Бала құқықтарын қорғайтын заң қабылданды
Бала құқықтарын қорғайтын заң қабылданды
244
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Әкімшілік кодекске түзетулер енгізетін заң жобасы І оқылымда мақұлданды. Құжатта байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Сондай-ақ интернет сапасының белгіленген талаптарға сәйкес келмегені үшін айыппұлдар сомасын ұлғайту, реттеушінің рөлін күшейту ұсынылады. Жиында БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялайтын заң жобасы мақұлданды. Бұл халықаралық коммерциялық қатынастар саласында туындайтын халықаралық дауларды медиация, бітім арқылы реттеу жөніндегі шарттық-құқықтық базаны күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттің халықаралық сауда құқығы саласындағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. Жалпы отырыста ұлттық заңнамаға бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ІІ оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды. Қоғамдық қызу пікірталас туғызған бұл құжат балаларды кез келген зорлық-зомбылық көріністерінен, сондай-ақ отбасылық қатынастар, білім беру, ақпараттық кеңестік салаларында қорғау тетіктерін іске қосуға бағдарланған. Оны талқылау барысында депутаттар ерекше қажеттіліктері бар балалардың медициналық оңалту қызметтеріне қолжетімділігін арттыру, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін қысқарту сияқты бірқатар маңызды түзетулер енгізді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат депутаттары енгізген өзгерістерге келісті. Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Файзолла Қаменов пен Сергей Решетниковтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Ал жаңадан сайланған Мәжіліс депутаты, ақын Аманжол Әлтай ант беріп, палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына мүше болды. Жиын соңында Мәжіліс депутаттары Үкімет өкілдеріне депутаттық сауал жолдады.