Елімізде бір ғана сауда желісінде бес күнде 550 тонна қант сатылған
Елімізде бір ғана сауда желісінде бес күнде 550 тонна қант сатылған
229
оқылды
ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев қант бағасына не әсер еткенін айтты. «Қантқа сұраныс көбейген сайын қант бағасы өсіп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бес күн ішінде «Магнум» сауда желісінде 540-550 тонна қант сатылған. Бұрын бес күнде орта есеппен 170 тонна қант сатылатын. Қант бағасы сол себепті өсті. Жергілікті органдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаны себепсіз көтерген кәсіпкерлерді тексеріп, тиісті шаралар қолдана алады. Осы аталған шаралар қабылданған соң баға тұрақтауы мүмкін», - деді Е. Қазанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Айта кетейік, сауда нүктелерінде бағаны көтеру фактілері анықталса, мынадай кері байланыс арналарына хабарласқан жөн: жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер), ҚР Сауда және интеграциялар министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «e-Tutynushy» сайты, ҚР СИМ сауда комитеті және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі. Қазақстанда шамамен 90 мың тонна қант қоры бар және республика қантпен толық қамтамасыз етілген.