14 наурыз Көрісу күні – еліміздің батыс өңірлерінде кеңінен атап өтілетін айтулы күндердің бірі. Осы мерекеге орай «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы, партияның жастар қанаты және облыстық мәслихаттың депутаттары облыс ардагерлерін құттықтап, тәтті тағамдар мен ыстық бауырсақтан ауыз тигізіп, құрмет көрсетіп қайтты.
Партияластар «Замандас» ардагерлер үйін, облыстық ардагерлер кеңесі мен «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің ардагерлерін Амал мерекесімен құттықтап, ыстық ықыластарын білдіріп, қарияларымыздың ақ батасын алды.
«Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Бұл күні адамдар бір-бірімен кездеседі, ренжіткен жерлері болса кешірім сұрайды. Сіздерге бақыт, амандық тілейміз, елімізде бейбітшілік пен молшылық болсын», – деп Бақытжамал Максилова әжеміз жастарға жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ партияның облыстық филиалы ERTIS өңірлік телеарнасының ұжымын дәстүрлі мерекемен құттықтады. ERTIS телеарнасының ұжымына жаңа жасың құтты болсын деп шығармашылық табыстар тіледі.
«Көрісу күні – дәстүрлі мереке. Осы күні Наурыз мейрамын тойлау басталады. Көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Бұл – қыспен қоштасу күні. Біз, партияластар бірінші болып құрметті адамдарымызды, ардагерлерімізді құттықтауға шешім қабылдадық»,– деді партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко.
Бір ерекшелігі – Көрісу бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.