Шардарадағы заңсыздыққа әкімнің шамасы келмейді
Шардарадағы заңсыздыққа әкімнің шамасы келмейді
465
оқылды
Шардара қаласы Сырдария өзенінің оң жағында орналасқан. Шағалалы дейтіні де содан. Шымкент қаласынан 250 шақырымдай шалғайдағы қала тұрғындарының саны бүгінде 30 мыңнан асады. Соңғы жылдары осынау өңірде туризм дамып келеді. Шардара су қоймасы жанындағы жағажайда демалыс орындары жетерлік. Балық бизнесі де жолға қойылған. Осындай жаймашуақ тіршілігі бар Шардара қаласына бүгінде көз тігуші кәсіпкер көп. Дәл қазір Шардара қаласында осындай өзекті мәселе бар. Жеке кәсіпкер мен жергілікті билік арасында текетірес. Былайғы күні мұндайда кәсіпкердің құқын бұзды деп шенеунікке шүйлігетін едік. Алайда осы жолы кәсіпкердің қылығы шектен шыққандық секілді.

Қала орталығына жарылғыш зат түскендей

Кезінде жерасты қоймасы, ағаш өңдеу цехы, механикалық және трактор цехы,  орталық қойма мен кеңселер, бірнеше қарауылханасы бар құрылыс материалдары комбинаты болған  аумағы 20 гектарға жуық жерді  алып жатқан ашық полигонның  бүгінде күл-талқаны шыққан. Алаңға құдды жарылғыш зат түскендей әсер қалдырады. Жердің беті сырылғаны былай тұрсын, 10 метрдей төмендікте  асты да қазылып, әр жерде төбе-төбе үйінділер қалған. Мұнда күні-түні тыным жоқ екен. Алып техникалар бетонмен салынған ғимараттарды күні-түні ұрғылап бұзып,  енді жер астындағы  іргетасын опырып жатыр. Осы маңдағы тұрғындардың айтуынша, жеке кәсіпкер бұл аумақты ауыр жүк көліктерімен құм-топырақ, қиыршық тастарды, темір-бетон қалдықтарын сататын сауда алаңына айналдырған. Тұрғындар соңғы екі жылда болып жатқан мына көріністі тоқтататын жан болмай тұрғанына қапалы. «Жұбайым бұрын осы комбинатта жұмыс істеген. Қазір денсаулығы дімкәс күйге түскен зейнет жасындағы қария тоқтаусыз тарсылдап шығып жататын жер қозғалғандай дауысқа елеңдей береді. «ГРЭС жарылайын деп жатырма, айтсаңдаршы» дейді қайта-қайта. Миымызды тесіп жіберердей  дауыстар үздіксіз шығып тұра берген соң осы күні денсаулығымызға да зиян келеді. Одан бөлек, есіктің алдына шыға алмаймыз, шаң-тозаң. Ал мына қазылған жерлер балаларымызға, өсіп келе жатқан қыздарымызға қауіпті. Ұры-қары мен бұзақылардың  жүретін жеріне айналған. Астан-кестені шыққан жерді көрсең, жүрегің ауырады», – дейді осы маңның тұрғыны Қалима Қалыбаева.  Ал осындағы цехтың бірінде жұмыс істеген Оңалбай  Жайлаубаев есімді азамат мұнда балаларға арналған спорт алаңшасы болса деп армандайды. «Жердің үсті сатып алған адамға тиесілі болғанымен, асты – мемлекеттікі. Ал бұлар жерді қазып, ондағы байлықты құрылыс материалы үшін сатып жатыр. Дәл қасында 1 000 балаға арналған мектеп, 60 шақты үй бар. Ал балалардың доп тебетін жері жоқ. Мына гүрс-гүрс еткен дауыстар мектепте сабақ өтетін балалардың психологиясына да кері әсерін тигізеді» деп ашынды ол. Бір қызығы, көпшіліктің наразылығын тудырып жүрген  бұл жер мемлекеттікі де,  жеке кәсіпкердікі де емес. Бұл жерді сонау 2011 жылы сол кездегі қала әкімінің шешімімен зауыт саламын деп KazakhConstruction Industry АҚ алған.  Сатып алған дей алмай тұрмыз. Себебі сол кездегі бағамен 32 миллион теңгеге бағаланған  жердің ақшасы әлі күнге дейін төленбеген. Одан бөлек, жер қатынастары бөлімімен жер учаскесін сатып алу-сату, жалға алу шартын да жасаспаған, яғни заңдастырылмаған. Демек, осы уақытқа дейін мемлекетке бір тиын да бермеген кәсіпкер енді айналасына да, әкімдікке де доңайбат көрсетіп жүр. Қолында бар болғаны шешім. Өкінішке қарай, бұған қала әкімінің шамасы келмейді.  Енді қайтсін, бірнеше рет сотқа жолданған шағым шешімін таппай, кәсіпкердің мүддесіне шешіліп кетіп жүр. Осылайша, екі қолы байлаулы жергілікті билік кәсіпкердің сотқа жолдаған арызының салығын да төлеуге міндеттелді. Осыншалықты заңсыздыққа барып отырса да, кәсіпкер облыстық соттан қалай жеңіп кетіп жүр?

Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың кері...

KazakhConstruction Industry АҚ жекеменшікке алдым деген жердің аудан бюджетіне төленуі тиіс 31 миллион 992 мың теңгені қазынаға құймағанымен  қоймай, осы уақытқа дейін салықтық міндеттемені де орындамаған. Себебі ол жер мемлекеттік тіркеуден өтпеген. 10 жылдан бері бюджетке төленетін  төлемдерден жалтарып, жерді заңсыз пайдаланып отыр. Бұл туралы  2012 жылы Шардара аудандық жер қатынастары бөлімі тұрақсыздық айыбы сомасын өндіру бойынша сотқа талап-арыз түсіргенімен, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап-арызды қанағаттандырмапты. Ал 2014 жылы келісімшартты мемлекеттік тіркеуге алуды міндеттеу туралы сотқа жолданған талап-арыз тағы да шешімін таппаған. 2015 жылы облыстық сотқа берілген апелляциялық шағымнан қайран болмаған соң апелляциялық соттың қаулысына  кассациялық шағым келтіріледі.  Жоғарғы Соттан да үміт болмайды.  «Өзім осында келген жылдан бері жүгінген соттан да жеңілдік.  Себебі біз кәсіпкердің құқын бұзып, оның жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр екенбіз», – дейді Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет. Осылайша, бүгінде жеке кәсіпкер өзіне жүктелген міндеттерді орындамағанымен қоймай, Шардара құрылыс бұйымдары комбинатына тиесілі ғимараттарды бұзып тастаған. Сонымен қатар ашық алаң Б. Соқпақбаев жалпы орта мектебіне жапсарлас орналасқандықтан, 2018 жылы мектеп директоры білім бөлімінің басшысына комбинатты бұзу жұмыстарының білім ошағына жер сілкінісіндей әсер етіп жатқанын, биіктегі бетондарды құлатып түсіру шаралары балаларға қауіпті екенін айтып шағымданған. Қатты дауыстың сабақ өткізуге де кедергі келтіріп отырғанын айтады. Одан бөлек, сол аумақ тұрғындары тарапынан да арыз-шағымдар түскен. Қала әкімі Бекет Құдайбергенұлының айтуынша, KazakhConstruction Industry АҚ басшылығы кәсіпкерлікке қасақана кедергі келтірді деген желеумен әкімдікті сотқа беріпті. Сот талап-арызды қанағаттандырусыз қалдырғанымен, сот процестері үшін төленуі тиіс БАЖ салығын әкімдіктің мойнына ілген. Демек, кәсіпкер заңсыздыққа барғанымен қоймай, әкімдікті де уысында ұстап отыр. Ендеше мұнша батылдыққа баруға дем беріп отырған адамның артында үлкен тіреуішінің бар екені айдан анық. Болмаса, аудандық соттан шешімін тапқан мәселе облыс пен Жоғарғы Сотқа барғанда неге тәлтіректеп қала береді?

Шымкент қаласы