Жырға айналған жәрдемақы
Жырға айналған жәрдемақы
Ана атанған әйелдерге мемлекет барынша қолдау көрсетіп, бала күтімімен алаңсыз айналасуына арнайы демалыс береді. Бірақ демографияға үлес қосқан аналар бала тәрбиесімен айналысатын уақытта әр есікті қағып, табаннан таусылуға мәжбүр. Өйткені ана мен балаға берілетін бірреттік төлемді бір жылдан бері даулап жүргендердің мәселесін министрлік өкілдері бір-біріне сілтеп келеді. Бұдан біраз жыл бұрын жұмыс берушілер аяғы ауыр аналарды жұ­мысқа алғысы келмейтін. Себебі ол кезде оларға бұл қып-қызыл шығын әкелетін. Бар болғаны жеті ай жұ­мыс істеп, декрет демалысына шы­ғатын әйелдерге ақша аударуға жұ­мыс берушілердің құлқы бол­мады. Осыдан кейін аяғы ауыр ана­лардың базынасын ескерген би­лік бала босануға байланысты бірреттік төлемді де, ай сайын бе­рілетін жәрдемақыны да мемле­кеттің қалтасынан төлейтін өзгеріс енгізді. Алайда үміт еткен Үкімет те туғанша табан ет маңдай терімен ең­бек еткен аналардың міндетті тө­­лемдерін беруге құлықсыздық та­­нытып отыр. Үкімет елдегі ко­ро­навирустың өршуіне байланысты төте­нше жағдай жариялап, сол кез­де ЖШС мен жеке кәсіпкерліктегі қызметкерлердің белгілі бір санат­тарына ешқандай салық ұстамай, айлықты толық алуға рұқсат етеді. Бірақ Үкіметке сенген аналар со­ңында санын соғып қалды. Өйткені алғашқы қаулыға сеніп, сәуірден қазанға дейінгі кезеңде салық пен зейнетақы жарналарын төлеме­гендер декрет демалысының толық сомасынан қағылған.

Шенеуніктердің шалағайлығы

Есесіне, кепілдігі жоқ қаулыны шығарған шенділер шырт ұйқыдан ояна алмай жүрген секілді. Себебі мемлекет тарапынан жасалған қам­қорлықтың қалай жүзеге асатынын, қаулының күші кез келген сәтте жо­йылатынын ескертпеген атқа­мі­нерлер аналарды сандалтып келеді. 2020 жылы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем­дер туралы» кодекстің 341-бабы 1-бө­лігі 51-тармақшамен толық­ты­рылған. Оған сәйкес, салық төлеу­ші­лердің табыстарына түзету енгі­зіліп, квазимемлекеттік сектор субъектісі болмайтын және теле­визиялық бағдарламаларды жасау, радио хабарларын тарату, газет-журнал мен мерзімді жарияла­ным­дар шығару жөніндегі қызметпен айналысатын мемлекеттік емес БАҚ қызметкерлері жеке табыс са­лығын төлеуден босатылады. Бұл өзгеріс сол жылдың сәуірінен бас­тап қазанға дейін жалғасты. Алайда қызмет түрі 2020 жылғы 20 сәуірдегі Үкіметтің №224 қаулысы, салық салу мәселелері бойынша «эконо­миканы тұрақтандыру» жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Пре­зи­денттің 2020 жылғы 16 наурыздағы №287 Жарлығында қарастырылмай қалады. Осылайша, шенеуніктер тү­зетулерді қабылдау кезінде осы са­наттың мүдделерін естен шы­ғар­ған. Тіпті, бұл түзетуді атқамінерлер аяғы ауыр аналарға алдын ала ес­кертуді жөн деп таппаған да секілді. Шенеуніктердің шалағайлығын бір жылдан бері тартып келе жатқан аналардың уәжін тыңдар құлақ жоқ. Салық комитеті себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінен сұрау керегін ай­тады. Ал министрлік өкілдері қаулы бойынша салықты төлемегендерге де нөлдік коэффициентпен есеп­теп, толық әлеуметтік төлем жаса­ғанын жеткізеді. Себебі БАҚ қыз­меткерлері нақты қайтарылуға тиіс санаттың қатарында жоқ.

Жауаптылардан жауап жоқ

Біз былтыр да декрет дема­лы­сындағы біраз әріптестеріміздің базынасына құлақ түргенбіз. Тіпті, мемлекет кепілдік берген әлеу­мет­тік төлемді ала алмай сандалған аналардың өздері де әкімдік алдына шығып, министрлікке хат да жол­да­ды. Мәселен, жүктілік пен боса­ну­ға байланысты табысынан айы­рылған жағдайда төленетін әлеу­меттік төлем үштен бірге қысқарған. Ол аздай, бір жыл бойы алатын бала күтіміне байланысты жәрдема­қы­лары да кемітілген. Соңғы төрт ай­дағы кірісі есептелмеуінің себебі, төтенше жағдайға байланысты Са­лық кодексіне енгізген түзету. Ол бойынша БАҚ қызметкерлері зей­нетақы жарналары мен басқа да әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылған. Жарлық бойынша қо­лына 1 миллион 125 мың теңге алуы тиіс журналист Жанна Хабдулхабар да 800 мыңнан сәл асатын төлем алыпты. Ай сайын алатын жәрде­ма­қыны да 50 пайызға аз алып жүр. Ал әділдігін сұрап барғанымен, жа­уаптылардан жөні түзу жауап ала алмаған. Құзырлы мекемелерді сот­қа бергенімен, жеңіліп қала береді. Әріптестердің мәселесін кө­те­ріп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне де сауал жолда­ған­быз. Сол кезде министрліктің БАҚ-пен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Шыңғыс Төкеев тиісті мәселе министр Аида Балаеваның тікелей бақылауында екенін айтып еді. Бірақ журналистердің жағдайын жеке бақылауына алған басшы бас­қа қызметке кетті. Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нис­тр­лігінің өкілдері сол кезде заңнамаға тиісті түзетулер енгізіп, қыркүйек айында Парламент Мәжілісі қа­ра­уына енгізу жоспарланғанын айт­қан болатын. Жырға айналған жәр­демақыларды төлеу мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деген уәдеге имандай сенген едік. Бірақ тиісті мәселе әлі шешімін таппаған. Тіпті, тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауына әлі жіберілмеген екен. Депутат Дархан Мыңбай: «Заң жобасы біздің алдымызға келген жоқ. Құжат алдымен барлық ми­нистрліктермен келісіп, Үкіметке жолданады. Біз қарап болған соң Сенатқа жіберіледі. Олардан кейін ғана Президент Әкімшілігіне жолданады», – дейді. Бір қызығы, депутаттардың алдынан өтпеген заң жобасын жауапты мекемелер Президент Әкімшілігі қарап жат­қанын айта салған. Арызданушы тараптың айтуынша, былтыр жел­тоқсан айында тиісті орындар құ­жат Президент Әкімшілігінде қа­ралып жатқанын, қаралып біткенде ғана толық көлемді алуы мүмкін. Алай­да нақты мерзімін ашып айт­пағандар жарты жылда жағдай бел­гілі болады деген сыдырма жауап­пен шығарып салыпты. Соған қа­ра­ғанда жауапты мекемелер жағ­дай­­ды жылы жауып қоя салғысы ке­летін секілді. Бала күтіміне бай­ла­нысты дема­лысын алаңсыз өткі­зуі тиіс ана­лардың жанайқайын жауапты ме­кемелер қашанғы соза береді?