Мемлекет басшысының Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Президент пәрменімен алдағы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жүйелі байланысты жолға қоймақ. Осылайша, әкімқаралар тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуге ниетті. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда қызу талқыланып жатқан құжат әкімдіктердің қызметіндегі көп өзгеріске жол ашқалы тұр.
Кездесулердің форматы өзгереді
Жаңа Жарлыққа сай облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімдері әр 6 ай сайын халыққа атқарылған жұмыстың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жақын танысуға міндетті. Әрі мұндай жиындар көшпелі форматқа ие болып, өңірдегі барлық аудандар мен қалаларды қамтуы керек. Алып шаһардың әкімдері де аудан тұрғындарымен тоқсанына бір рет дидарласады.
Одан бөлек, халық талап етсе, әкімдер күнтізбеден тыс кездесулер де ұйымдастырылады. Техникалық мүмкіндікке сай мұндай басқосуларды онлайн режимде де өткізуге болады. Демек, өңір басшысының қабылдауында болу үшін айлап кезек күтудің қажеті жоқ.
Ал халықпен кездесулердің жаңашылдық ретінде әкімдіктердің нақты мәселелерге ден қоюын айтуға болады. Яғни, әкімдер бұрынғыдай ұзын сонар баяндама оқып, жұртты мезі етпейді. Тек өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне азғана уақыт шолу жасап өтеді. Мәселен, 2 сағатқа жоспарланған кездесудің 30 минуты ғана әкімнің баяндамасына арналуы керек. Қалған уақытта тұрғындар өңір басшысына көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауап алады. Жергілікті жердегі өзекті мәселелермен кездесуге дейін арнайы комиссия танысып шығады. Кейін бұл мәселелерді шешудің алгоритмі жасалып, ол БАҚ, әлеуметтік желі арқылы халыққа таныстырылады.
Халықпен кездесуден кейін әкімдер жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшыларымен, мәслихат депутаттарымен бірігіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды.
Айтпақшы, Жарлықта әкімнің халықпен кездесуіне қатысушылардың аудиториясына байланысты да нақты нұсқау бар. Алдағы уақытта есепті басқосуларда залды бұрынғыдай басшының әр сөзіне бас шұлғып отыратын мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері ғана толтырмайды. Аудиторияның негізгі бөлігін мәслихат депутаттары, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен оппозиция өкілдері құрайды.
Осылайша, әкімдер халыққа бір табан жақын болып, жергілікті тұрғындарға 6 айда бір «емтихан» тапсырып тұрмақ. Ал бұл тәжірибенің билік пен бұқара арасында берік байланыс орнатудағы тиімділігін уақыт көрсетер. Дегенмен соңғы оқиғалар жергілікті әкімдік пен халық арасында диалог алаңының жоқтығын аңғартты. Демек, әкімдердің халыққа жақын болуының берері мол болғалы тұр.
Шынында, бізде 2005 жылдан бері облыс және республикалық маңызға ие қала әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері өткізіліп келеді. Әйтсе де, жылына 1 рет ұйымдастырылатын бұл жиынның алдын ала дайындалатын «сценариймен» өтетіні де көпшілікке мәлім. Жиынға «сүзгіден» өткен сұрақтарды қоятындардың қатысатыны да жиі сын тезіне алынатын. 2013 жылы енгізілген өзгеріске байланысты ауыл әкімінің есебіне аудан әкімі, аудан әкімінің есебіне облыс әкімі қатысатын болды. Ал облыс әкімінің халықпен жүздесуіне министрлердің бірі қатысады. Әйтсе де, олардың тарапынан да әкімнің жұмысына қатысты уәжді сын-ескертпелер жиі айтылмайтын.
Бастысы, Президент пәрмен беріп, халықтың мәселесін зерделеудің, оны іске асырудың жолы көрсетілді. Ендігі кезекте әкімдіктер ескі сүрлеуге түспей, Мемлекет басшысы ұсынған бағытты басты бағдар ете алса болғаны. Осы орайда қарапайым халық та Президент пәрмен берген тапсырманың тиянақты орындалуына азаматтық бақылау жүргізуді ұмыт қалдырмағаны жөн.