Еуразиялық континент соңғы 77 жылдағы аса ірі саяси күйзеліске киліккен, экономикалық дағдарыс күшейген күрделі шақта даму емес, жан бағу бірінші орынға шығады. «Ауқаттан ықылық атқан» дейтін Еуроодақтың озық елдерінің өзі бағасы 6 еседей шарықтаған газ шығынын азайту үшін өз тұрғындарынан үйдегі жылу температурасын төмендетуді сұрады. Көрші Ресейдің жағдайы аянышты халге жетуі ықтимал. Әлемдік экономика рецессияға ұшырауы мүмкін. Осы ауанда Қазақстан өз халқын қолдаудың теңдесі жоқ шараларын қолға алмақ.
Тар жол, тайғақ кешуде табаны таймады
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұдан былай азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл күйі басты орында және әрдайым мемлекеттің назарында болуы тиіс екенін қадап айтты. Сондықтан Үкіметке, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 2 ай ішінде халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдауды жүктеді. Әрбір басқарушылық деңгейде кедейшілікті төмендетудің нақты көрсеткіштері белгіленгені жөн. Әрине, содан кейін айналадағы ахуал қатты өзгерді: Ресей Украинаға басып кірді, Батыс елдері серіктестерімен бірге солтүстік көршімізді алапат санкциялық соққының астына алды. Бұл кесапаттың бәрі бүкіл дүниежүзіндегі ахуалға кері әсер етіп жатыр. Ендеше Қазақстан басшылығы бюджет қаражатының жеткіліксіздігін алға тартып, аталған бағдарламаны кейінге қалдырса, қоғам оған түсінікпен қарайтын еді. Бірақ ел Президенті уәдесінен таймады. Үкімет 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын құптады. Премьер Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы бағдарлама азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласындағы тәсілдерді жаңарту мақсатында әзірленіп отыр. Құжатта сондай-ақ жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдау, ірі кәсіпорындар төңірегінде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қарастырылған. Агроөнеркәсіп кешенінде жұмыспен қамтуды арттыру үшін қосалқы үй шаруашылықтарын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беру тетіктерін кеңейту шаралары көзделген. Үкімет басшысы барлық меморганның алдына осы қиын шақта ішкі нарықты отандық өніммен молықтыру, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті қойылатынын атап өтті. Ең бастысы, халқымыз ашықпауы қажет. Ә.Смайылов Индустрия, Ауыл шаруашылығы, Энергетика министрліктеріне және өңір әкімдеріне тұрақты жұмыс орындарын ашуды, өңдеу саласындағы инвестжобаларды іске асыру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен тізе қоса отырып, еңбек табысындағы теңгерімсіздікті жою шараларының орындалуын бақылауға міндеттелді. Ал салалық меморгандар, «Самұрық-Қазына» қоры, әкімдіктер айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын әр саладағы орташа деңгейге дейін жоғарылатуы тиіс. Сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысы көтеріледі.Жарлы-жақыбай саны қанша?
Ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда кедейшілік деңгейі тіпті ЭЫДҰ-ға кіретін бірқатар дамыған елге қарағанда аз көрінеді: ЭЫДҰ елдерінде кедей халықтың үлесі орта есеппен 11,6%. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 16,8%, Израильде – 17,7%, Чилиде – 16,8%, Канадада – 14,2%, Аустралияда – 12,8%, Ұлыбританияда –10,8%. Бұл ретте дамыған елдер мен дамушы елдерде кедей қатарына жататындар табысы жөнінен ерекшеленетіні мәлім. Мемлекет басшысы Қазақстанда 1 миллиондай адамның табысы ең төменгі күнкөріс шегінен аз екенін айтты. Бұл Қазақстан халқының шамамен 5,3%-ы. Мұның сыртында 3 миллиондай жұмысшы жалақысы төмен жұмыста істейді. Бұған қоса, 12 өңірде – Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтанда кірістері ең төменгі күнкөріс шегінен де төмен халықтың үлесі қарқынды артып барады. Тағы 5 өңірде – Ақмола, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақтан облыстарында және Шымкентте кедейшілік көрсеткіші орта республикалық деңгейден асып түсті. Өкінішке қарай, республикада «жұмыс істейтін кедейлер» көп, яғни адам жатыпішер емес, еңбек етеді, бірақ тапқаны тіршілігіне жете бермейді: Қазақстанда олардың үлесі – 32,7%, Әзербайжанда – 39,7%, Ресейде – 30,7%, Грекияда – 13,4%. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, елде халықтың табысы азайған. Жасыратыны жоқ, қағаз жүзінде қазақстандықтардың номиналды табысы жыл өткен сайын өсіп келеді. Мысалы, 2010 жылы ол 39,2 мың теңгеден 2021 жылы 128,4 мың теңгеге дейін көтерілді. Алайда халықтың нақты табысының өсу қарқыны төмендеп барады: 2019 жылы 6,4%-ға артса, 2020 жылы 4,3%-ға, 2021 жылдың 11 айында 3,1%-ға ғана өсіпті. Бұған екі фактор теріс әсер етеді: экономикалық өсудің баяулауы (2020 жылы -2,5%-дық рецессия болды, 2021 жылдың 9 айында – 3,6% ғана өсім тіркелді), сондай-ақ жоғары инфляциялық қысым (2020 жылы инфляция 7,5%, 2021 жылы 8,4%, 2022 жылы одан да асуы мүмкін).Жалақы көтеру – жанды жадырату
Қоғамдық талқылауға шығарылған «Халықтың кірісін арттыру бойынша 2025 жылға дейінгі шаралар кешенінде» жалақыны көтеруге баса мән берілген. Біріншіден, дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға қарай орта есеппен 561 мың теңгеге дейін жеткізу көзделіпті. Осы мақсатта республикалық бюджеттен (РБ) 431,8 миллиард теңге, ал МӘМС қаражатынан 98,5 миллиард теңге бөлінбек. Екіншіден, орта медициналық персоналдың жалақысы 2023 жылға қарай орта есеппен 210 мың теңгеге дейін көтерілмек. Бұған РБ-дан 186,4 млрд теңге, МӘМС есебінен 141,8 млрд теңге көзделген. Үшіншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің – жалпы алғанда, 600 мыңдай ұстаздың лауазымдық жалақысы 25%-ға ұлғайтылмақ. Бұған бюджеттен 3 трлн 59 млрд теңге шығындалады. Төртіншіден, 2022 жыл ішінде Мәдениет және спорт министрлігіне бағынышты шығармашылық ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамының, басшыларының жалақысы 75%-ға: қазіргі 163 мың теңгеден 353 мың теңгеге дейін көбейтілмек. 2,9 млрд теңге бөлу ұсынылған. Бесіншіден, базалық қаржыландыруға қосу арқылы жетекші ғалымдардың жалақысы арттырылады: 74 ҒЗИ-дің кадрлық әлеуетін нығайту үшін 1 200 жетекші ғалымның еңбекақысы 69%-ға жоғарылайды. Бұл 15 млрд теңгені қажет етеді. Алтыншыдан, біржолғы гранттық конкурстарда қандай нәтиже көрсеткеніне қарамастан, іргелі зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институтының штатындағы 1 116 ғылыми қызметкері конкурстық рәсімдерден тыс кепілді жалақыны алатын болады. Бұл шара 20 миллиардтан астам қаражатты талап етеді. Жетіншіден, ХҚКО-лардағы жұмыскерлердің жалақысын 34%-ға көтеруге 4,6 млрд теңге арна тартпақ. Сегізіншіден, оқу қуған жастардың шәкіртақысы өседі деп жоспарланған: 2000 жылмен салыстырғанда БҒМ-ге қарасты ЖОО студенттерінікі – 2 есеге, магистранттар мен докторанттардікі – 1,5 есеге. «130 мыңға жуық студенттің кірісін арттыру ата-аналардың табысын сақтауға мүмкіндік береді және оқыту сапасына жағымды әсерін тигізеді», – деді Экономика министрі. Республикалық бюджеттен бұған 132,2 млрд теңге қарастырылмақ. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі желісі бойынша ЖОО студенттерінің стипендиясы бакалавриатта – 20%-ға, магистратура, докторантура, резидентурада 15%-ға ұлғайтылуы тиіс. Тоғызыншыдан, биыл чемпион-жүлдегер спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлем қазіргі 24 АЕК-тен (75 512 теңгеден) 100 АЕК-ке (306 300 теңгеге) дейін ұлғайтылады. Отандық спорттың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жүлде алатын спортшылардың лайықты спорт резервін түзу үшін спорттың 170 түрі бойынша спортшылардың штат саны 1 000-нан 3 мыңға дейін көбейтіледі. Сонымен бірге халықаралық жарыстардың, олимпиаданың төрешілігіне тартылатын жоғары білікті спорт төрешілерін даярлау үшін отандық осы мамандарға ақы төлеу көлемі артады. Бүгінде судьялықтың бір күнінің ақысы 1 239 теңгені құрайды, ол енді төрешілер санатына қарай 17 697 теңгеге жеткізілмек. Оныншыдан, «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялар өндірістік қызметкерлердің жалақысын ұлғайтады: бұл мұнай-газ саласында 50 мыңға жуық жұмыскерге; энергетикада – 17,8 мың жұмыскерге; химия саласында 12 мыңға жуық жұмыскерге; теміржол және әуетасымалында 100 мыңға жуық жұмыскерге; пошта байланысында 14 мыңға жуық жұмыскерге қатысты. Бұдан өзге, «Самұрық-Қазына» қорына қызмет көрсететін мердігер компаниялардан өз жұмыскерлерінің жалақысын саладағы орташа жалақы деңгейге дейін көтеру міндеті бекітіледі. Мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялар штат саны мен жалақыны көбейтсе, оларға шартты жеңілдік беріледі, сол арқылы олар өзге бәсекелестерінен оза алады. Осы жылы ірі компаниялармен жұмыскерлерінің жалақысын арттыру жөнінде келіссөздер жүргізілмек. Сондай-ақ енді ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен, жыл сайын өсіру мәселесі пысықталады. Бұл іс-шара жүзеге асса, жыл сайын шамамен 2 миллион адамның ең төменгі жалақысын ұлғайтуға түрткі болмақ.2 млн жаңа жұмыс орны құрылмақ
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, сөз болып отырған жаңа бағдарламадағы шараларды тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге, кірістердегі теңгерімсіздікті жоюға бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. «Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген: халықтың еңбек табысының артуы; кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру; сатып алу қабілетін қорғау. Оны іске асыру лайықты еңбекті дәріптеу, масылдықтан бас тарту идеяларын ілгерілету жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қатар жүретін болады», – деді министр. Ә.Қуантыровтың айтуынша, бағдарламадағы іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай 5 нысаналы индикаторға қол жеткізуге жол ашады: біріншіден, ЖІӨ-ге шаққандағы еңбекақының үлесі 34,5%-ға жетпек. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде бұл көрсеткіш – 46,7%-ға, Беларусьте – 49,7%-ға, Еуроодақта – 47,9%-ға тең. Екіншіден, жалпы табыстағы еңбек қызметінен түсетін табыстардың үлесі – 76,2%-ды құрауы тиіс. Үшіншіден, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 5,2%-ға түсуі керек. Төртіншіден, жұмыссыздық деңгейі 4,7% деңгейінде сақталады. Бесіншіден, бағдарлама аясында 2 миллионнан астам адамға жұмыс орындары құрылады деп жоспарланған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов те 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны ашылатынын растады. «Біздің министрліктің қатысуымен барлығы 33 іс-шара қолға алынады, оның 16-сына тікелей министрлік жауапты. Бұл шаралар күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету, 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орнын құру және басқасы», – деді С.Шәпкенов. Оның мәліметінше, бүгінде еңбек нарығында 300 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтығандар азаматтық келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Тапсырыс берушілер мен орындаушылардың арасындағы қарым-қатынас күрделі бюрократиялық процесс. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшінің құрамында 60%-ға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша тартылады. Осы мәселелерді ескере отырып, біріншіден, министрлік фрилансерлердің қызметін цифрлық форматқа өткізу мақсатында «платформалық жұмыс» электронды сервисін әзірлейді. Екіншіден, 3 және 4 санаттар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 4,7 мың адамға қысқартылады. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындарының құрылуы өңірлік жұмыспен қамту карталарын өзектендіру және ақпараттық жүйені тұрақты түрде жаңарту арқылы мониторг жасалады. Аталған шаралар халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға және ішкі еңбек нарығын қорғауға мүмкіндік береді деседі. «Еңбек нарығында 300 мыңға тарта жұмыссыз және NEET санатындағы жастар, 80 мыңнан астам көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар бар. Әрбір мұқтаж топ үшін арнайы тәсілдер, құралдар қабылданады», – деді Серік Шәпкенов. Әйелдерді қолдау орталықтарын барлық өңірде құру жоспарланып отыр. Оларда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетіледі.