Баланы қылмыскер етіп жіберген жоқпыз ба?
Әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Даттағандар да, ақтағандар да көп. Таяқтың екі ұшы бар. Бала эмоциясын жасыра алмады. Мұғалімге қатты дауыспен, балағат сөздер айтып тұр. Мұнысын ақтай аламыз ба? Әрине, жоқ. Мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек деп санаймыз. Ендеше бұл оқиғада баланың кінәлі екені бейнежазбада тайға таңба басқандай белгілі болып тұр. Демек, ата-ана жауапкершілікке тартылады. Яғни, ата-ананы жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалып отыр. Соңғы жылдары бала құқығын шектемеу керек деген пікірлер жиі айтылады. Қазір заң басқа, заман басқа. «Балаларды ұрып-соғуға болады» деген түсінік келмеске кеткен. Z ұрпақ қалыптасып келеді. Осы орайда тығырықтан шығудың жолы қандай? Психолог маман Ержан Мырзабайдың пайымдауынша, бұл оқиғада біржақты пікір қалыптастыруға болмайды. «Бұл жағдайды бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде бақылап, қарап отырмын. Осы оқиғаға байланысты министр Асхат Аймағамбетовтің пікірін де оқыдым. Бұл жерде біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек. Біз баланы оңбаған, қылмыскер, жаман кейіпте көрсетіп жатырмыз. Министр де мұғалімді қолдап отыр. Мән-жайды анықтап білген ешкім жоқ. Екінші қателік – көпшілік баланы кінәлап жатыр. Үшінші қателік – ата-ананың рұқсатынсыз кәмелеттік жасқа толмаған баланың видеосын әлеуметтік желіге жариялап жібердік. Осы оқиғалардан кейін баланың жағдайын көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Ол бала мектепте оқи ала ма? Жоқ. Ол қоғамда өмір сүре ала ма? Жоқ. Өйткені балаға қылмыскер болудан басқа мүмкіндік қалдырған жоқпыз. Бала – ата-ана – мұғалім қарым-қатынасында басты жауапкершілік кімде? Әрине, ересек адамда», – дейді. Психолог баланың балағаттап, қатты сөз айтуының себебін іздеп отырған ешкім жоқ екенін айтады. Мүмкін, мұғалім баланы осындай жағдайға өзі жеткізген шығар. Ержан Мырзабай 45 минуттың бейнежазбасы, мектеп комиссиясының шешімі, тәртіп комиссиясының пікірі жоқ екенін айтып отыр. «Біз неге бір кадрмен ғана балаға жан-жақты баға беріп тастадық? Психикалық ауытқуы, не болмаса, агрессиясы басым шығар, тіпті өзін-өзі ұстай алмайтын болуы мүмкін. Ондай жағдайда қатты айтпай, қолдау көрсетуіміз керек емес пе? Бұған дейін де мектептегі буллинг, кибербуллинг мәселесіне қатысты бірнеше жобамен жұмыс істедік. Сонда байқағаным, мұғалімдер тарапынан балаларға агрессия бар екен. Көп мұғалімдер балаға ұрсып, балағаттауды жөн деп біледі. Көп мұғалімдердің эмоциялық интеллектісі дамымаған», – дейді. Мектепішілік комиссия, ауданаралық комиссия құрылып, мәселенің анық-қанығын тексергені абзал. Содан кейін ғана шешім шығарып, іс қозғалуы тиіс екенін айтып отыр психологтер. «Бұл жаста балалар да қиын кезеңді бастан өткереді. Гормондық, физиологиялық өзгерістер болады. Мұндай эмоцияға берілуі қалыпты нәрсе. Мұғалім полицияға арызданып жатыр. Бұл – абсурд. Егер біз әр балаға айғайлаған мұғалімдердің үстінен арыз жаза беретін болсақ, онда мектепте мұғалім қалмас еді. Керісінше, біз баланы қамқорлығымызға алып, мейірім танытқанымыз жөн. Егер бала «оңбаған», «бұзақы», «тәртіпсіз» болса, онда оған мектептің де кінәсі бар. Бала тоғыз жыл бойы сол мектепте оқып келді ғой», – дейді психолог. «Ең алдымен, мұғалім де өзгеруі керек» деген пікірді алға тартты психолог Серікгүл Сали. Оның айтуынша, ұстаздың өзін-өзі ұстауы, баламен қарым-қатынас жасау формасы, білім беру үрдісі өзгеріссіз қалып отыр. «Осы жерде ақау бар. Ұстаз ескі модельмен қалғандықтан, оқушымен екеуінің қарым-қатынасында өте көп қателіктер кетіп жатыр», – дейді психолог.Бейнежазбаны тарата берудің қажеті жоқ
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова осылай дейді. Депутаттың айтуынша, сабақ беретін пән ұстазы тек сабағын беріп, бағасын қойып, СОР мен СОЧ өткізеді деген ойдан арылу қажет. «Бүгінде баланың тәрбиесіне тек тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары және сынып жетекшісі жауапты деген қате түсінік бар. Ұстаз сабақ барысында да өзінің тәлімімен, мәдениетімен және мінез-құлқымен оқушыға өнеге болуы қажет. Баршамызға белгілі, өтпелі кезеңде отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін кемітіп алдық. Сондықтан баланың тәрбиесіне тек мектеп жауапты деген қасаң түсінік қалыптасты. Ол түсінік әлі күнге дейін бар. Оқушыларымыз бен жасөспірімдердің моральдық, мәдени құндылықтарын және психологиялық ұстанымдарын қалыптастыратын негізгі орта – мектеп, ұстаздар, оқушылар. Сондықтан ұстаздың рөлі тек өз пәнін үйрету емес, сабақтың барысында да, сабақтан тыс уақытта да баланы тәрбиелеу екенін естен шығармау қажет. Мектепте «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» құндылығы баланың өмірлік ұстанымына айналуы қажет қағида. Оны өмірлік принципке айналдыратын – ұстаздар, мектептегі білім беру ортасы. Егер баланың отбасындағы тәрбиесі дұрыс емес деген салғырт педагогикаға жол беретін болсақ, оның арты мемлекетімізді де, мектебімізді де ұшпаққа шығармасы анық», – дейді депутат. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деуі тегін емес. Мектептен оқушы білім ғана алып шықпайды. Ұлттық құндылықтарды, негізгі ұстанымдарды бала санасына мектептегі білім мен тәрбие арқылы сіңіріп өссе, қателіктерге жол бермес еді. Баланың ата-анадан бөлек, уақытының көп мөлшерін өткізетін орны – мектеп. Ұстазы мен қатарлас достары. Бір-біріне өнеге беріп, бір-біріне көмек қолын созып, бір-біріне сүйеніш болса, бала да «жаман әдеттен» арылар еді. «Бүгінгідей интернеттің ақпарат тасқыны күшті заманда, баланың, өкінішке қарай кейде тауы шағылып, көңілі қалып, күйзеліске ұшырайтын ортасы – мектеп. Сондықтан мектепте медиация институтын дамыту керек. Әлсізге әлімжеттік жасайтын, жетімді жәбірлейтін қатігездікке мектептен жол бермеу керек. Ең алдымен, Білім және ғылым министрлігі мектептердегі жүргізілетін тәрбие жұмысының концепциясын жаңадап зерделеп, зерттеулерге сүйене отырып, қолданбалы сипатта болуына ден қойып, жаңа мазмұнда қайта бекітуі қажет. Қолданбалы сипатта дейтініміз – сабақ барысында игерілетін пәндік біліммен қатар, дағдылар, мінез-құлықтың сипаттары да аталған концепцияда көрініс табуы қажет», – дейді Жұлдыз Сүлейменова. Сол себепті бұл мәселенің түйінін оқушыдан да, мұғалімнен де іздеу дұрыс емес. Психолог Ержан Мырзабай айтқандай, әр баланың тағдырына ересектер де жауапты. Қоғамға сауатты, саналы, білімді бала керек пе, әлде «бұзық», «қылмыскер», «оңбаған» бала тәрбиелеп шығарамыз ба? Сондықтан да бізге керегі – медиация институтын қалыптастыру. Сонда ғана мәселенің түйіні тарқатылар еді. Бұл – бір. Екіншіден, мұндай оқиғаларға қатысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып жатады. Тек бір нәрсені ұмытпаған абзал: оқиғаға біржақты қарау арқылы мұғалімге де, оқушыға да, ата-анаға да қиянат жасап жібермейік.Айым БЕКТҰР