Ана атанған әйелдерге мемлекет барынша қолдау көрсетіп, бала күтімімен алаңсыз айналасуына арнайы демалыс береді. Бірақ демографияға үлес қосқан аналар бала тәрбиесімен айналысатын уақытта әр есікті қағып, табаннан таусылуға мәжбүр. Өйткені ана мен балаға берілетін бірреттік төлемді бір жылдан бері даулап жүргендердің мәселесін министрлік өкілдері бір-біріне сілтеп келеді.
Бұдан біраз жыл бұрын жұмыс берушілер аяғы ауыр аналарды жұмысқа алғысы келмейтін. Себебі ол кезде оларға бұл қып-қызыл шығын әкелетін. Бар болғаны жеті ай жұмыс істеп, декрет демалысына шығатын әйелдерге ақша аударуға жұмыс берушілердің құлқы болмады. Осыдан кейін аяғы ауыр аналардың базынасын ескерген билік бала босануға байланысты бірреттік төлемді де, ай сайын берілетін жәрдемақыны да мемлекеттің қалтасынан төлейтін өзгеріс енгізді. Алайда үміт еткен Үкімет те туғанша табан ет маңдай терімен еңбек еткен аналардың міндетті төлемдерін беруге құлықсыздық танытып отыр. Үкімет елдегі коронавирустың өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялап, сол кезде ЖШС мен жеке кәсіпкерліктегі қызметкерлердің белгілі бір санаттарына ешқандай салық ұстамай, айлықты толық алуға рұқсат етеді. Бірақ Үкіметке сенген аналар соңында санын соғып қалды. Өйткені алғашқы қаулыға сеніп, сәуірден қазанға дейінгі кезеңде салық пен зейнетақы жарналарын төлемегендер декрет демалысының толық сомасынан қағылған.
Шенеуніктердің шалағайлығы
Есесіне, кепілдігі жоқ қаулыны шығарған шенділер шырт ұйқыдан ояна алмай жүрген секілді. Себебі мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың қалай жүзеге асатынын, қаулының күші кез келген сәтте жойылатынын ескертпеген атқамінерлер аналарды сандалтып келеді. 2020 жылы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекстің 341-бабы 1-бөлігі 51-тармақшамен толықтырылған. Оған сәйкес, салық төлеушілердің табыстарына түзету енгізіліп, квазимемлекеттік сектор субъектісі болмайтын және телевизиялық бағдарламаларды жасау, радио хабарларын тарату, газет-журнал мен мерзімді жарияланымдар шығару жөніндегі қызметпен айналысатын мемлекеттік емес БАҚ қызметкерлері жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Бұл өзгеріс сол жылдың сәуірінен бастап қазанға дейін жалғасты. Алайда қызмет түрі 2020 жылғы 20 сәуірдегі Үкіметтің №224 қаулысы, салық салу мәселелері бойынша «экономиканы тұрақтандыру» жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Президенттің 2020 жылғы 16 наурыздағы №287 Жарлығында қарастырылмай қалады. Осылайша, шенеуніктер түзетулерді қабылдау кезінде осы санаттың мүдделерін естен шығарған. Тіпті, бұл түзетуді атқамінерлер аяғы ауыр аналарға алдын ала ескертуді жөн деп таппаған да секілді. Шенеуніктердің шалағайлығын бір жылдан бері тартып келе жатқан аналардың уәжін тыңдар құлақ жоқ. Салық комитеті себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен сұрау керегін айтады. Ал министрлік өкілдері қаулы бойынша салықты төлемегендерге де нөлдік коэффициентпен есептеп, толық әлеуметтік төлем жасағанын жеткізеді. Себебі БАҚ қызметкерлері нақты қайтарылуға тиіс санаттың қатарында жоқ.
Жауаптылардан жауап жоқ
Біз былтыр да декрет демалысындағы біраз әріптестеріміздің базынасына құлақ түргенбіз. Тіпті, мемлекет кепілдік берген әлеуметтік төлемді ала алмай сандалған аналардың өздері де әкімдік алдына шығып, министрлікке хат да жолдады. Мәселен, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем үштен бірге қысқарған. Ол аздай, бір жыл бойы алатын бала күтіміне байланысты жәрдемақылары да кемітілген. Соңғы төрт айдағы кірісі есептелмеуінің себебі, төтенше жағдайға байланысты Салық кодексіне енгізген түзету. Ол бойынша БАҚ қызметкерлері зейнетақы жарналары мен басқа да әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылған. Жарлық бойынша қолына 1 миллион 125 мың теңге алуы тиіс журналист Жанна Хабдулхабар да 800 мыңнан сәл асатын төлем алыпты. Ай сайын алатын жәрдемақыны да 50 пайызға аз алып жүр. Ал әділдігін сұрап барғанымен, жауаптылардан жөні түзу жауап ала алмаған. Құзырлы мекемелерді сотқа бергенімен, жеңіліп қала береді.
Әріптестердің мәселесін көтеріп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне де сауал жолдағанбыз. Сол кезде министрліктің БАҚ-пен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Шыңғыс Төкеев тиісті мәселе министр Аида Балаеваның тікелей бақылауында екенін айтып еді. Бірақ журналистердің жағдайын жеке бақылауына алған басшы басқа қызметке кетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері сол кезде заңнамаға тиісті түзетулер енгізіп, қыркүйек айында Парламент Мәжілісі қарауына енгізу жоспарланғанын айтқан болатын. Жырға айналған жәрдемақыларды төлеу мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деген уәдеге имандай сенген едік. Бірақ тиісті мәселе әлі шешімін таппаған. Тіпті, тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауына әлі жіберілмеген екен. Депутат Дархан Мыңбай: «Заң жобасы біздің алдымызға келген жоқ. Құжат алдымен барлық министрліктермен келісіп, Үкіметке жолданады. Біз қарап болған соң Сенатқа жіберіледі. Олардан кейін ғана Президент Әкімшілігіне жолданады», – дейді. Бір қызығы, депутаттардың алдынан өтпеген заң жобасын жауапты мекемелер Президент Әкімшілігі қарап жатқанын айта салған. Арызданушы тараптың айтуынша, былтыр желтоқсан айында тиісті орындар құжат Президент Әкімшілігінде қаралып жатқанын, қаралып біткенде ғана толық көлемді алуы мүмкін. Алайда нақты мерзімін ашып айтпағандар жарты жылда жағдай белгілі болады деген сыдырма жауаппен шығарып салыпты. Соған қарағанда жауапты мекемелер жағдайды жылы жауып қоя салғысы келетін секілді. Бала күтіміне байланысты демалысын алаңсыз өткізуі тиіс аналардың жанайқайын жауапты мекемелер қашанғы соза береді?