Соңғы күндері Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісі 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап белгісіз мерзімге жабылатыны туралы ақпарат тарады. Кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев жақын арада көрсетілетін фильм болмайтынын айтып отыр. Голливуд компаниялары өз фильмдерін Ресейде жалға беруден бас тартқан болатын. Кинотеатрлар желісінің жұмысын тоқтатуының да бір себебі осында жатса керек. Алмаз Малдыбаевтың айтуынша, Ресей арқылы жұмыс істейтін Голливудтың ірі компаниялары кино ұсынудан бас тартқан. «1 сәуірден бастап бізде көрерменге көрсететін фильм жоқ. Сондықтан Kinopark және Kinoplexx желісін 1 сәуірден бастап белгісіз мерзімге жабуға мәжбүр болдық», – дейді Алмаз Малдыбаев. Kinopark және Kinoplexx еліміздегі ең ірі кинотеатр желілері болып саналады. Олар 2005 жылы негізін қалаған еді. Бұған дейін Warner Bros., Walt Disney және Sony Pictures сияқты әлемдік алып компаниялар Ресей мен Украина арасындағы шиеленіске байланысты кинопрокаттың тоқтайтынын мәлімдеген еді.
Дубляждың орташа бюджеті – 300 мың АҚШ доллары
Алайда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов Голливудтың ірі киностудиялары Қазақстандағы кинопрокаттан бас тартпағанын айтқан еді. «Орталық Азия мен Қазақстанға ешқандай санкция жарияланған жоқ. Сол себепті бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз» деген еді. Ендеше «1 сәуірден бастап көрерменге көрсетілетін фильм жоқ» деуге негіз бар ма? Бұған Алмаз Малдыбаевтың өз уәжі бар секілді. Ол өз сөзінде: «Бауыржан Шүкеновтің голливудтық контенттің жоқтығынан кинотеатрлардың жабылу қаупі туралы сөзіме қатысты мәлімдемесіне түсініктеме беруге тура келеді. Жалпы, мен пікір қайшылығын тудырғанды ұнатпаймын, дегенмен «көрсететін кино жоқ» деп алаңдаушылық тудыруымның нақты себебі бар. Өйткені алдағы бірнеше күнге жоспарланған фильмдер отандық прокатқа шығады деп ешбір студиядан кепілдік алған жоқпыз. Бұл жерде әңгіме қазақша субтитрлері бар орыс тіліндегі дубляжы бар «Я краснею» және «Морбиус» фильмдеріне қатысты. Ал жазғы, күзгі және қысқы мерзімдерге жоспарланған әрі дубляж жұмыстары әлі аяқталмаған, тіпті басталмаған шығарылымдар туралы айтудың қажеті де жоқ. Ірі студиялардың фильмдерінің негізгі дубляждары Мәскеу кеңсесі арқылы өтетіндіктен, олар мұны жалғастырмауы да мүмкін» деп отыр. Оның айтуынша, дубляждың орташа бюджеті 100-300 мың АҚШ доллары тұрады. Ал елімізде жылына 300-ге жуық фильм көрсетілетінін ескерсек, тек дубляжға кететін шығынды есептеп көріңіз. Қазақстан ғана емес, Өзбекстан және Қырғыз мемлекеттерінде де бұл шығын өзін-өзі ақтамайды дейді. Әрі қазақстандық дистрибьютерлер мұндай шығындарды шығаруға физикалық тұрғыдан да, қаржылық жағынан да дайын емес көрінеді. Олар мұндай күрделі технологиялық процесті қысқа мерзімде ұйымдастыру да іс жүзінде мүмкін емес екеніне сенімді болып отыр. «Менің қазақ кинотеатрлары жабылып қалады деген қорқынышымның нақты негізі бар. Бизнес серіктестер жұмыс істейміз деп отыр. Оларға: «Сіз не көрсетесіз?» деген сұрақ қояр едім. Ал Құралай Анарбек, Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбайдың фильмдері толық кинотеатрлар желісін толтыра алмайды. Оны қысқа уақытта көрсетуге болады. Одан әрі жаз, күз және қысқы уақыттарда көрсетілетін туындылар әлі жарияланған жоқ. Отандық фильмдерге қолдау көрсетіледі, бірақ ол фильмдермен қызметкерлердің жалақысын, кинотеатр шығынын, банк несиелерін жабу мүмкін емес. Сонда біз не көрсетуіміз керек?» деп жазады Алмас Малдыбаев. Ол өзінің қазақ тілінде жақсы сөйлейтінін, фильмдердің қазақ тілінде шыққанын қалайтынын, бірақ халықтың негізгі бөлігі ана тілінде кино көруге дайын болғанша көп уақыт қажет екенін айтады. «Егер де Шүкенов мырза киноорталық аясында дубляжға қаржы бөліп, студиялармен келіссөздер жүргізуге дайын болса, мұндай көмек пен қолдауды ризашылықпен қабылдаймыз» деп отыр. Малдыбаевтың мәліметіне сүйенсек, көрерменге ұсынылатын фильмдердің 99 пайызы шетелдік өнімдерге тиесілі. Ендеше бұл тығырықтан қалай шығамыз?Қазақстандық киноиндустрияның күйреуіне алып келмей ме?
Белгілі продюсер Баян Есентаева да бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді. Ол өзінің Instagram парақшасында: «1 сәуірден бастап Kinopark желісі жабылатынын біліп, көңілім түсіп кетті. Бірақ шығар жол табуға болады деп ойлаймын. Неліктен Голливудпен өзіміз келіспейміз? Өзіміз дубляждай алмаймыз ба? Мен, мысалы бұл істі жақсы атқарамын. Мәдениет министрлігінен бұл сұрақты назардан тыс қалдырмауды сұраймын. Себебі бұл соңында Қазақстанның бүкіл киноиндустриясының күйреуіне алып келеді. Біз отандық кино түсіруді қоямыз, ал ол дегеніңіз – мыңдаған адам жұмыссыз қалады. Одан бұрын мәдени-білім беру салаларының құлдырауына алып келеді» деп жазды. Ал «Қазақфильм» АҚ киностудиясы директоры, белгілі режиссер Ақан Сатаев бұдан шығудың жолы бар деп отыр. Ол: «Өкінішке қарай, Ресей арқылы жұмыс істейтін голливудтық компаниялар бізге кино беруден бас тартты. Біздің елде 1 сәуірден бастап көрсететін өнім болмайды екен. Бүгін мен кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаевпен осы мәселе бойынша сөйлестім. Ол кинозалдарда Голливудтың фильмдері болмаса да, көпшілікке ұнаған отандық кинолардың көрсетіле беретінін айтты. Мамыр айында Қасым хан туралы фильміміздің түсірілімі бітеді. Ол «Ұлы дала таңы» деп аталады. Ал Голливудтың киноларына келсем, біз енді олардың фильмдерін ешқандай делдалсыз өзіміз сатып алып, дубляждап, көрерменге ұсынатын боламыз. Бізде бәрі жақсы болады», – дейді. Қазақстандық кинотеатрлар желісінің тоқтауының себебінен 800 қызметкер жалақысыз қалып отыр. Оларды басшылық уақытша ақысыз демалысқа жіберуді ұйғарған секілді. Дубляж жасауды қолға алуға болады. Мықты дубляж жасауға болатынын «Болашақ» қауымдастығы дәлелдеп көрсетті. Бірақ олардың жылына жүздеген фильмді аударуға қауқары жете ме? Өйткені бүкіл қазақстандық кинотеатрлар желісін ұстап тұру үшін жылына кем дегенде 300 фильм прокатқа шығу керек. Оған біріншіден, қыруар қаржы керек. Екіншіден, аударма мәселесі де өзекті болары сөзсіз. Апта сайын қазақша контент шығар болса, оның сапасын кім қадағалап отырмақ?! Ең алдымен осы мәселені де ойланған жөн секілді. Ал Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының айтуынша, Голливуд өнімдерінің бізге Ресей арқылы келетіні Disney мен Sony pictures қана. Олардың еліміздегі өкілі Sulpak синема. Қалғандары тікелей келісімшартпен жұмыс істейді. «Біздің нарықта қазірдің өзінде өзіміздің отандық киноның үлесі артып келеді. Еліміздің тәуелсіз өндірістік компанияларын қоспағанда, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген 20-дан астам фильм дәл қазір прокатқа шығуға дайын тұр. Егер қажеттілік болса, желіні толтыруға дайынбыз. Отандық компаниялар Голливуд фильмдерінің тең жартысын өздері-ақ дубляждап жүр. Тіпті, оған үлгермесе, түпнұсқасын көрсетіп, субтитрмен де ұсынуға болады. Қытайда да талай жылдан бері осылай көрсетіп жүр ғой. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі жағдайда жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға болады деп ойлаймын. Өзіміздің қазақша киноларымызды насихаттайтын кез келді», – дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Шөкенов. Кеше Мәдениет және спорт министрлігінде кездесу болып, онда киноиндустрияның алдағы уақыттағы жай-күйі талқыланған еді. «Кинода қиындықтар бар және әрдайым болады. Себебі кинотеатрлар пандемия кесірінен әлі айыққан жоқ. Енді, міне мынандай жағдай болып отыр. Оларды қалпына келтіру керек, қандай да бір жолмен көмектесу керек», – дейді орталық өкілдері. Мәдениет министрлігі қандай шешім шығаратыны белгісіз. Бұл мәселені шешу үшін қыруар қаржы керек. Оған министрліктің шамасы келе ме, жоқ па, ол алдағы күннің еншісінде. Дегенмен 800 жұмысшы ақысыз демалысқа кетті. Олардың да отбасын асырауы керек, несиесі, ипотекасы бар. Бұл орайда мәселені қалай шешкен абзал? Өнертану докторы, медиа және кино зерттеушісі Молдияр Ергөбек мұның шешімі бар дейді. «Дубляж жасау дұрыс дүние емес. Бұл – Кеңес дәуірінен қалған сарқыншақтардың бірі. Әрине, телеарналардан ұсынылатын фильмдерге дубляж жасау қажет шығар. Бірақ кинотеатр дегеніміз – киноның жұртшылыққа ұсынылатын орны. Сондықтан да фильмдер қай тілде түсірілсе, сол тілде көрсетілгені дұрыс. Кез келген фильм шетелге баратын болса, онда сол елдің тілінде субтитрмен көрсетілуі тиіс. Посткеңестік елдерде ғана дубляж практикасы бар. Жалпы, әлем осындай субтитрмен көреді. Бұл әрі арзан, әрі тиімді. Әрі көркем өнер атмосферасына қандай да бір нұқсан келтірмейді. Ал дубляж жасасақ, қаласақ та, қаламасақ та кей жерлерін бұзып жіберуіміз мүмкін. Киноиндустрияны құтқарып қалғымыз келсе, дубляж мәселесін ысырып қойып, субтитрмен беруді қолға алу қажет. Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді болады. Бұған алғашқыда біреулер қарсы болуы мүмкін. Субтитрді оқу әрі бейнені көріп отыру қиындық тудыратын шығар. Адамның миы кез келген нәрсені тез қабылдайды ғой. Бұл процесті де уақыт өте келе адамдар қабылдап кетеді. Есесіне фильмді түпнұсқадан көрсету арқылы өз ерекшелігін сақтайтын боламыз», – дейді. Қазақстандық киноиндустрия күйремеуі тиіс. Рас, бұған дейін ресейлік компанияларға тәуелді болып келдік. Енді отандық киноиндустрияны дамыту үшін голливудтық және өзге де ірі кинокомпаниялармен тікелей келісімге келудің уақыты жеткен секілді. Алғашқы кездері субтитр арқылы көрсетілсе, кейінірек аударма мен дубляжды да дамытуға мүмкіндік туатын болар. Ол үшін «Болашақ» қауымдастығы аударған фильмдерге де көңіл аударған дұрыс. Ол бағытта қандай жұмыстар атқарылды, келешекте қандай бағыт-бағдар ұстанған жөн? Министрлік талқылауға салатын дүниелер осы болмақ.Айым БЕКТҰР