Алматыда Батырлар аллеясынан әріп ұрлағандар ұсталды  
Алматыда Батырлар аллеясынан әріп ұрлағандар ұсталды  
Фото: polisia.kz
158
оқылды

Алматыда полицейлер Батырлар аллеясының маңдайшасындағы әріптерді ұрлағандарды ұстады, – деп жазады polisia.kz.

Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшы атындағы саябақта Батырлар аллеясының тұғырынан екі әріп пен 13 маңдайшаның ұрланғаны 4 наурызда белгілі болды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Полицейлер ұрыларды, олар мінген көлікті бірден анықтады. Үш күдіктінің жасы 25 және 26 жаста екені белгілі болды. Олар – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғындары. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Олар шойын маңдайшалар мен әріптерді қабылдау пунктіне өткізу үшін ұрлағанын мойындады. Біз ұрланған мүліктің сатылу бағытын жедел анықтап, ұрланған заттарды сатып алуға қатысы бар тағы үш айыпталушыны анықтадық. Олар да - сол ауылдың тұрғындары. Соңғы орын – Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы Бекмаханов көшесі бойындағы металл қабылдау пункті. Батырлар аллеясынан алынған әріптер мен маңдайшаларды ерітуге дайындаған», – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Заттай айғақтар тәркіленді. Олардың жалпы салмағы 44,5 келі болды. Сатып алушыларға қатысты ҚР ҚК-нің 196-бабы 1-бөлігі, яғни қылмыстық жолмен алынған мүлікті иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар да уақытша ұстау изоляторына қамалды.