Әншілер хиджаб киюді неге хайпқа айналдырды?
Әншілер хиджаб киюді неге хайпқа айналдырды?
Сурет: depositphotos.com
629
оқылды

"Хиджабты ойыншыққа айналдырмау керек". Имамдар орамалға немқұрайды қарайтын қыз-келіншектерге осындай кеңес береді. Өйткені, дінге бет бұрған жанға хиджабты қалаған уақытында тағып немесе орта жолдан мүлдем тастап кетуге болмайды, - деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арна тілшілерінің айтуынша, шоу бизнесте жүрген танымал әншілер мен блогерлер хиджаб киюді сәнге айналдырған. Бірі орамалды дінге бет бұрғандықтан тақса, енді бірі сахналық образына лайықтап алған. Дегенмен, хиджабын көп ұзамай әр түрлі себеппен шешіп жататындар көп. Мәселен, Меккеге жасаған сапарынан соң әнші Роза Әлқожа жабық киінуге шешім қабылдадым деген. Бірақ, бір жыл бұрын бұл шешімін өзгертті. Сол сияқты "Кешью" тобының экс-солисі Ақбота Сейтмағанбет те орамалды ұзақ тақпады.
"Мен үшін хиджабпен жүріп, екі баламды асырау қиын болды. Өнер жолында ұзын киіп, етекті жауып нан таппайсың", – деп түсіндірді Ақбота өзінің бұл шешімін телерналардың біріне берген сұхбатында.
Қазір әншілер мен блогерлердің арасында хиджабты тек сән үшін киетіндер де пайда болған. Олардың қатарында Аша Матай мен Ерке Есмахан да бар. Әнші арулар орамалмен түскен түрлі суреттерін инстаграм парақшаларына жұма күндері салып тұрады. Мұндай суреттердің сыры неде екені туралы өнер жұлдыздарының өздері пікір білдірген жоқ. Ал белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі хиджабты бір киіп, бір шешетіндерді хайп қуып, жеңіл жолмен танылғысы келгендер деп атады.
"Жарнама қылып жұрттың бәріне көрсеткісі келеді. Содан кейін орамал тағып жүреді. Сөйтеді да орамал тағыңыздар, сөйтіп өнеге үлгі болғысы келеді кейінгі жастарға. Қуанып қаласың. Ал бір уақытта қарасаң, орамалды лақтырып жіберіп кеудесін ашып тастап ән айтып тұрған кезде кәдімгі жаралы жүрегің ауырған былай тұрсын, жүйкеңе зақым түседі", – деді сазгер Қалдыбек Құрманәлі.
Имамдар да хиджабты ойыншыққа айналдырмау керектігін айтады. Себебі, ол орта жолда тастайтын салттық киім емес.
"Бірде киіп, бірде шешіп тастау деген бұл дұрыс емес. Өйткені бұл бізге парыз болғандықтан, бұны біз кидік пе шешпеу керек. Ойыншық емес қой бұл! Дін деген нәрсе Алланың діні. Өзіміз қалаған кезде киіп, қалағанда шешетін бұл біздің салттық киімге де жатпайды", – деді Қарағанды қаласы "Хәзірет Әли" мешітінің бас имамы Әлімжан Рахматуллаев.
Ал басынан орамалын тастамай жүрген өнер иелерінің арасында Айнұр Тұрсынбаева, Мөлдір Әуелбекова, Индира Расылхан бар.