Ақтөбе облысындағы Теміркөпір ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етуде. Бастауыш сынып оқушыларына арналған ескі ғимараттың іргетасы үгітіліп, қабырғасы құлап жатыр. Жақында оқушылар оқитын бөлмедегі пештен жалын сыртқа қарай атылып, өртеніп те кете жаздаған, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Аудан әкімдігі осыдан бес жыл бұрын құрылысқа тендер жариялап, мердігермен де келісімшарт жасасыпты. Кейін ақшаның жоқтығынан ол келісімді тоқтатып қойған. Теміркөпір ауылындағы ғимарат 90 жылдай бұрын салынған. 1974 жылға дейін разъездегі вокзал қызметін атқарыпты. Қазір ескі ғимараттың аядай екі бөлмесінде бастауыш сыныптың 20 оқушысы оқып жатыр. Қос бөлме айналдырған 20 баланың өзіне тар. Сондықтан мұндағы оқушылар екі аусыммен оқиды. Іргетасынан бастап қабырғасына дейін қақырап тұр. Ата-аналар балаларымыз бір күні үйінді астында қала ма деп қорқады. Осыдан екі апта бұрын сыныптағы пештен жалын сыртқа атқылап, мұғалімдер отты дер уақытында сөндірген.
"Бұл мектеп емес, негізі вокзал. Мектеп деп айта алмаймын. Мектепке жібергім келмейді, бірақ амалым жоқ, қай жаққа барып оқиды? Мектеп ыс болғаннан кейін иіс болады. Есіктің бәрін ашып тастайды. Балалар сырт киіммен отыр", - деді Теміркөпір ауылының тұрғыны Гүлмира Төлегенова.
Теміркөпір ауылының жоғарғы сынып балалары көрші ауылдағы интернатқа жатып оқиды. 10 шақтысы қатынайды. Барлығын жинаса 100-ден асады екен. Сондықтан орта мектеп салынса, оқушылар ешқайда сабылмай, ауылға да адам тұрақтар еді дейді тұрғындар.
"Мектеп жүрген жерде ел болады. Мынау темір жолдың бойы күре жолда тұр. Еш уақытта адам азаймайды. Көшіп келушілер бар. Бірақ мектеп болмаған соң келмей жатыр. Ауылымыздың өспей жатқаны содан", - деді Теміркөпір ауылының тұрғыны Нәдірбек Есенбаев.
Осыдан бес жыл бұрын Мұғалжар ауданы басшылары тендер жариялап, құрылысқа жер белгілепті. Бірақ «қазынадан ақша бөлінбеді» деген желеумен мердігермен арадағы келісімшартты тоқтатып қойған. Енді құрылысты облыс әкімдігі өз мойнына алып, «биыл бастаймыз» деп уәде беріп отыр.
"Мектеп құрылысы осы жылға жоспарланған. Жоба-смет құжаттамаға өзгерістер енгізіліп, қаражат бөлінген жағдайда құрылысты биыл бастау жоспарлануда. Мердігер анықталғаннан кейін биыл салынады", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жеңісбек Ақберген.
Орта мектеп салуға 242 миллион теңге керек, дейді шенеуніктер. Оны енді жақында өтетін мәслихат сессиясында депутаттардан сұрайтын болады. Олар бекітсе, Теміркөпір балалары келесі оқу жылында жаңа мектепке барады.