюков. Қазір баспана нарығына қатысатындар әліптің артын бағып отыр. Құрылыс нарығын зерттеуші мамандардың пікірінше, тығырықтан шығу үшін елде жоғары технологиялар қолданылған құрылыс материалдарын көптеп шығармаса, баспана бағасының арзандауы екіталай.КӨЛІК ҚҰНЫ ШЕ?
Екінші, автокөлік бағасы онсыз да оңбай тұр еді, қазіргі күйі тіпті көңіл көншітпейді. Себебі көліктің нарықтық бағасына 6 күнде 600 мың теңге қосылды. 2 жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда, автосалондардағы жаңа көліктер 5-6 миллион теңгеге қымбаттаса, ескі көліктер құны 2 есе өскен. Жүрілген машиналардың да құны 400-500 мың теңгеге шарықтады. Егер өткенге көз салып, кейбір модельдердің бағасындағы өзгерісті бағамдасақ, доллар өсіп, теңге құлдыраған сайын бағаның қымбаттағанын байқауға болады. Бірақ көліктің доллармен есептегендегі құны аса қатты өзгерген жоқ, алайда теңгемен есептегендегі құны ақылға қонымсыз. Бұл нені білдіреді? Қазақстандықтарға су жаңа автокөліктердің қол жеткізбей жатқаны теңгенің әлсіздігінен екенін көрсетеді. Мәселен, 2012 жылы Lada Grantа құны 1 186 000 млн теңге немесе 8000 доллар еді. 2019 жылы модель жаңарып, елімізде 3 095 000 теңгеден саудаланды, ал доллармен есептегендегі бағасы небәрі 160-қа өскен. Биылғы қаңтарда «Грантаның» ең арзаны 3 665 000 теңгеге сатылды, яғни 8 405 доллар. Нәтижесінде, 10 жылда машина америкалық валютамен 5,1 пайызға өссе, теңгемен 209 пайызға қымбаттаған. Егер доллар бағамы 500 теңге деңгейінде деп есептесек, онда «Грантаның» бағасы 4,2 млн теңгеден басталады. Бізге автокөліктер сырттан – Ресей, Жапония елдерінен келеді. Ал бұл мемлекеттерде жыл басында көлік бағасы көтерілді. Оған қоса, АҚШ валютасының курсы қазір тұрақсыз болып тұр. Біз көлікті долларға сатып алатындықтан, Қазақстанда да баға өсіп жатыр. Көлік құнының қымбаттауынан сатып алушылардың да қатары сирей бастаған. «Ішкі нарықтағы көлік бағасының қымбаттауының бірінші себебі шетелден келетін қосалқы бөлшектердің қымбаттауы болса, екіншіден, жаңа көліктердің бағасының өсуі салдарынан екінші нарықта да баға артып жатыр. Мысалы, 12-13 миллион теңге тұратын машиналардың бағасы қазір 15 миллион теңгеге жетті», – дейді автосарапшы Хуршид Раимов. «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, елдегі көлік құны доллар бағамына байланысты. Халықаралық жағдайларға байланысты автокөліктер АҚШ валютасы өскен сайын қымбаттауы мүмкін. «Бізде отандық көліктерге арнап бірнеше ай бұрын ескі бағамен сатып алынған жинақтаушы бар. Енді теңгенің курсына байланысты Қазақстанда құрастырылған көліктердің де бағасы өседі деп күтіліп отыр», – деді ол. Утильалым түседі деп қуанғанымыз сол еді, шарықтаған баға қусаң да, жеткізбей барады. Себебі автокөлік бөлшектерінің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Оның үстіне, қосалқы бөлшек пен май, сүзгі, салқындатқыш сұйықтық секілді дүниелердің бағасы да шарықтайды. Бас ауыртар мәселе – көліктің қымбаттауы ғана емес, елдегі автосалондар Ресейдегі дистрибьюторлар арқылы келетін біраз модельден қағылып жатыр. Қазір ірі шетелдік автоконцерндер Ресеймен келісімді бұзды. Атап айтқанда, BMW, Ford, Jaguar, Land Rover, General Motors, Volkswagen, Skoda, Porshe, Mazda, Honda көрші мемлекетке көлік жеткізуді тоқтатты. Hyndai мен Renault шығартын ресейлік кәсіпорындар да тұралап қалды. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, неміс концерні Daimler Trucks әйгілі КамАЗ зауытымен әріптестіктен бас тартты. Ең сорақысы, бұл тізім күн сайын толығып жатыр. Әлемдегі саяси жағдайдың жылжымайтын мүлік нарығына қатысты әсері туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та мойындаған. «Геосаяси жағдай жылжымайтын мүлік нарығына әсер етуі мүмкін. Теңге әлсіреген кезде кейбір құрылыс материалдарының бағасына қысым күшейеді. Бірақ бүгінде біз құрылыс материалдарының көбін өзімізде шығарамыз. Кейбір материалдар бойынша жергілікті үлесті 80-100 пайызға дейін жеткіздік. Бұрын Қазақстанда шығарылмаған керамика, шыны сияқты материалдардың импортын толықтай отандық өнімге алмастырдық, – деген Ә.Қуантыров үрейленген халыққа үміт сыйлағандай болды. Сарапшылардың сөзіне сенсек, баспана бағасына қатысты үміт бар. Себебі құны қымбаттай берсе, қара халықтың қалтасы көтермейтіндіктен, сұраныс азайып, баға тұрақталуы мүмкін. Десе де, қалай боларын уақыт көрсете жатар. Ал автокөлік мәселесінде жағдай ауыр. Себебі автокөлік өндірісінде Қазақстанның үлесі шамалы болғандықтан, бағаның қымбаттауы белгілі еді. Енді Үкіметтегілер үміт сыйлағанмен, рубльге байланған теңге құлдырап, «көлік аламын» деп жүргендердің қалауын көзден бұлбұл ұшырды. Міне, содан мұнайлы елдегілердің мұңы баспана мен көлік болып қала бермек.