Құқық қорғау органдары жариялауға болатын ақпаратты айтты
Құқық қорғау органдары жариялауға болатын ақпаратты айтты
326
оқылды
Мәжілістің жалпы оты­­рысында депутат­тар­ды, халық пен қоғамды тол­ғандырған аса маңыз­ды проблема – қайғылы қаңтар оқиғасының сал­да­ры мен тергеу проце­сіндегі істердің қарасты­рылуы, зардап шеккен аза­маттар мен құқық қор­ғау органдарының қыз­мет­керлеріне, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бойынша тыңдау өткені мәлім. Жиын қаңтардағы қасі­ретті оқиғалардың астарына үңілуге мүмкіндік берді деген ойдамыз. Депутаттар алдында есеп берген Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, бірінші вице премьер-министр, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, белгілі құқық қорғаушылар мен адвокаттар қаңтар­дағы оқиғалардың астарына үңіліп, бұқара білмейтін бірқатар деректі, тергеу барысында белгілі болған мәліметтерді айтты. Қаңтар басындағы ауқымды террористік актілер еліміздің конституциялық құрылымын бұзып, мем­лекетті басып алуға бағытталған болатын. Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдері мен батыл қадамдарының арқасында ауқымды ша­буылға тойтарыс беріліп, мемлекетіміздің тұтастығы мен халқымыздың бейбіт өмірі сақталып қалды. Құқық қорғау органдары жариялауға болатын ақпаратты жан-жақты айтып өтті. Әрине, тергеу амал­дарының ерекшеліктеріне байланысты кейбір мәлі­меттер тергеу толық аяқталғанда жариялана­ты­нын білеміз. Бізге белгілі болғаны, дүрбелең кезінде 3,5 мыңнан астам құқық қорғау қызметкері мен әс­керилер зардап шеккен, бұл жалпы жарақат­танған адамдардың 80 пайызын құрапты. 1,7 мың нысан мен шағын және орта бизнес субъектілеріне нұқсан келтіріліп, 765 автокөлік өртенген. Келтірілген залал көлемі 100 млрд теңгеден асқан. Президент тергеудің барынша әділ және тиянақты жүргізілуін, жеңіл құқықбұзушылық жасаған аза­маттарды босатуды тапсырған болатын. Қазір 3 770 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Абақтыда азаматтарды азаптау бойынша 301 арыз түсті, олар бойынша 234 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер бойынша арнайы прокурорлар тексеріс жүргізіп жатыр. Жеңіл құқықбұзушылық жасаған азаматтар босатылды. Кәмелет жасына толмаған жастар түрмеге жабылмай, тергеу өзге тәсілмен өтіп жатыр. Бүгінде қалған қылмыскерлерді анықтау бойынша, қолда кеткен 1 215 қару мен 22 мың оқ-дәріні қайтару бойынша кешенді шаралар жалғасуда. Ішкі істер министрі қаруды өз еркімен тапсырған азаматтарға қатысты қылмыстық және әкімшілік шара қолданбайтынын айтып, халыққа үндеу жасады. Тергеудің әділетті жүргізілуін Президент тапсырмасы аясында құрылған ведомствоаралық шұғыл топ қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттары өткір және маңызды сұ­рақ­тарды көтерді. Олардың қатарында қайтыс болған аза­маттардың тізімін ресми жариялау, заңсыз азап­тауға жол бермеу үшін нақты шаралар қолдану, кә­мелетке толмағандарға қатысты тергеуді орынды жүргізу, шетел азаматтарының терроризм мен тәр­тіпсіздікке қатысуы бойынша тергеу істерінің бары­сы, заңсыз қолда кеткен қаруды тәркілеудің тиімді­лігін арттыру, қаза тапқан құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің отбасыларына жан-жақ­ты көмек көрсету, алдағы уақытта осындай қай­ғылы оқиғаларды болдырмау бойынша кешенді шешімдер қабылдау айтылды. Сонымен бірге құқық қорғау органдарын кешенді және шұғыл реформалау, халықпен тығызырақ жұ­мыс істеуді күшейту, ақпараттық вакуумге орын бер­­меу, қазақтілді әлеуметтік желілердегі мони­торингті кеңейту, құқық қорғау органдарының өзара теңдігі мен бірін-бірі теңгеру бойынша принципті күшейту жөнінде орынды пікірлер ортаға тасталды. Алдағы уақытта құқық қорғау органдары қыл­мыстық істерді тергеу барысы, бостандықтағы қыл­мыскерлерді ұстау, қабылданып жатқан шаралар бойынша тағы да келіп есеп беретін болады. Ел қауіпсіздігі, мемлекет ішіндегі тұрақтылық, құ­қық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері үшін аса маңызды.

Бекқали ТОРҒАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты