Ресейден кеткен брендтер Қазақстанға келе ме?
Ресейден кеткен брендтер Қазақстанға келе ме?
© коллаж: Елдар Қаба
811
оқылды
Әлемге әйгілі брендтердің біразы Ресейден кетіп жатқанын білеміз. Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты ірі компаниялар көрші елдегі онлайн сауда-саттықты да тоқтатты. Ал санкцияның қашанға дейін созылатыны әзірге белгісіз. Дегенмен алпауыттар саудасын тежеп, нарықтағы орнын оңай босата салғысы келмейтіні анық. Енді олар Орталық Азия нарығын көздеп, Қазақстанға келуі мүмкін бе?

Компаниялар кетіп әлек

Қазір көрші елдің нарығынан кетіп жатқан брендтерді санап үл­гермейтін халге жеттік. 9 нау­рыз­дағы дерек бойынша, Ресейде жұ­мысын тоқтатқан компаниялар саны 230-ға жеткен. Мұнымен тоқ­тамайтыны анық, көбейе бе­реді. Олардың қатарында танымал Coca-cola, KFC, Старбакс те бар. Ал McDonald’s уақытша жабыла­тынын мәлімдеп, 850 рестора­ны­ның есігіне құлып қойды. Әуелде Apple мен Nike-тың ресми сайты тұтынушыларға тауарларды жет­кізуге кепілдік бере алмайтынын айтқан. Кейін соның ізін басып, бә­рі асыққан тәрізді. Әрине, ешкім бұл брендтерді айыптай алмайды. Өйткені кез келген компания қолайлы саяси климаты бар елді іздейді. Лайық болмаса, кетеді. Германияның танымал BMW компаниясы да Ресейде автокөлік өндірісін тоқтатты. Калинин­град­тағы «Автотор» зауыты қазір жұ­мыс істемейді. Ал осы компа­ния­ның көлік шығаратын зауыты Қазақстанда жоқ. Көпшілік «бізге қарай ойысар ма екен» деп дәм­е­леніп отырғаны да шын. Exxon Mobil халықаралық мұнай-газ корпорациясы да Ресейдегі жұ­мысын ресми тоқтатып қойды. АҚШ-тың Boeing компаниясы болса, ресейлік әуекомпания­ла­рына қолдау көрсетпейтінін жария етті. Ал Ұлыбритания Ресейге жо­ғары технологиялық өнімдерді экспорттауға тыйым салды. Тіпті, кәрі құрлық елдері көршімізге еуро валютасын жеткізуді, пайдалануды да шектепті. Иә, Украинадағы қақтығыс бас­талғалы бері АҚШ пен Батыс ел­дері Ресейге қарсы жаңа санк­циялар жариялап, жағдай жақсар­маса, оны күшейте берерін айтты. Брендтер бір төбе, қазір Ресейдің олигархтары да қиындық көріп отыр. Көбінің кәсібі шектелді. Ал Visa және Master card төлем жү­йелері ресейлік банктермен жұмыс істеуден бас тартты. Оның үстіне, санкцияға ұшыраған банктер халықаралық SWIFT жүйесінен 12 наурызда ажыратылады. Санк­цияға «ВТБ», «Россия», «Откры­тие», «Новикомбанк», «Пром­связь­банк», «Совкомбанк» және «ВЭБ» банктері енген. Ресей хал­қының кезекке тұрып, есепшо­тындағы ақшасын қолма-қол алуға әрекеттеніп, сенделіп жүргенін байқадық. Айтпақшы, саудасы қызып жататын сән брендтері де жа­былды. Ресейліктер қолдан кел­ген­ше киім-кешегін алып қалуға таласып жүр. H&M, Adidas, Prada, Louis Vuitton, Gucci, Balenciaga және Saint Laurent компаниялары дүкендерін жапты. Соңғы күндері әлеуметтік желілер де Ресей ау­мағында жұмыс істеуді тоқтатынын хабарлады. Шамасы, санкция­лардың зардабы біз ойлағаннан да ауырлай бермек. Оның қатарында Facebook пен TikTok бар. Енді тағы бір мәселенің шеті шығады. Сауда мен нарықтағы өз ықпалын жо­ғалтпауды ойлаған брендтер қайда барады?

Қандай болжам бар?

Біздің меңзеп отырғанымыз – отандық нарықтың мүддесі. Яғни, «Ресейден кеткен брендтер елі­міз­дің нарығына келуі мүмкін бе?» деген сауалдың төңірегінде әңгіме өрбіту. Жұмысын тоқтатқан ком­паниялардың көбі біздің елде де бар, бірақ нарықтағы ауқымын ұл­ғайтуға әрекет етсе, таңғалмай­мыз. Кейбірі Қазақстан нарығына мүлде кірмеген. Мәселен, Герма­ния­ның танымал BMW компания­сы автозауытын елімізге көшірсе дегендей дәме. Ресей секілді үлкен нарықтағы орнынан айырылған олар ауқымды Орталық Азияның нарығын көздеуі ғажап емес. Мұ­ны экономист Бауыржан Ысқақов та растап отыр. Оның айтуынша, Қазақстанның шетелдік инвес­тор­ларға қолайлы орта жасап беруге шамасы жетеді. – Ресейде 150 миллиондай адам бар. Сондықтан әлемге та­нымал брендтер сол нарыққа жұ­мыс істегісі келеді. Бірақ әрбір инвестор үшін бірінші кезекте сол елдегі саяси климаттың жағымды болғаны қажет. АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге салған санк­ция­сы алпауыт кәсіпорындар үшін кері әсерін тигізеді. Ал әлемге та­нымал брендтерге тиімді нарық керек. Бұл тұста Орталық Азияның да өте үлкен нарық екенін білеміз. Ресейден кеткен компаниялардың Қазақстанға келу мүмкіндігі өте жоғары. Алайда олар келу ниеті бол­ған күннің өзінде біздегі на­рықты зерттейді. Ал бізде қандай артықшылықтар бар? Саяси тұ­рақтылық бар, инвесторларға жағ­дай жасалады, қолайлы климат көрініп тұр. Демек, Қазақстанда олардың біразын алып қалатындай мүмкіндік бар. Географиялық ор­на­ласуымыздың өзі жақсы. Шы­ғысында Қытаймен, солтүстігінде Ресей тұр. Тиімді бағыт бар, – деді маман. Не де болса, танымал брендтер Қазақстанның Орталық Азиядағы тиімді инвестициялық бағыты бар ел екенін ескермей кетпес. Бі­ріншіден, ішкі нарық бәсекелес­тікке дайын отырғаны абзал. Екін­шіден, сыртқы нарықтан кі­ре­тін­дерге жоғары технология мен жұ­мыспен қамтуға негізделген сая­сат­ты ұсынуымыз қажет. Яғни, өз мүд­деміздің де сойылын соқсақ игі.

ТҮЙІН:

Әрине, біздікі астарында дәмесі бар болжам ғана. Әйтпесе, бренд­тердің көпшілігі жұмысын «уақытша тоқтатынын» мәлім­деген. Демек, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың бітер шағын күтпек. Алайда іс насырға шапқаны бол­маса, бітер түрі жоқ. Жаман айтқымыз келмейді, бірақ көпке ұласуы мүмкін. Себебі әр­түрлі мүдделер де араласып жатыр. Оның зардабы сейілер дегенше алпауыт компаниялар өзге нарық­ты көздей­тіні аян. Әзірге Орталық Азия соның бірі болып тұр.