Бизнесте жыныс жоқ, тек іскер серіктестер бар. Бірақ адамның табиғи жаратылысына және отбасында атқаратын рөліне қарай ерлер мен әйелдердің арасындағы айырмашылықты жоққа шығара алмайсыз. Қазіргі іскер келіншектер бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, бизнесті жүргізу әйелдер қауымы үшін ерлермен салыстырғанда екі есе күрделірек екенін айта кеткен жөн.
Дүниежүзілік кәсіпкерлік мониторингінің зерттеуінше, әлемде әйелдердің экономикадағы үлесі әртүрлі: Корея Республикасында 16 пайыздан Ганада 55 пайызға дейін. Ал McKinsey-дің есебінше, әйелдер кәсіпкерлігі 2025 жылға таман ғаламдық ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар қосып, 26 пайызға дейін өсуі тиіс. Бұл жағдайда Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінің ІЖӨ-і 9 пайызға артуы мүмкін.
Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің өкілі М.Исаеваның айтуынша, егер республикада 2010 жылы небәрі 73,4 мың кәсіпкер әйел болса (жалпы кәсіпкерлердің 26%), 2021 жылғы деректе бизнестегі қыз-келіншектердің саны 587,3 мыңға жеткен (43,3%). Қазір қазақстандық әйелдер мемлекет ЖІӨ-нің 40%-ын қалыптастырып отыр. Елдегі заңды тұлғалардың 26%-ы, шаруа қожалықтарының 17%-ын қыз-келіншектер басқарады.
Біздің елде кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында 2002 жылдан бастап түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде ондаған мың қыз-келіншек оқудан өтіп, жеңілдетілген несие алып, өз бизнесін ашты.
Әйелдер бизнесі дегенде әдетте ойға ең алдымен сауда-саттық саласы, сұлулық салоны, тігін шеберханасы, нан-тоқаш өндірісі, клининг сияқты қыз-келіншектерді қызықтыратын кәсіпкерлік түрлері оралатыны рас. Дегенмен ауылдық жерлерде мал мен құс ұстап, балық өсіріп отырған нәзік жандылар да аз емес. Әйтсе де, қыз-келіншектер көбіне көтерме және бөлшек саудада жұмыс істейді. Одан кейін жылжымайтын мүлік операциялары, өңдеу өнеркәсібі, қаржылық және сақтандыру қызметтері, білім беру саласы және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерде еңбек етеді. Шалғайдағы елді мекендерде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың басым бағыттарына ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, қайта өңдеу және сақтау, ветеринариялық қызметтер көрсету, сондай-ақ киім, трикотаж бұйымдарын өндіру, қызмет көрсету саласы және басқалар жатады.
Бір қызығы, елдегі 2020-2021 жылдары пандемия қыспаққа алған кезде ерлерге қарағанда әйел азаматтар жұмыс істейтін және басқаратын бизнес ұйымдары көп зардап шеккен. Әйелдер кәсіпорындарының 75 пайызында табыс төмендеп кетсе, ерлер тарапында мұндай теріс көрсеткіш 60 пайызбен шектелді. Сондай-ақ әйелдер ШОБ-ында орта есеппен 12-ден 9-ға дейін жұмыс орындарының саны қысқарған.
Бүгінде мемлекеттен қолдау алып отырған әйел кәсіпкерлердің үлесі 32 пайыз мөлшерінде екен. Қолдау дегенде банк несиесі мен гранттар туралы айтып отырмыз. Әрине, бұдан өзге оқыту, үйрету секілді қаржылық емес қолдау түрлері де бар.
Былтыр Ұлттық экономика министрлігі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты ел аумағында 17 орталық құрылатынын мәлімдеген болатын.
«Әр өңірден бір орталық ашылып, олар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша жұмыс істей бастайды. Орталықтың басты міндеті – әйелдерге ақпараттық және консультативтік қолдау білдіру. Орталықтар министрлік, «Атамекен» ҰКП пен Президент жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның келісімі негізінде құрылады» делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Нәзік жандарға арналған бағдарламалар аясы ауқымды
Әйелдер қауымы бизнесте ғана емес, өмірде де ерекшеленеді. Маркетологтар қыздар қызғылт түсті ұнатады деп жалпақ жұртшылықты баяғыдан сендіріп тастаған. Мұндай түсініктің қашан, неден туғанын дәп қазір ешкім тап басып айта алмас. Мамандардың айтуынша, психологиялық тұрғыдан алғанда, қызғылт түс романтиканы, нәзіктікті, жастықты, махаббатты және сезімталдықты білдіреді. Өйткені қызғылт түс ашық жарқын атмосфера туғызып, достыққа шақырады. Қызғылт киімдегі әйел аналық пен жастықты үндейді, ал нәзікжандылардың ішінде жас болып көрінгісі келмейтіні некен-саяқ шығар. Осы себептерге байланысты әйел адамдарға арналып сатылымға шығатын заттардың елеулі бөлігі қызғылт түсті болатыны сондықтан болар?!