Еліміздің ғылым саласында 10 мыңға жуық әйел бар екен. Олардың 714-і ғылым докторы, 2 427-і – ғылым кандидаты, 992-сі – PhD докторы, 28-і – бейіндік докторлар. Осыншама нәзік жандылар ғылым саласында тынымсыз еңбек етіп жүр. Жылдан-жылға ғылымдағы әйелдер саны артып келе жатыр. Бүгінде олар еліміздегі жалпы ғалымдар санының 54 пайызын құрайды. Заманауи ғалым әйелдер десе, есімізге ең әуелі QazVac вакцинасының авторы Күнсұлу Закарья түсетіні рас. Ғалам кеселі COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық инактивтендірілген QazCovid-in (QazVac) вакцинасын және оны өндіру технологиясын әзірлеп шығарған ғалым өзінің қажырлы еңбегімен еліміздің абыройын аспандатып тастаған болатын. Мерекеге орай, профессор ғалыммен әңгімелескен болатынбыз. – Күнсұлу Далтонқызы, әдетте 8 наурыз мерекесін қалай тойлатасыз? Сіз үшін бұл қандай күн? – Мен әдетте мерекені күтіп тойламаймын, оған уақыт та жоқ. Біздің институт алдында Президентіміз қойған үлкен міндет-мақсаттар тұр. Солардың ішінде ең маңыздысы – еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың денсаулығы. Сол үшін институт қызметкерлері аянбай, уақытпен санаспай, еңбек етіп келеді. Ғылымда, тәжірибе жүргізу кезінде уақытты ұмытасың, ал егер еліміздің денсаулығы мен қауіпсіздігі басты негізде тұрғанда мереке мен демалысты да ұмытасың. Бүгінде Үкімет қаулысымен Ұлттық QazBioPharm холдингі құрылған, ол жерде күрделі міндет-мақсаттар қойылған. Соларды орындау қажет, ол үшін көп жұмыс істеп, еңбек етуіміз керек. Осы жерде біздің институттың жұмысын ерекше атап кетуді жөн деп санаймын. Ғылымда әрбір ғалым өз орнын табу үшін өте көп еңбек етуі керек. Кейде олар өзіне жұмсамайтын күш-жігерді ғылым жолында сарп қылады. Сондықтан да әйел ғалымдар әр жұмысын, уақытын жоспарлап жүреді. Бұл тиянақтылық ғылымда да таптырмас көмекші. Әйел ғалымдардың жауапкершілігі де жоғары деп айтар едім. – Сізді көпшілік отандық QazVac вакцинасының әзірлеушісі ретінде таниды. Бұл процеске атсалысқандардың арасында нәзік жанды ғалымдар да аз емес шығар. Отандық ғылымдағы әйел адамның әлеуетін қалай бағалайсыз? – Әрине, біздің әр жетістігіміз ол – бүкіл ұжымның еңбегі. Бұл жерде бөліп-жару дұрыс емес. QazVac вакцинасының әзірлеу процесіне институтымыздың барлық қызметкері үлес қосты. Егер оның ішінде гендерлік тұрғыдан қарайтын болсақ, 30 пайызы ғалым әйелдер. Айта кетсек, профессор Куляйсан Сұлтанқұлова, PhD Айнұр Нұрпейісова, медицина ғылымдарының кандидаты Нурика Асанжанова, профессор Ольга Червякова және тағы басқалары. Бұл ғалымдармен қатар ерекше жас мамандарымыздың еңбегін ескерген дұрыс, сол алдыңғы, елімізге белгілі ғалымдарға қарап жастарымыз бой түзеп, ғылымды жан-жақты игеріп келеді. Біздің институтта қыздар мен жігіттерге бірдей мүмкіндік беріледі. Аталған жас ғалымдарды бағалайтын болсам, батыл, алғыр, келешекте ғылымның дамуына, еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосатын азаматтар болады деген сенімдемін. – Әйел ретінде, ғалым ретінде қандай арманыңыз бар? – Бүгінде биология ғылымы күн сайын дерлік әлемде серпінді, жаңа ашылулар мен әзірлемелермен дамып келеді. Биотехнология мен биофармация ғылымы – орасан зор табыс әкелетін, әлемнің көптеген жетекші елінің экономикасының қарқынды дамып келе жатқан саласы. Бұл елдерді қуып жету өте қиын. Менің арманым – Отанымыздың биотехнологиялық саласының қалыптасуына және құрылысына қатысу, Қазақстанда биотехнология саласын өркендету. Қаншалықты артта қалсақ та, бар күшімізді салып, алға ұмтылуымыз керек. Бір орында тұрып, уақытты жіберіп алуға құқығымыз жоқ. Ал мемлекеттік органдар биотехнолог ғалымдардың жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасауы қажет. – Сіздің ғылыммен айналысуыңызға кім немесе не әсер етті? – Бұл шешімге ешкім де, ештеңе де әдейі әсер еткен жоқ. Менің анам жарты ғасырға жуық химия және биология пәнінің мұғалімі болды. Химия кабинетінің жанында реактивтер, ыдыс-аяқтар, құрал-жабдықтар сақталатын лаборант бөлмесі болды. Онда кез келген білімқұмар балалар сияқты ағам екеуміз жиі тәжірибе өткізетінбіз. Осы талабымызды аңғарған ата-анам нақты реагенттер және тәжірибелерді сипаттайтын кітабы бар «Жас химик» жинағын сатып алып берді, Кеңес уақытында мұндай жинақтар дүкендерде сатылатын. Бұл – менің бала кезімнен қызығушылық танытқан ісім, әуелі пәндік олимпиадаларға, кейін ғылыми жобаларға өткен хоббиім болды. Бұл жолдың басы болса керек. – Қазақстандағы әйелдер қауымына жолдар мерекелік тілегіңіз? – Әйелдер – біздің қоғамның негізгі тірегі, бүгінде әйелдер кез келген салада жауапты орындарда еңбек етіп келеді. Таяуда біздің партияның съезі өтті. «Nur Otan» атауы «AMANAT» болып ауысты. Президент жаңа бағыт-бағдар мен міндеттер қойды, еліміздегі іс-шараларға белсенді атсалысу қажеттілігі айтылды. Бүгінде сөзден іске кірісер кез келді. Үкімет пен Парламент, партия елге жақын болып, елдің қажеттілігін естіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында бірігіп жұмыс атқаруымыз керек. Әйел-ана – қашанда береке бастауы, отбасы ынтымақтастығы мен тұрақтылықтың кепілі бола бермек. Көктемнің алғашқы мерекесі қуаныш және көтеріңкі көңіл күй сыйласын. Барша әйелге мықты денсаулық, бақыт және жақсылық тілеймін! Әрқайсысыңыздың жүрегіңізден ертеңгі күнге деген сенім мәңгілік айнымасын! – Әңгімеңізге рақмет!