Сарапшылар байламынша, тәуелсіздіктің 30 жылдық межесіне таяған тұста Қазақстан экономикалық және саяси күйзеліске қатар тап болды. Мұндай тағдыршешті кезеңді әлемдегі барлық мемлекет, тіпті дамыған елдер де бастан өткерген. Бірақ ондай дағдарыстан тек көшбасшысы заман талабына сай реформаларға бастамашы болып, оларды табысты жүргізе білген елдер шыға алған. Ал істі созып, кешіккен елдер сан соқты, дамуда кері кетті. Осыны ескерген ел Президенті Қ.Тоқаев билік тізгінін өз қолына алысымен түбегейлі реформаларға кіріскен еді. Нәтижесінде, 2019 жылдан бері Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елде саяси реформалардың 4 топтамасы жүзеге асырылыпты. Алдағы сәрсенбіде реттік саны бойынша 5-ші топтама, ал саяси маңызы бойынша Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ірі демократиялық бетбұрыс жариялануы мүмкін. Осыған орай біз кейінгі үш жыл бойы республикамызда қолға алынған, тарихта қалатын саяси реформаларға шолу жасағанды жөн көрдік. Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларын, елді демократияландыруға бағытталған бастамаларын негізінен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында, сондай-ақ жыл сайынғы халыққа жолдауларында жария етіп келді. Ол 2019 жылғы президенттік сайлау кезінде берген уәделеріне берік екенін, «еститін мемлекет» (Халық үніне құлақ асатын мемлекет) тұжырымдамасы аясында билік пен халықтың диалогын нығайтуды, елдің саяси жүйесін трансформациялауды табанды ілгерілете беретінін анық байқатты. Осының көрінісіндей, 2019 жылғы 20 маусымда Қ.Тоқаев өз Жарлығымен «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжатта орта және ұзақмерзімді перспективаға арналған 19 бағыт аясында іске асырылатын 106 шара айқындалған. Осы шаралардың кейбіріне кейіндері жаңа шаралар қосылып, солардың негізінде ел Президентінің 29 базалық саяси бастамасы пайда болды. Олар іргелі реформалардың 4 топтамасының негізін қалады. Айта кету керек, 2020 жыл аяқталған тұста аталған топтамалардың біріншісі толығымен жүзеге асырылып болған еді. Қалған үшеуі бойынша заңдар қабылдау, нормативтік құқықтық актілер әзірлеу, тұжырымдамалар түзу және орындау жұмыстары қазір қызу жалғасып жатыр.
Даму ұстыны – демократияны нығайту
Қазақстанды саяси реформалаудың І пакетін қалыптастырған саяси бастамаларын Қазақстан Президенті 2019 жылғы 20 желтоқсанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы саясат саласындағы терең өзгерістердің басты мақсатын атады: бұлар – демократияны нығайту және қоғамның билікке деген сенімін арттыру. І топтама бастамаларын жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылғы 25 мамырда «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңы қабылданды. Оған сәйкес, бұдан былай Қазақстанда митинг-шеру өткізу үшін әкімдіктің рұқсатын алу талап етілмейді, тек алдын ала хабарлама жіберсе жетеді. Заңда жиналыс, митингі, демонстрация, шеру, пикеттеу өткізу секілді бейбіт жиналыстардың қалып-формалары, ұйымдастырушылардың, қатысушылардың, БАҚ-тың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалды. «Митингілер заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмесе, оларға рұқсат еткен жөн. Бұл – менің принципті ұстанымым! Қоғамдық санаға «митинг мәдениетін» егетін кез жетті», – деді Қ.Тоқаев. Жалпы, халықаралық сарапшылар 2022 жылғы «Қасіретті қаңтар» оқиғалары кезінде халықтың бейбіт шеруін радикалды топтар пайдаланып кеткендіктен, Қазақстан көшбасшысы ол принципінен бас тартатын болар деген де пікір айтып қалды. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің де, еліміздің де демократиялық даму жолынан таймайтынын нық білдірді. «Қаралы қаңтардан» кейін еліміздің әр өңірінде бірнеше бейбіт жиналыс, митинг-шеру, пикеттер өтті. Салыстыру үшін айтсақ, 1995 жылы қабылданған бұрынғы заң аясында 2018 жылы бар-жоғы 5, ал 2019 жылы небәрі 30 санкцияланған бейбіт наразылық шарасын ұйымдастыруға рұқсат етіліпті. Ал жаңа заң аясында тек бір жыл ішінде – 2020 жылғы маусым мен 2021 жылғы маусым аралығында, елде өршіген пандемияға, карантин шараларына қарамастан, хабарлама тәртібімен 552 бейбіт жиналыс өткізілген. Оның 493-сы – Алматыда, 30-ы – елордада, 29-ы – өзге өңірлерде. І-топтама аясында сондай-ақ «Сайлау туралы» конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер енгізілді. Нәтижесінде, әйелдер мен 18-28 жастағы жастарға партиялық тізімдерде 30%-дық квота бекітілді. Жаңа норма 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында алғаш рет қолданылды. Бұдан бөлек, «Саяси партиялар туралы» заңына енген түзетулерге сәйкес, жаңа партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны бұрынғы 40 мың адамнан 20 мыңға дейін азайтылды. Сонымен қатар «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы конституциялық заңға өзгерістер енгізіліп, елде тұңғыш рет парламенттік оппозиция институты пайда болды. Яғни, дамыған елдердің саяси өмірінің маңызды факторы саналатын оппозицияның рөлі заңмен бекітілді, Мәжілісте оппозициялық партияның фракциясына бірқатар артықшылықтар берілді. Мысалы, палатаның 2 комитетінің хатшылары, біреуінің төраға лауазымдары – міндетті түрде соған беріледі. Ол сондай-ақ парламенттік тыңдау өткізу, маңызды мәселелер бойынша төл позициясын білдіру, үкіметтік сағаттардың күн тәртібін анықтау құқығын иеленді. Қазір бұл мәртебе «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясының фракцияларына тиесілі. Саяси реформалар аясында Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» деп аталатын 130-бабы жойылып, ол үшін қылмыстық қудалау доғарылды. Себебі бұл бапты кейбір шенеуніктер өзін сынайтын, өзіне ұнамайтын журналистерді, саясаткерлерді, белсенділерді тұқырту үшін пайдаланатын. Енді жала жабу үшін айыппұл қарастырылады.Реформалар халық таңдауын кеңейтті
Қ.Тоқаев реформаларының ІІ топтамасы 7 саяси бастамадан тұрады. Оны ол 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жария етті. Бұл топтама әкімдер сайлауын өткізуді көздейді. Яғни, Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет аудандық маңыздағы қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері жаппай сайлана бастады. Бұған дейін осы деңгейлердегі әкімдерді жоғарғы тұрған әкім тағайындайтын, тағы бір бөлігін 2013 жылдан бері мәслихат депутаттары сайлайтын. Оның орнына ауыл-кент халқы өз басшысын тікелей өзі сайлауға көшті. Ел Президенті 5 топтама аясында енді аудан әкімдерін де тікелей сайлауға тез арада көшуді ұсынбақ. Бұл туралы ол таяуда «AMANAT» партиясының съезінде айтты. Тұтастай алғанда, 2021 жылы 900-ден астам әкімді жергілікті тұрғындар өзі сайлап алды. Әкім лауазымына кандидаттарды партиялар да ұсына алады, сондай-ақ өзін-өзі ұсынушы үміткерлерге де жол ашық болды.Қоғамда реформаға сұраныс зор
Президент Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жарияланған саяси реформаларының IV топтамасы 6 саяси бастаманы қамтиды. Оған сондай-ақ Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің 2021 жылғы 16 қарашадағы 6-шы отырысында қойған міндеттері де кірді. Атап айтқанда, енді әйелдер мен жастарға арналған 30%-дық квота тек Ортсайлаукомге тапсырылатын партиялық тізімдерге ғана қатысты болмайды, партиялар ол квотаны депутаттық мандаттарды тарату кезінде де ескеруге міндеттелді. Сондай-ақ ел Президенті бұл квотаға мүгедектігі бар азаматтарды да қосуды ұсынды. Топтаманың өзге бастамалары адам құқықтары саласындағы іс-қимылды өрістетуге, қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғауға, сайлау заңнамасын ары қарай жетілдіруге, жемқорлықпен күреске, гендерлік теңдікті сақтауға және әйелдердің саяси мүмкіндіктерін кеңейтуге, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған. Яғни, бұл топтаманың үлкен бөлігі құқық қорғау сипатына ие. Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының төрт топтамасы аясында қолға алынған шаралар «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға серпін береді: мемлекеттік және құқық қорғау органдарын азаматтардың мүддесін ілгерілетуге, ұсыныс-пікіріне дер кезінде ден қоюға, өз жұмысында соны негізге алуға итермелейді. Сарапшылардың пікірінше, 2019-2022 жылдары өмірге жолдама алған саяси реформалар кең ауқымдылығымен, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласын қамтуымен, өзектілігімен және маңыздылығымен дараланады. Оның әрқайсысы елдің дамуына өз бетінше үлес қосады және өзге сабақтас салаларға мультипликативті әсер етеді. Тағы бір ерекшелігі сол, саяси бастамалар бірізділігімен, жүйелілігімен және үздіксіздігімен ерекшеленеді. Осының арқасында 4 топтаманың бастамалары бірін-бірі толықтырып, ілгері жетелеп отырады. Оның үстіне бастамаларды және оларға арналған тұжырымдар, заңдар, заңдық актілер жобаларын әзірлеп, пысықтауға тек тар сала мамандары және меморгандар қызметкерлері ғана емес, қоғам белсенділері, эксперттік қоғамдастықтар, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйым өкілдері кеңінен тартылды. Бұл ретте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің сүбелі үлес қосқанын атап өткен жөн. Осының бәрі Қ.Тоқаевтың саяси бастамаларының және оларға қатысты ресми құжаттардың сапасын арттырады және легитимділігін нығайтады. «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде Мемлекет басшысы елімізде азаматтар тарапынан өзгерістер мен реформаларға кең сұраныс барын айтты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда жария етеді деп жоспарланып отырған Жолдауында саяси реформалардың жаңа бағдарламасын – «Жаңа Қазақстанның» жаңғыру тұжырымдамасын ұсынбақ. Онда әлемде қалыптасып жатқан жаңа шынайылыққа байланысты мемлекет алдында тұрған тың міндеттер, жаһандық және өңірлік сын-тегеуріндерге соны жауаптар көрініс табады деп күтілуде.