Тұрғындардың айтуынша, ескерткіштің сұрықсыз болуы соншалық, балаларды шошытып, үлкендердің көңілін түсіруде. Ұлттық нақышта киінген екі қыздың мүсіні былтыр тұрғызылған. Содан бері екі рет жаңартылып, реставрацияланған. Алайда одан ештеңе өзгермеген.
– Қызымның күнде кешкісін дайындыққа баратыны бар. Өткен сайын менен "мына қызға не болды?" деп сұрайды. Оған не айтарымды да білмеймін. Ұлттық киімде әсемделген қыздың түр-келбетін адам шошырлықтай бояп тастаған. Дәл мереке қарсаңында олай істеуін түсінбедік. Бәрімізді мазақ етіп отыр ғой. Әкімдік осыны шешсе екен, – дейді Ақтау тұрғыны Мирослава Сурженко.
Ал әкімдік болса, ауа райының бұзылуынан, яғни жауыннан мүсіндегі бояудың аққанын сылтауратты.
– Соңғы рет тамызда бояғанбыз. Қазір жаңартатын уақыты келді. Біздегі ауа райының жылы болуынан бояудың ағып кететіні бар. Жауын-шашынның әсері тағы бар. Өткенде жөндеген компания қайта реставрациялап береді, – дейді әкімшіліктің бас маманы Бақтияр Мақсатов.