Өскеменде Вена консерваториясының студенті Жандос Мұхамедидің концерті өтті
Өскеменде Вена консерваториясының студенті Жандос Мұхамедидің концерті өтті
1,223
оқылды
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы «Ертіс концерт» ұйымының ұйымдастыруымен республикалық және халықаралық байқаулар лауреаттарының қатысуымен облыс әкімі симфониялық оркестрінің арнайы концерті өтті. Көңілді кешке Рихард Вагнер атындағы Вена консерваториясының студенті Жандос Мұхамеди келіп қатысты. Концерт симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Джоаккино Россинидің «Севильский цирюльник» шығармасына арнайы шақырылған дирижер, Рихард Вагнер атындағы Вена консерваториясының студенті, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жандос Мұхамедидің басқаруымен ашылды. Концерттік бағдарламада «Ертіс концерт» солистері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Жанат Бисимбаев, Айжан Мазкенова, Ботагөз Жұмабекова, Абзал Ес, Дарын Бисаринов, Мәдениет қайраткері Альмира Нұрғожина және Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач өнер көрсетті. Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы», Шәмшінің «Ақмаңдайлым» сынды шығармалары орындалған ерекше концерт көптің көңілінен шығып, өнерпаздар жиналған қауымның қошеметіне ие болды. Кеш соңында «Ертіс концерт» ұйымы директорының орынбасары Роллан Қасым өз ойымен бөлісіп, алдағы уақытта осындай концерттерді көптеп өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Оған қоса, биыл облыс әкімінің симфониялық оркестріне 20 жыл. Бұл мерейтойды да лайықты деңгейде тойлап, көптеген іс-шараларды өткізу ойда бар екендігін жеткізді. – Талантты өнерпазды жастарды қолдау керекпіз, біздің концертте өнер көрсеткен жас музыкант Жандос Мұхамедидің Астанадан келіп бірлесіп шығарма орындауы жақсы. Осылай жастар облыс орталығына келіп тұру керек, – дейді көркемдік жетекші және бас дирижер Александр Галсанов.

Томирис Байғабыл