Қазіргі қазақ қоғамында әйелдің орны қандай?
Қазіргі қазақ қоғамында әйелдің орны қандай?
1,209
оқылды
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақ­станда 9 мил­лион 840 мыңнан астам әйел бар. Бұл қазақстан­дық­тардың 51,4 пайы­зы. Тиісінше, ерлердің үлесі 48,6 пайыз ғана. Бір жыл ішінде рес­пуб­лика халқындағы нәзік бол­мыс иелерінің үлесі 1,2 па­йыз­ға көбейген. Елімізде ерлер саны азайып бара жатқа­ны­мен, олар­дың сая­саттағы, эко­но­ми­ка­дағы, мемлекеттік бас­қарудағы және маңызды шешімдер қабыл­дау­дағы рөлі үлкен, қарасы ба­сым, ықпалы үстем.

Саясатта қанша ханым бар?

Әлемдік саясаттануда, әдетте қандай да бір күштің саяси аренадағы маңызы мен орнын салмақтау үшін оның ел Үкіметіне қанша өкілін өткізе алғанына назар аударылады. Бұл ретте Қазақстанның биылғы қаңтарда жасақталған, Премьерді қоса алғанда, 22 биік лауазымды тұлғадан тұратын жаңа Министрлер кабинетінде тек 1 әйел министр қалды. Ол – Денсаулық сақ­тау министрі Ажар Ғиният. Бұрын кем дегенде екі кресло әйелдерге берілетін, бейресми квота сақталатын. Мысалы, 2019 жылы Үкіметте Гүлшара Әбдіқалықова – вице-премьер, Күләш Шәм­шідинова – Білім және ғылым министрі болды. Ал өткен жылы Аида Балаева – Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарды. Демек, енді әлдеқалай ДСМ басшысы отставкаға кетіп, орнына ер кандидат қон­жиса, Әлихан Смайылов Үкіметі ел тари­хындағы тек ерлерден ғана құралған тұң­ғыш Үкіметке айналмақ! Қоғамдағы күштер (ал саяси белсенді әйелдердің нағыз күш екенін мойын­да­уы­мыз керек), сондай-ақ өкілді органдағы – Парламенттегі орны мен ықпалын өріс­тетуге тырысады. Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына орай «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарына өзгеріс енгізіліп, әйелдер мен жастарға пар­тиялардың тізімінде міндетті 30 пайыздық квота қарастырылған болатын. Алайда бұл тетіктің олқылығы анықталды: додаға түс­кен партиялар өз кандидаттарының тізі­мінде 30 пайыз квотаны сақтады. Бірақ заң талабы тек Ортсайлаукомға тапсырылатын партиялық тізімге ғана қатысты болған­дықтан, Мәжіліске өткен партиялардан депутаттық мандатты тарату кезінде әйел­дер үлесін сақтау талап етілмеді. Нәтижесінде, 2021 жылғы 10 қаңтарда сайланған VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің құрамына 78 ер (73 пайыз), 29 әйел (27 пайыз) енді. Бертінде депутаттық корпус құрамында ауыс-түйістер болды. Мысалы, таяуда, 3 наурызда Дариға Назар­баева мандатынан бас тартты. Оның орнын Саясат Нұрбек басты. Осылайша, Мәжі­ліс­те енді тек 28 әйел депутат бар. Яғни, Мә­жіліс депутаттарының 26,2 пайызын ғана әйелдер құрайды (осыдан он жыл бұрын, 2012 жылы 23,8 пайыз болатын) Әрине, сарапшылардың айтуынша, ең басты өл­шем – жыныс емес, біліктілігі, елге сіңіре­тін еңбегі, қоғамға пайдасы және құлшынысы. Сенатта әйелдердің үлесі тіптен төмен: 48 депутаттың небәрі 9-ы немесе 18,7%-ы ғана – нәзік болмыс иелері. Жуырда Президенттің тапсырмасымен ұлттық заңнамаға түзетулер енгізілді, оған сәйкес Парламентке өткен саяси партиялар өзіне тиген мандаттарының 30 пайызын әйелдер мен жастарға беруге міндеттеледі. Әйткенмен бұл талап Сенатқа және Қа­зақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобына таралмайды екен. Қазіргі уақытта Мәжілістегі ҚХА атынан сайланған 9 депутаттың тек біреуі ғана – әйел. Сонымен бірге, аудандық мәслихаттар­дағы әйелдер үлесі 30 пайыздық кедергіден асты: олардағы 2 090 жергілікті депутаттың 668-і немесе 31,96 пайызы – нәзік болмыс иелері.

Айымдардың иығында – экономика

Қазақстандық әйелдер еңбек нарығын­да және кәсіпкерлікте орасан зор рөл атқа­рады. Ranking.kz сарапшылары Ұлт­тық статбюроның дерегіне жүгіне отырып, 2022 жылдың басында Қазақстанда ха­лықтың экономикалық белсенді, яғни жұмысқа жарамды бөлігінің 48,5 пайызын әйелдер құрайтынын хабарлады. Бұл рет­те елдегі барлық жұмыс істейтін адам­дардың 48,1 пайызы – әйелдер. Ендеше олар ел эко­номикасын көтеруге, отбасы та­бысын арттыруға ерлермен тең үлес қо­сып жатыр. Әйелдер басқаратын жеке кәсіпкерлік (ЖК) саны кейінгі бір жыл ішінде 9,1%-ға немесе 625,1 мыңға дейін артты. ЖК-лардың жалпы санындағы әйелдердің үлесі де былтырдан бері 47,4%-дан 49%-ға дейін өсті. Бұл жерде әсіресе, қыз-келіншектер белсенді: істеп тұрған ЖК арасында жасы 29-ға толмаған әйелдер басқаратын бизнес нысандарының саны бір жылда бірден 37,2 пайызға көбейіп, 88,7 мыңға жетті. 90-жылдары алып ала дорбаларды арқа­лап, Қытайдан тауар тасыған қан­шама әйел отбасыларды асырап, елдегі коммерцияның дамуына қуатты серпін бергені мәлім. Жа­һандық дағдарыс пен пандемия кезеңінде де әйелдердің эко­номикалық белсенділігі артып келеді. Қазір әйелдер басшыл­ы­ғын­дағы шағын және орта кәсіпорындар 1 мил­лионнан астам қазақстандықты жұмыс­пен қамтып отыр. Мәжіліс депутаты, Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мографиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­­миссияның төрағасы Ләззат Рамаза­нованың мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жатқан адамдардың басым көпшілігі, 56 пайызы – әйелдер. Соның ішінде басшылық лауазымдардың 41%-ына әйелдер тағайындалған. Елімізде әйел судьялардың үлесі – 51%. «Экономиканың корпоративтік сек­торында паритеттік теңдікке қол жеткізу бағытында жұмыс басталды. 2019 жылдан бері БҰҰ-әйелдер құрылымымен бірлескен жұмыс жүргізіп, қазақстандық квази­мем­лекеттік және жеке секторды БҰҰ-ның Әйел­дерге арналған құқықтар мен мүмкін­діктерді кеңейту қағидаттарына қосуға күш салудамыз. Банктердің басшылық құра­мын­дағы әйелдердің үлесі – 24,6 пайызға, ал ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлт­тық компаниялардың басшылығындағы үлесі – 25 пайызға жетті. Нәзік болмыс ие­лері алдынан үлкен мүмкіндіктер ашы­луда. Олай болса, белсенді қыз-келіншектер болса, осы салалардың бәріне қош келдіңіз дейміз», – дейді ол. [caption id="attachment_187094" align="alignleft" width="1200"]гендерлік саясат © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұдан бөлек, республикадағы 22 мың үкіметтік емес ұйымның 37 пайызының не­месе 8 220-сының тізгіні әйелдер қо­лында. Олардың шамамен 500-і отбасы және гендерлік саясат мәселелерімен айналысады. Халық денсаулығын қамтамасыз ететін, ұлтты білімді ететін салаларда да негізінен әйелдер еңбек етуде. Өзге секторларға тоқталсақ, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің 42,4 пайызы – әйелдер, 57,6 пайызы – ерлер. Өнеркәсіп пен құрылыс салаларында әйелдер үлесі – 28,6%, қалға­ны – ерлер. Қызмет көрсету салаларын да негізінен әйелдерге тән деп атауға болады: барлық қызметкерлерінің 60 пайыздайы әйелдер.

Гендерлік саясатта тың бетбұрыс бар

Сарапшылар жалақы төлеуде гендерлік теңсіздік сақталып отырғанына назар ау­дар­тады. Жалпы, бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан үрдіс. Мы­салы, Голливудта бірдей рөлді орындап, бір­дей еңбек еткенімен ең танымал актри­салардың өзі «жұлдыз» актерлерге қарағанда бірнеше миллион доллар аз ақы алады. Қазақстанда бірдей қызмет атқаратын әйелдердің ерлерден 25 пайызға кем алатыны белгілі болды. Бұл негізінен, жеке секторға қатысты. Мемлекеттік секторда, бюджеттік салаларда жалақы жынысына қарай емес, лауазымына қарай нақты бекі­тілген. Әрі олардағы әйел және еркек бас­шылардың үлесі шамалас. Ұлттық статистикалық бюроның мәлі­метінше, елімізде ерлердің орташа жала­қысы 243 524 теңге, ал әйелдердікі 182 679 теңге болған. Жұмыс берушілердің көбі әйелдерге қарағанда, ер-азаматтарды жұмысқа алуға бейім. Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі былтыр жұмыс күшінің 4,9 пайызын құра­ды. Оның үш пайыздан артығы – әйелдерге тиесілі. Сарапшылар тағы бір жайтты қаперге салады: отбасы мәселелеріне көбірек алаң­дайтын әйелдер өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыра алмайды. Мұны келесі бір де­ректен көруге болады: Қазақстанда жоға­ры білімі бар ер адамдардың үлесі 17,8 па­йыз ғана. Ал жоғары білімді әйелдердің үлесі 21,6 пайыз! «Оңтүстікте дипломды қалыңдық көп» деп келетін әзіл шындыққа жақын. Сондай-ақ елде ғалымдардың көбі әйелдер екенін екінің бірі біле бермейді. Мысалы, республикада 9,1 мыңнан астам әйел «ғылым кандидаты» бар. Ер «ғылым кандидаттарының» саны аздау – 8,4 мың адам. Сонымен бірге, нәзік болмыс иелері­нің көбі ғылым шыңын бағындыру сапарын ары қарай жалғастыра алмай, орта жолдан тоқтауға мәжбүр. Нәтижесінде, ер «ғылым докторларының» саны 3 121, ал әйел «ғы­лым докторларының» саны – 1 928 қана. Ұлттық статбюро дерегінше, елімізде семіздіктен зардап шеккен қазақстандықтар арасында әйелдер көп: олардың 0,24 па­йызы (шамамен 23,6 мыңдай адам) шектен тыс артық салмаққа ие. Іркілдеген жуан денелі ерлердің үлесі 0,12 пайыз көрінеді. Қазақстандық әйелдер қоғамымыздағы бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің аса зор ұйытқысы болып отырғаны мәлім. Қазақ халқының осы заманға аман-есен жетуі, ұлт болып ұйы­суы ең алдымен аналардың арқасы де­сек, артық болмас. Жаугершілікте ерлермен бірге қолына қару алып, атқа қонған, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұрпағын өрбіткен әжелеріміз бен аналарымыздың бойындағы сол жақсы қасиеттер бүгінгі ұрпақта жал­ғасын тапты: бейбіт заманды қазақ әйелдері ұрпақ өрбітуге белсенді пайдаланып жатқаны байқалады. Осының арқасында Қазақстан шын мәнінде демографиялық дүмпуді бастан кешуде. 2021 жылы аналарымыз 450 652 сәбиді өмірге әкеліп, бұл салада тарихи рекорд ор­натты. Салыстыру үшін айтсақ, елімізде 2019 жылы 402 310, ал пандемия өршіген 2020 жылы 426 824 сәби дүниеге келді. Бұлар да рекорд болатын. Амандық болса, халқымыздың саны жыл сайын жарты миллионға көбейіп отыратын дәрежеге де жетерміз. Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі ген­дерлік саясат кез келген жолмен әйелдерді ілгерілетуді басты орынға қойып келді. Дегенмен қазір әлемде «Гендерлік теңдік стратегиясы» белең алуда. БҰҰ құптаған бұл қағидаттың бұрынғыдан айырма­шы­лығы сол, ол әйелдердің мүддесін алға бастыру үшін ерлерді төменшіктетуді, кемсітуді емес, барлық жыныс өкілдеріне тең мүмкіндіктер туғызуды көздейді. Тек әйелдердің ғана емес, ерлердің де құқық­тары мен мүмкіндіктеріне неғұрлым тең қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан да­мыған елдерде феминистер қозғалысына қатысты ұйымдар не жабылуда, немесе ер­лердің, басқаларының да құқықтарын қоса қорғауға қайта бағдарланып жатыр. Қазақстанда Президенттің Жар­лы­ғы­мен «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекі­тілді. Мемлекетімізде бүгінде әйелдердің лидерлік қасиеттерін арттыру және оларды қоғамдық өмірге, саясатқа, шешім қабылдау процестеріне тиімді қатыстыру, әйелдер бизнесін дамытуға, олардың несиеге, ре­сурс­тар мен активтерге қол жеткізуіне жәр­дем көрсету, аналарды әлеуметтік қор­ғауды күшейту міндеттері тұр.