«Жаңа Қазақстанның» жаңғыру жолы
«Жаңа Қазақстанның» жаңғыру жолы
Сарапшылар байламынша, тәуел­сіздіктің 30 жылдық межесіне тая­ған тұста Қазақстан эко­но­мика­лық және саяси күйзеліске қатар тап болды. Мұндай тағдыршешті кезеңді әлемдегі бар­­лық мемлекет, тіпті да­мыған елдер де бастан өткерген. Бірақ ондай дағдарыстан тек көш­бас­­шы­сы заман талабына сай реформаларға бастамашы болып, оларды табысты жүргізе біл­ген ел­дер шыға алған. Ал істі созып, кешік­кен елдер сан соқты, дамуда кері кетті. Осыны ес­кер­ген ел Президенті Қ.Тоқаев билік тізгінін өз қолына алысымен түбегейлі реформаларға кіріскен еді. Нәтижесінде, 2019 жылдан бері Қасым-Жомарт Кемелұлының баста­масымен елде саяси реформалар­дың 4 топтамасы жүзеге асырылыпты. Алдағы сәр­сенбіде реттік саны бойынша 5-ші топтама, ал саяси маңызы бойынша Қа­зақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ірі демокра­тиялық бетбұрыс жариялануы мүм­кін. Осыған орай біз кейін­гі үш жыл бойы респуб­ли­камызда қолға алынған, та­рих­та қалатын саяси ре­формаларға шолу жасағанды жөн көрдік. Қасым-Жомарт Тоқаев саяси рефор­маларын, елді демократияландыруға бағытталған бастамаларын не­гізінен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында, сондай-ақ жыл сайынғы халыққа жолдау­ларында жария етіп келді. Ол 2019 жылғы президенттік сайлау кезінде берген уәде­леріне берік екенін, «еститін мем­лекет» (Халық үніне құлақ асатын мем­ле­кет) тұ­жырымдамасы аясында билік пен ха­­лық­тың диалогын нығайтуды, елдің сая­си жүйесін транс­фор­мациялауды та­бан­ды ілгерілете беретінін анық бай­қатты. Осының көрінісіндей, 2019 жылғы 20 маусымда Қ.Тоқаев өз Жарлығымен «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру жө­нін­дегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжатта орта және ұзақмерзімді перспективаға арналған 19 бағыт аясында іске асыры­латын 106 шара айқындалған. Осы шаралардың кейбіріне кейіндері жаңа шаралар қосылып, солардың не­гізінде ел Президентінің 29 базалық саяси бас­тамасы пайда болды. Олар іргелі ре­фор­малардың 4 топтамасының негізін қалады. Айта кету керек, 2020 жыл аяқталған тұста аталған топтамалардың біріншісі толығымен жүзеге асырылып болған еді. Қалған үшеуі бойынша заңдар қабылдау, нор­мативтік құқықтық актілер әзірлеу, тұ­­жырымдамалар түзу және орындау жұ­мыс­тары қазір қызу жалғасып жатыр.

Даму ұстыны – демократияны нығайту

Қазақстанды саяси реформалаудың І пакетін қалыптастырған саяси бас­тамаларын Қазақстан Президенті 2019 жылғы 20 желтоқсанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында жа­риялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы саясат саласындағы терең өзгерістердің басты мақсатын атады: бұлар – демократияны нығайту және қоғамның билікке деген сенімін арттыру. І топтама бастамаларын жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылғы 25 мамырда «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңы қабылданды. Оған сәйкес, бұдан былай Қазақстанда митинг-шеру өткізу үшін әкімдіктің рұқ­сатын алу талап етілмейді, тек алдын ала хабарлама жіберсе жетеді. Заңда жиналыс, митингі, демонстрация, шеру, пикеттеу өткізу секілді бейбіт жиналыстардың қа­лып-формалары, ұйымдастырушылардың, қатысушылардың, БАҚ-тың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалды. «Митингілер заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмесе, оларға рұқсат еткен жөн. Бұл – менің принципті ұстанымым! Қоғамдық санаға «митинг мәдениетін» егетін кез жетті», – деді Қ.Тоқаев. Жалпы, ха­лықаралық сарапшылар 2022 жылғы «Қасіретті қаңтар» оқиғалары кезінде халықтың бейбіт шеруін радикалды топтар пайдаланып кеткен­діктен, Қазақстан көшбасшысы ол прин­ципінен бас тар­татын болар деген де пікір айтып қалды. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің де, еліміздің де демокра­тиялық даму жолынан таймайтынын нық білдірді. «Қаралы қаңтардан» кейін еліміздің әр өңірінде бірнеше бейбіт жиналыс, митинг-шеру, пикеттер өтті. Салыстыру үшін айтсақ, 1995 жылы қа­был­данған бұрынғы заң аясында 2018 жылы бар-жоғы 5, ал 2019 жылы небәрі 30 санк­цияланған бейбіт наразылық шарасын ұйым­дастыруға рұқсат етіліпті. Ал жаңа заң ая­сын­да тек бір жыл ішінде – 2020 жылғы маусым мен 2021 жылғы маусым аралығын­да, елде өршіген пандемияға, карантин ша­раларына қарамастан, хабарлама тәрті­бімен 552 бейбіт жиналыс өткізілген. Оның 493-сы – Алма­тыда, 30-ы – елордада, 29-ы – өзге өңірлерде. І-топтама аясында сондай-ақ «Сайлау туралы» конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер енгізілді. Нәтижесінде, әйелдер мен 18-28 жастағы жас­тарға партиялық тізімдерде 30%-дық кво­та бекітілді. Жаңа норма 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Мәжіліс пен мәслихат депу­таттарының сайлауында алғаш рет қолданылды. Бұдан бөлек, «Саяси партиялар туралы» заңына енген түзетулерге сәйкес, жаңа партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны бұрынғы 40 мың адамнан 20 мыңға дейін азайтылды. Сонымен қатар «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы конституциялық заңға өзгерістер енгізіліп, елде тұңғыш рет парламенттік оппозиция институты пайда болды. Яғни, дамыған елдердің саяси өмірінің маңызды факторы саналатын оппозицияның рөлі заңмен бекітілді, Мәжілісте оппозициялық партияның фракциясына бірқатар артықшылықтар берілді. Мысалы, палатаның 2 комитетінің хатшылары, біреуінің төраға лауазымдары – міндетті түрде соған беріледі. Ол сондай-ақ парламенттік тыңдау өткізу, маңызды мәселелер бойынша төл позициясын біл­діру, үкіметтік сағаттардың күн тәртібін анықтау құқығын иеленді. Қазір бұл мәртебе «Ақ жол» және Қазақстан халық партия­сының фракцияларына тиесілі. Саяси реформалар аясында Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» деп аталатын 130-бабы жойылып, ол үшін қылмыстық қуда­лау доғарылды. Себебі бұл бапты кейбір ше­неуніктер өзін сынайтын, өзіне ұнамай­тын журналистерді, саясаткерлерді, белсен­ділерді тұқырту үшін пайдаланатын. Енді жала жабу үшін айыппұл қарастырылады.

Реформалар халық таңдауын кеңейтті

Қ.Тоқаев реформаларының ІІ топтамасы 7 саяси бастамадан тұрады. Оны ол 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жария етті. Бұл топтама әкімдер сайлауын өткізуді көздейді. Яғни, Қазақстанның жаңа тари­хында алғаш рет аудандық маңыздағы қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері жаппай сайлана бастады. Бұған дейін осы деңгей­лердегі әкімдерді жоғарғы тұрған әкім таға­йындайтын, тағы бір бөлігін 2013 жылдан бері мәслихат депутаттары сайлайтын. Оның орнына ауыл-кент халқы өз басшы­сын тікелей өзі сайлауға көшті. Ел Прези­денті 5 топтама аясында енді аудан әкімдерін де тікелей сайлауға тез арада көшуді ұсын­бақ. Бұл туралы ол таяуда «AMANAT» партиясының съезінде айтты. Тұтастай алғанда, 2021 жылы 900-ден астам әкімді жергілікті тұрғындар өзі сайлап алды. Әкім лауазымына кандидаттарды пар­тиялар да ұсына алады, сондай-ақ өзін-өзі ұсынушы үміткерлерге де жол ашық болды. Жаңа Қазақстан Топтама аясында «Қоғамдық бақылау туралы» заңы қабылданды. Ол мемлекетті және квазимемлекеттік секторды қоғам ал­дында ашық етуді әрі олардың халыққа есеп беруін қарастырады. Осы орайда қоғамдық кеңестер, қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық тал­қылау, қоғамдық сараптама және қоғам­дық мониторинг секілді тетіктер іске қосы­луда. Қоғамдық бақылау қорытындысы бо­йынша әзірленген ұсыныстарды ведом­ство не ұйым қарауға және ол бойынша ше­шім қабылдауға міндетті болмақ. Бұдан өзге, топтама аясында әйелдердің, балалардың құқықтарын қорғауды көздей­тін, адам саудасына, азаптауларға, рұқсат етілмеген тәсілдермен кінәні мойындатуға тосқауыл қоюға бағытталған заңнамалық өзге­рістер қабылдануда. Мұның сыртында мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, ше­шім қабылдау жүйесіне және оларды орын­дау жауапкершілігіне қатысты өзгерістер бар. Елімізде құқық қорғау және сот жүйе­леріне реформа жүргізіліп жатыр. –Бұл – саяси саладағы реформала­ры­мыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің бар­лық дерлік институттарын реформалау ке­рек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер аза­маттарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, оларды осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалар халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы ке­рек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Реформалардың ІІІ топтамасы да қазір жүзеге асырылу үстінде. Оны Мемлекет басшысы 2021 жылғы 15 қаңтарда, жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессия­сы­ның ашылу рәсімінде жария етті. Топтамаға 9 шара кірді. Нәтижесінде, бұдан былай сайлаушылардың 7% емес, 5% дауысын жи­наған партиялар да Мәжіліс депутаттарының мандатын иеленетін болады. Бұған қоса, барлық сайлауда бюлле­теньдерде «Бәріне қарсымын» деген жол енгiзiлді. Бұл жаңашылдық алғаш рет 2021 жылғы әкімдер сайлауында сыналды және азаматтардың сайлау еркіндігін кеңейтті, халықтың сайлауға түскен үміткерлерге қатысты пікірін нақтылай түсуге жол ашты. Нәтижесінде, мысалға, Маңғыстау облы­сындағы Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандарында бұл графа 279 да­уыс «жинаған». Бәріне қарсы адамдар үле­сінің көптігі Алматы облысының Қара­тал ауданының Бастөбе ауылында тіркелді: 3 329 сайлаушының 406-сы немесе 12,2%-ы осы жолды таңдаған екен. Осы топтама аясында Президент аудан әкімдерінің сайлауын енгізуді ұсынды. Бұл науқанды 2024 жылы бастау көзделген. Дегенмен енді ел басшылығы оның мерзімін өзгертеді деп жоспарлануда. Тағы бір жаңашылдық: Президенттің бастамасымен Қазақстан өлім жазасынан мүлдем бас тартты. Бұл жаза, тіпті соғыс уа­қытында да, трибуналда да қолданылмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титутын күшейтуге қадам жасалды. 2021 жыл­ғы желтоқсанда омбудсменге қатысты жеке заңдар тобы қабылданды. Онда оның мәртебесі, өкілеттіктері, бюджеттен толық қаржыландырылуы бекітілді, қызметінің түрлі бағыттары мен секторлары ретке кел­тірілді. Оның өңірлік өкілдіктері ашылмақ. Елімізде онлайн петициялар институты заң жүзінде рәсімделеді. Президенттің ұсынуымен Ауыл шаруа­шылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге заң жүзінде тыйым салынуы халықтың ризашылығын туғызды.

Қоғамда реформаға сұраныс зор

Президент Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жарияланған саяси реформаларының IV топтамасы 6 саяси бастаманы қамтиды. Оған сондай-ақ Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің 2021 жылғы 16 қарашадағы 6-шы отыры­сында қойған міндеттері де кірді. Атап айтқанда, енді әйелдер мен жас­тарға арналған 30%-дық квота тек Ортсай­лау­комге тапсырылатын партиялық тізім­дерге ғана қатысты болмайды, партиялар ол квотаны депутаттық мандаттарды тарату ке­зінде де ескеруге міндеттелді. Сондай-ақ ел Президенті бұл квотаға мүгедектігі бар азаматтарды да қосуды ұсынды. Топтаманың өзге бастамалары адам құқықтары саласындағы іс-қимылды өріс­тетуге, қазақстандықтардың еңбек құқық­та­рын қорғауға, сайлау заңнамасын ары қарай жетілдіруге, жемқорлықпен күреске, гендерлік теңдікті сақтауға және әйелдердің саяси мүмкіндіктерін кеңейтуге, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған. Яғни, бұл топтаманың үлкен бөлігі құқық қорғау сипатына ие. Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт ­То­қаевтың саяси реформаларының төрт топтамасы аясында қолға алынған шаралар «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға серпін береді: мемлекеттік және құқық қорғау органдарын азамат­тар­дың мүддесін ілгерілетуге, ұсыныс-пікіріне дер кезінде ден қоюға, өз жұмысында соны негізге алуға итермелейді. Сарапшылардың пікірінше, 2019-2022 жылдары өмірге жолдама алған саяси ре­формалар кең ауқымдылығымен, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласын қам­туы­мен, өзектілігімен және маңыздылы­ғы­мен дараланады. Оның әрқайсысы елдің да­муы­на өз бетінше үлес қосады және өзге сабақтас салаларға мультипликативті әсер етеді. Тағы бір ерекшелігі сол, саяси бастама­лар бірізділігімен, жүйелілігімен және үздік­сіздігімен ерекшеленеді. Осының арқасында 4 топтаманың бастамалары бірін-бірі толықтырып, ілгері жетелеп отырады. Оның үстіне бастамаларды және оларға арналған тұжырымдар, заңдар, заңдық актілер жоба­ларын әзірлеп, пысықтауға тек тар сала ма­­мандары және меморгандар қызмет­керлері ғана емес, қоғам белсенділері, экс­перттік қоғамдастықтар, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйым өкілдері кеңінен тартылды. Бұл ретте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің сүбелі үлес қосқанын атап өткен жөн. Осының бәрі Қ.Тоқаевтың саяси баста­маларының және оларға қатысты ресми құжаттардың сапасын арттырады және легитимділігін нығайтады. «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде Мемлекет басшысы елімізде азаматтар тарапынан өзгерістер мен рефор­маларға кең сұраныс барын айтты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда жария етеді деп жоспарланып отырған Жол­дауында саяси реформалардың жаңа бағдар­ламасын – «Жаңа Қазақстанның» жаңғыру тұжырымдамасын ұсынбақ. Онда әлемде қалыптасып жатқан жаңа шынайылыққа байланысты мемлекет алдында тұрған тың міндеттер, жаһандық және өңірлік сын-тегеуріндерге соны жауаптар көрініс табады деп күтілуде.